Ухуд соғысының батыры - Әбу Дужана (оған Алла разы болсын)
Ухуд соғысының батыры - Әбу Дужана (оған Алла разы болсын)
1 ай бұрын 3692
Мүсілім Абдуллаев

Мединелік Ансарлармен бірге Исламды алғаш қабылдағандардың қатарында Әбу Дужана Сәммәк ибн әл-Хазраж да болды. Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) оны мен Утба ибн Ғазуанды (Алла оған разы болсын) бауырластырып, араларында дін бауырлық қатынас орнатты. Сондай-ақ, ол Пайғамбармен бірге (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бадр шайқасына қатысты.

Сахаба Әнәс ибн Мәлик Әбу Дужананың батырлығы жайында былай дейді:

«Ухуд шайқасы болатын күні Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) қолына қылышын алып:« Мұны кім менен алады?» - деп сұрады. Бәрі «мен, мен!» деп қолдарын соза бастады. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) сөзін қайталап: «Ал оны кім менен лайықты түрде алады?» - деп сұрады. Бұл жолы, айналадағылар ойланып қалды. Сол кезде Әбу Дужана (р.а.): «Мен оны лайықты түрде қолыма аламын», - деді де, қолына қылышты алып қарсыдағы мүшрік әскерлерінің бірінен соң бірін жайпады».

Әбу Дужана шайқасқа қатысса, оны алыстан басына таңып алған таңғышынан тануға болатын еді.

Қылышты Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолынан алған Әбу Дужана бұл жолы да таңғышын шығарып, әдеттегідей басына байлады да, жау әскерінің қарсы алдында тәкәппарлана маңғаз басып жүре бастады. Ибн Исхақтың риуаятына қарағанда, Әбу Дужананың сол сәттегі жүрісін көрген Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм):

«Шынында, бұл жүріс - Алла Тағаланың ашуын тудыратын жүріс, бірақ мұндай жерде емес (яғни, мұндай соғыс алаңында олай жүруге рұқсат)», - деген екен. («Сияру аъләму ән-Нүбәлә»)

Шайқас кезінде Абу Дужана өзіне қарсы келгендердің бәрін жер жастандырды. Алдына шыққанның бәрін қырып келіп, таудың етегінде тұрған мүшрік әйелдердің жанына жетеді. Олар таудың етегінде тұрып дағыра қағып, арасындағы бірі өлең оқып тұрған екен. Әбу Дужана шаппақшы болып қылышын көтерді де, алайда райынан қайтып, әйелді өлтірмей тірі қалдырды. Осы жайында кейіннен сұрағандарға ол:

«Мен бұл қылышпен әйел баласын өлтірмей, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қылышына құрмет көрсеттім»,

- деп жауап береді. 

Бір күні Әбу Дужана сырқаттанып қалған кезінде, оның жүзі қуаныштан нұр шашып тұрған еді. Оның халін сұрауға келгендер таңданып: «Неге жүзін нұр шашып тұр?» - деп сұрайды. Сонда Әбу Дужәна:  

«Менің ең берік екі амалым бар, ол екеуінен асқан берік амалым жоқ. Оның бірі – маған қатысы жоқ нәрсені сөз етпеймін. Екіншісі – осы күнге дейін барлық мұсылмандарға жүрегім таза болып келді (ешкімге жамандық ойламадым)» -

- деп, жүзіндегі нұрдың, бәлкім осы екі мінезі себепті туындаған болуы мүмкін екендігін білдіріпті.

Өйткені, өзіне қатысы жоқ нәрсені сөз етуден бас тартуы - бұл Абу Хурайрадан жеткен (Алла оған разы болсын) мына бір хадистегі Пайғамбарымыз айтқан (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұсылманның ең жақсы қасиеттерінің бірі:

«Мүмін-мұсылманның өзіне қатысты емес нәрселерден бас тартуы – мұсылманшылығының көркемдігінен болып саналады». (Имам Тирмизи -2318; Ибн Мажа - 3976).

Шайқастан кейін Әзіреті Әли (р.а.) үйіне барса, Фатима анамыз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бетіндегі қанды жуып жатыр екен. Әзіреті Әли қолындағы қылышты жұбайы Фатимаға созып жатып:

«Қылышты алғын! Мен онымен өте керемет шайқастым», - дейді.

Сонда Алла елшісі (ғалейһиссәләм) Әлиге:

«Бүгін сен керемет соғыстың жарайсың. Бірақ, Сәһл ибн Хәниф, Асим ибн Сәбит, әл-Хәрис ибн әс-Сәммә және Әбу Дужана да сенен кем соғыспады. Олар да керемет соғысты», - деген екен. (әл-Хәким: «Әл-Мүстәдрак». Ибн Аббастан жеткен).

Әбу Дужана «Йәмәмә» шайқасына да қатысқан. Сондай-ақ, Әбу Ханиф бақшасындағы ұрысқа батылдықпен ұмтылғандардың бірі еді. Бұл жағдай өзін пайғамбармын деп жариялаған «Мусайламатуль Кәззәбтың» өлтірілген күні орын алды. «Уахши» (кезінде Әзіреті Хамзаға тұтқиылдан найза лақтырып, шейіт еткен адам, кейін мұсылман болып, істеген ісіне өкінген) Мусайлләмәтуль Кәззәбты найзасымен ұрған заматта, Әбу Дужана да оның қасына жетіп барып, қылышпен шабады. Кейіннен осы жағдайды еске алып отырып Уахши: «Мусайлләмәтуль Кәззәбты екеуміздің қайсысымыз өлтіргенін бір тек Алла Тағала біледі», - деген екен.

Сол күні Әбу Дужананың аяғы сынған еді, бірақ оған қарамастан шейіт болғанға дейін жау әскерімен шайқаса берді. 

Әбу Дужәна 633 жылы (хижраның 12 жылы) Раббысына қауышты. Радиаллаһу анһ! 

 Аударған: islam.kz

0 пікір