Көгілдір экранның көлеңкесі (заманауи әңгіме)
Көгілдір экранның көлеңкесі (заманауи әңгіме)
2 сағат бұрын 133 islam.kz/
Абдулла Самға

Асқар үшін таң тренажер залынан немесе тәтті иісті кофеден емес, телефон экранының жарығынан басталатын. Көзін ашпай жатып, саусақтары автоматты түрде әлеуметтік желілерді ақтара жөнеледі. Лүпілдер (лайктар), пікірлер, бөлісулер... Оның виртуалды әлемдегі өмірі өте белсенді еді. Желіде оны мыңдаған адам таниды, жазбаларын оқиды, тамсанады. Ол өзін жалғыз емеспін деп ойлайтын.

Сол күні Асқардың туған күні еді. Телефон таңнан бері тоқтаусыз дірілдеп, құттықтаулардан көз тұнады. Жүздеген «виртуалды достар» смайликтер мен дайын тілектерді қарша боратты. Асқар риза кейіппен бәріне рақмет айтып, үлгергенінше жауап беріп жатты.

Кеш батты. Асқар үйде жалғыз отырды. Сәнді мейрамханадан тамақ алдыртып, үстел үстін әдемілеп сәндеді де, суретке түсіріп, желіге жүктеді. Астына: «Өмір тамаша! Құттықтауларыңызға рақмет!» деп жазып қойды. Небәрі бес минуттың ішінде жүздеген лайк жиналып үлгерді.

Бірақ... экранның арғы жағында, үлкен бөлменің ішінде тас қараңғылық пен құлаққа ұрғандай тыныштық орнап тұрған еді. Үйде Асқардың өзінен және үстелдегі жалғыз тәтті бәліштен бөлек ешкім болмады. Ол телефонды үстелге қойып, бәліштің шетінен тістеді. Дәмі сезілмеді.

Дәл сол сәтте кенеттен үйдің жарығы өшіп қалды. Сонымен бірге интернет те жоғалды. Бөлме іші қап-қара түнекке айналды. Асқар телефонын қолына алып, желіні жаңартпақ болды, бірақ экранда тек «Интернет байланысы жоқ» деген суық жазу ғана тұрды. Ол терезеге қарады — сырттағы бүкіл ауданда жарық өшіп қалған екен.

Алғашқы бес минутта Асқар мазасыздана бастады. Ол үйдің ішінде ары-бері жүріп, телефонының экранына үңілумен болды. Желіге кіріп, өзіне тағы кімдердің жазғанын көргісі келді. Бір сағат өтті. Ешқандай хабарлама жоқ. Екі сағат өтті. Телефон өлі тыныштықта.

Сол сәтте Асқар мына бір қорқынышты шындықты ұқты: оның мыңдаған «досы» бар, бірақ дәл қазір қараңғыда қасында отыратын, шәй ішіп сырласатын бірде-бір тірі жан жоқ еді. Ол желідегі танымал, бақытты Асқар емес, үлкен қаланың бір бұрышында жалғыз қалған дәрменсіз адам болатын. Оның парақшасындағы жылтыр өмір — жай ғана иллюзия еді.

Ол қараңғылықта ұзақ ойланды. Содан соң терезе алдына барып, сыртқа көз салды. Аулада көрші үйдің балалары телефондарын тастап, далаға шығыпты. Олар қараңғыда бір-бірін іздеп, мәре-сәре болып ойнап жүр. Төмендегі орындықта екі қарт қолдарына шам ұстап, емін-еркін әңгімелесіп отыр. Оларға интернеттің жоқтығы еш кедергі емес еді, өйткені олардың арасында шынайы байланыс бар болатын. 

Асқар терең тыныс алды. Тұңғыш рет көкірегіне кірген салқын ауаның өзіндік дәмі барын сезінгендей болды. Ол үстел үстінде жанары сөніп, қап-қара әйнекке айналған телефонды қалдырып, сыртқа беттеді.

Аула іші өзгеше әлемге айналғандай екен. Күнделікті қым-қуыт тіршіліктен, көліктердің гүрілі мен виртуалды әлемнің у-шуынан ада, тып-тыныш. Тек түнгі аспандағы жыпырлаған жұлдыздар ғана бұрынғыдан да жарық, бұрынғыдан да жақын көрінеді. Олар Асқардың телефонындағы жалған «лүпілдерден» әлдеқайда көркем еді.

Төменде, ескі орындықта көрші қарттар отыр екен. Олардың қолдарындағы кішкентай шамның жарығы қараңғы түннің қою пердесін түріп, айналасына жылылық шашады. Екеуі асықпай, өткен-кеткенді айтып, емін-еркін сырласуда. Олардың арасындағы бұл алтын көпірге ешқандай интернеттің де, сымсыз байланыстың да керегі жоқ еді. Олар бір-бірінің жүрек лүпілін, дауыс ырғағын, тіпті үнсіздігін де түсіне алатын шынайы бақытты жандар еді.

Асқар осы көрініске қарап тұрып, өзінің ұзақ уақыт бойы суық экранның тұтқыны болғанын ұғынды. Ол жылтыр суреттер мен жасанды мақтаулардың тасасында қалып қойған өз өмірін сағыныпты. Көңіліндегі жалғыздық сезімі сейіліп, орнын беймәлім бір мазасыз шабыт басты.

Ол қарттарға қарай аяңдады. Қараңғы түнде оның нық басқан қадамдарының дауысы естілді.

— Ассаламуғалейкум, ата... Қастарыңызға отыруға бола ма? — деді Асқар дауысы сәл дірілдеп.

Қарттар жақын келген жас жігітке мейірлене қарап, орын ұсынды. Дәл осы сәтте Асқар өзінің ең үлкен, ең шынайы туған күні басталғанын іштей сезген еді. Енді оның әлемі көгілдір экранның тар шеңберімен емес, мынау шексіз аспанмен, тірі адамдардың жылы жүзімен өлшенетін болады...

islam.kz

 

0 пікір