Әлемді дүр сілкіндірген пікірсайыс: Жаратқан Ие бар ма?
Әлемді дүр сілкіндірген пікірсайыс: Жаратқан Ие бар ма?
2 сағат бұрын 134 islam.kz/
Дінмұхаммед ибн Салих

2025 жылдың 20 желтоқсанында Дели қаласында ғылыми-академиялық деңгейде үлкен пікірсайыс өтті. Дүбірлі жүздесу «Жаратқан Ие бар ма?» деген тақырыпта құрметті Мүфти Шәмәил Ахмад ан-Надви (Алла оны өз панасына алсын) мен үндістандық атеист Жавед Ахтардың арасында өрбіді. Бұл тақырыптың таңдалуы тегін емес. Өйткені қазіргі жаңа буын өкілдерінің арасында Жаратушының бар екеніне сенбейтін, ешбір дінді ұстанбайтын және «Құдайға сенудің ешқандай қажеттілігі жоқ» деп ойлайтындар көбейіп келеді. Оның үстіне, бұл топ бұл зәрлі ойды жоққа шығаратындай тұшымды жауап жоқ деп есептейді.

Бұл топтың өзіндік ұстанымдары бар: олардың ойынша, бұл әлем ешбір Жаратушысыз, өздігінен пайда болған. Ал өмірдегі қиындықтар, зұлымдық пен қасірет атаулы «мейірімді әрі бәрін Білуші Құдай» туралы сенімге қайшы келеді-мыс. Олар материяны мәңгілік деп санап, о дүниеге, есеп-қисап пен тозақ азабына сенбейді.

Бұл тартыста қарсылас тараптан шыққан егде жастағы атеист Жавед Ахтардың Үнді түбегінде аты айтарлықтай танымал екенін айта кеткен жөн. Ол – суырыпсалма ақын, тапқыр әрі тапқыр шешен. Сөз саптауымен оқыған жастарды баурап алған, үнді халқы оны ірі өнер қайраткері деп таниды. Жаратқанның бар екенін мүлде жоққа шығаратын бұл тұлға өзінің улы көзқарастары мен қауіпті ойлары арқылы атеистік ағымның өршуіне үлкен із қалдырды. Ол үнді қоғамы үшін адасушылық пен құдайсыздықтың басты тірегіне айналған еді.

Ал бұл пікірсайыс құрметті Мүфтиге үлкен мінберден логикалық және бұлтартпас дәлелдер келтіруге мүмкіндік берді. Ол қарсыласы мен оның жақтастарын Жаратушының бар екендігі хақ әрі бұлжымас шындық екеніне басынан-ақ иландырып, ақиқатты тартымды әрі салмақты стильде жеткізе білді. Мүфти Шәмәил мырза атеизм, жаратылыстану және қазіргі заманғы өзекті идеялық мәселелер төңірегінде көп жылдан бері зерттеумен айналысып келеді. Ол 2017 жылы «Дарул Улум» медресесін тәмамдағаннан бері өзінің білімді ұстазы, мүфти Ясир Надим әл-Уажидидің тәлім-тәрбиесін көріп, бұл бағытты терең меңгерген.

Бұл пікірсайыс цифрлық платформалар арқылы тікелей эфирде таралды. Шейх сөз басында қарсыласына бұл тартыста Құдайдың бар екенін дәлелдеу үшін қасиетті кітаптарға немесе жаратылыстану ғылымдарына емес, тек ақыл мен логикаға сүйенетінін мәлімдеді. Мысалы, ол қарсыласына «шексіз тізбек» (әл-имкан әт-тасалсули), яғни оқиғалар мен заттардың ешбір бастаусыз, шексіз жалғаса беруі мүмкін бе деген логикалық сұрақ қойғанда, Жавед Ахтар жауап таба алмай тосылды. Мүфти болса, оқиғалардың бұлай шексіз тізбектелуі ақылға сыймайтынын, сондықтан бұл жаратылыстардың барлығы уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, мәңгі Тірі, Құдіретті Иеге – Алла Тағалаға барып тірелуі тиіс екенін ақылмен дәлелдеп берді. Бұл уәжден кейін атеист есеңгіреп, үнсіз қалды.

Сөз арасында Жавед Ахтар әлемдегі жамандық пен зұлымдыққа қатысты сұрақ қойып:

«Неліктен дүниеде зұлымдық бар? Неге жамандық жақсылықтан басым түсіп жатады? Егер Құдай бар болса, ол зұлымдыққа жақынырақ сияқты көрінеді», – деді.

Құрметті Мүфти Шәмәил оған былай деп жауап қайтарды:

«Бұл өмір – адам баласы үшін сынақ. Әлем жақсылық пен жамандықтан тұрады, ал таңдау жасау – адамның өз еркінде. Егер ол жақсылықты таңдаса – жақсылық, жамандықты таңдаса – жамандық өрбиді. Адам осы екеуін ажырата білуі тиіс. Егер дүниеде жамандық болмаса, жақсылықтың да қадір-қасиеті білінбес еді. Кез келген нәрсе өзінің қарама-қайшылығымен танылады».

