Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
«لَا يُغْنِي حَذَرٌ مِنْ قَدَرٍ، وَالدُّعَاءُ يَنْفَعُ مِمَّا نَزَلَ وَمِمَّا لَمْ يَنْزِلْ، وَإِنَّ الْبَلَاءَ لَيَنْزِلُ فَيَلْقَاهُ الدُّعَاءُ فَيَعْتَلِجَانِ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ» .
«Сақтықтың тағдырға пайдасы шамалы (сақтық тағдырды өзгертпейді, жазмыштан озмыш жоқ). Бірақ дұғаның басқа түскен бәлеге де, әлі түспеген бәлеге де пайдасы зор. Шын мәнінде, көктен пәлекет түскенде, оның алдынан дұға шығып қарсы алады. Сөйтіп, екеуі Қиямет күніне дейін бір-бірімен арпалысып өтеді».
Дұға – ең пайдалы, ең шипалы емнің бірі. Ол – пәле-жаланың, басқа түсер бақытсыздықтың қас жауы. Дұға пәлекетті қайтарады, оны емдейді, жерге түсуіне бөгет болады, ал егер түсіп қойған болса, оны көтеріп әкетеді немесе жеңілдетеді. Дұға – мүміннің қаруы.
Хаким өзінің «Сахих» атты хадистер жинағында Әли ибн Әбу Тәліптен (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген:
«Дұға – мүміннің қаруы, діннің тірегі әрі көк пен жердің нұры».
Дұға мен пәлекеттің өзара шайқасы
Дұғаның басқа түскен бәле-жаламен (пәлекетпен) қақтығысуы үш түрлі сипатта болады:
- Біріншісі: Дұға пәлекеттен күштірек болса, ол пәлекетті біржола серпіп, қайтарып тастайды.
- Екінші жағдай: Дұға пәлекеттен әлсіздеу болса, пәлекет басым түсіп, пенденің басына тиеді, әйтсе де пәлекеттің зардабы жеңіл болады, дұға әлсіз болса да, ол пәлекеттің зардабын барынша жеңілдетеді.
- Үшінші жағдай: Дұға мен пәлекеттің күші тең түсетін кез. Мұндай кезде екеуі бір-бірін жібермей, өзара арпалысып тұрады.
Хаким өзінің «Сахих» жинағында Әзіреті Абдулла ибн Омардан (Алла оған разы болсын) келтірген хадисте, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген:
«Дұға – басқа түскен бәлеге де, әлі түспеген бәлеге өте пайдалы. Ендеше, уа, Алланың құлдары, дұға етуді жалғастырыңдар!»
Сондай-ақ, Сәубаннан (Алла оған разы болсын) жеткен басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді:
«Тағдырды тек дұға ғана өзгерте алады, ал өмір жасты тек жақсылық қана ұзартады. Расында, пенде жасаған күнәсінің кесірінен өзіне бұйырған ризық-несібесінен қағылып жатады»1.
1«әд-Дә’ уәд-Дәуә’» кітабынан. (Араб тілінде).