Мүфти сөзін жалғап, жамандық жасаған ешбір жан жазасыз қалмайтынын, Алланың алдында есеп беретінін айтты. Егер бұл әлемде ешбір қиындық пен жамандық болмаса, онда бұл өмірдің сынақ болуы мәнсіз болып қалар еді. Ол атеизмнің өмірді ешбір мәнсіз әрі әділетсіз етіп көрсететінін, ал бұл – мүлдем қисынсыз екенін түсіндірді. Осылайша, Аллаға сену мен атеизмнің түпкі мәні мен негіздерінің арасы жер мен көктей екенін көрсетті.

Бұл ретте Мүфти Шәмәил ан-Надвидің пікірсайыс жүргізу мәдениетін ерекше атап өту керек. Ол бірде-бір рет абдырап, тасырқаған жоқ, атеистке айғайлап, ашуға да бой алдырмады. Керісінше, терең білімімен, бұлтартпас уәждерімен өзіне қаратып, дебатты толық өз бақылауында ұстады. Мұны алдымен оның өз командасы, кейіннен барша көрермен қауым мойындады. Муфтидің алға тартқан сұрақтарға атеист анық әрі тұшымды жауап қайтара алмады. Тіпті, соңында ол Мүфтиден атеизмге қатысты кейбір терминдер мен сөздердің мағынасын түсіндіріп беруін өтініп, өзінің қазіргі жаңа атеистік ағымдардан бейхабар екенін ашық мойындады.

Бір қызығы, бұл атеист кісі – 2020 жылы Үндістан бойынша тұңғыш рет «Секуляризм мен атеизмді қорғағаны үшін» Ричард Докинз (Richard Dawkins) атындағы халықаралық сыйлықты алған тұлға еді. Бұл оңай жетістік емес, өйткені бұл марапат тек бүкіл өмірін осы идеяларды таратуға және оның құндылықтарын ұлықтауға арнаған адамдарға ғана беріледі.

Осылайша пікірсайыс өз мәресіне жетті. Бұл тартысты әлеуметтік желілер арқылы миллиондаған халық зор ықыласпен тамашалады. Оның атағы жер жаһанға тарап, көрермен саны 10 миллионнан асып жығылды. Мүфтидің әлі де болса өрімдей жас екенін ескерсек, бұл үлкен жетістік. Оны алыс-жақыннан келген жұртшылық ыстық ықыласпен қарсы алып, танымал ақпараттық арналар мақтаумен көмкерді. Үндістанның мақтанышы, «Дарул Улум Деобанд» медресесі бұл жеңісті үлкен қуанышпен тойлады, ал оның «Дарул Улум Надватул Улама» орталығына жасаған зияраты ондағы ұстаздарының көңілін шаттыққа бөледі. Ол қос үлкен шаңырақта да мінберге шығып, әсерлі сөз сөйледі. Бұл барша мұсылман қауымы үшін берекелі де шуақты сәт болды!

Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:

«"Ақиқат келді, жалған жойылды. Расында, жалған нәрсе әуелден-ақ жойылуға бейім" – деп айт». (Исра сүресі, 81-аят)

Ақиқат келіп, жүректерге нұр құйылды, ал жалғандық келмеске кетті. Осы оқиғадан кейін кейбір адамдар Ислам дінін қабылдаса, ал мұсылман жастардың білімге деген құштарлығы оянып, ізгі де шынайы ғалымдардың соңынан еруге, имандарын бекемдеуге деген ынтасы артты. Бұл пікірсайысты соңғы уақытта Үндістанда болған ең ықпалды әрі маңызды оқиғалардың бірі деп айтуға толық негіз бар.

Сөзімнің соңында айтарым: бұл сәт бәріміз үшін ойланатын, ғибрат алатын сәт болды. Біз Алла Тағаланың бір құлын қалай жоғарылатып, екіншісін қалай төмендеткенін өз көзімізбен көрдік. Кімде-кім өз амалын адамдардың ризашылығы үшін емес, тек Алланың разылығы үшін ықыласпен жасап, Раббымыздың әмірін орындаса, оның сыйын бұл дүниеде де, о дүниеде де көретіні хақ.

Жаратқан Алладан досымыз, құрметті Мүфти Шәмәил Ахмад ан-Надвидің білімін берекелі етіп, дәрежесін көтеруін, оны бұл дүниенің пәле-жаласынан және ақыреттің азабынан сақтауын тілейміз.

Уа, Алла тағалам! Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына Салауат пен сәлем жолдаймыз.


 alukah.net, араб тілінде. Қазақшалаған islam.kz

 

0 пікір