Әйелдің күйеуіндегі ақысы
Әйелдің күйеуіндегі ақысы
1 ай бұрын 8481

Сахаба Әнәс ибн Мәлик (радияллаһу анһ) былай деп әңгімелейді: 

«Біреу Пайғамбарымыздан (ғалейһиссаләту уә сәлләм):

- Қандай мүмін-мұсылман иман жөнінен ең кәмілі? - деп сұрады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Әйеліне ең әдепті болғаны! – деп жауап берді"[1]. 

("Әйеліне әдепті болу" дегені – оны сыйлау, оған артық сөздер айтпай, оны құрметтеу деген сөз).

Сахаба Абдулла ибн Омардан жеткен басқа бір риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

«Әрбірің – шопансыңдар. Және де әрбірің өз отарларыңа жауаптысыңдар. Адамдардың басына басшы боп келген кісі ол да шопан іспетті. Ол өзінің отарына жауапты. Отағасы бала-шағасына қарайтын шопан. Ол өз отбасына жауапты. Құл – қожайынының мал-дүниесінің шопаны. Ол өз отарына жауапты. Әйел адам – күйеуінің үйінің шопаны. Ол да өзінің отарына жауапты. Ұмытпаңдар! Әрбірің өз алдына бір шопансыңдар және әрбірің өз отарларыңа жауаптысыңдар!».

Хасан Басри (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) мынадай хадис риуаят етеді:

«Әйелдермен үнемі жақсы мәміледе болыңдар! Шынында олар сендердің қастарыңда өздері үшін еш нәрсе иемденбейді. Шынында сендер оларды Аллаға уәде беріп алдыңдар. Оларды өздеріңе Алланың сөзімен адалдап (некелеп) алдыңдар».

Фақиһ Әбу Ләйс әс-Самарқанди айтқан: 

Әйелдің күйеуіндегі ақысы бесеу:

1) Далада қаңғыртпай немесе нәпақа іздетпей, үйінде күйеуіне қызмет етуіне мүмкіндік беру.

2) Дәрет, намаз, ораза сияқты қажетті діни үкімдерді үйрету.

3) Халал аспен қамтамасыз етілу. Егер, адам денесіндегі ет харам аспен қоректенген болса, оны тозақ оты ерітеді.

4) Оған (әйеліне) зұлымдық жасамауы (оны қорламауы). Шынында, әйел – күйеуіне аманат.

5) Егер, күйеуіне наразылық танытып, артық кеткен жерлері болса, күйеуі онысына сабыр сақтап, насихатта болуы.

Риуаттарға қарағанда бір кісі Халифа Әзіреті Омарға өзінің әйелін шағымдану үшін келіпті. Әзіреті Омардың үйіне кірейін деп есігіне жақындағанда халифаның зайыбы Умму Күлсімнің күйеуіне, яғни, Әзіреті Омарға ұрысып жатқан дауысын естіп қалады. Сол мезетте не істерін білмей сасып қалған ол:

«Мен әйелімді шағымданайын деп Халифаға келсем. Оның да мен сияқы басы бәледе екен ғой» - деп, кірмей кері қайтып кетеді. Бірақ, оның келгенін байқаған Әзіреті Омар қайта шақырып алып, не үшін келгенін сұрайды. 

Әлгі адам: «Мен сізге әйелімді шағымданайын деп келгенмін. Бірақ әйеліңіздің Сізге айтқан сөздерін естігеннен кейін, кірмей кері қайттым» - деп жауап берді. Сонда Әзіреті Омар оған былай деген екен:

«Мен оның мендегі ақылары үшін оған кешіріммен қараймын. Біріншіден, ол – мені мен тозақ оты арасындағы бір перде. Менің жүрегім онымен тыныштыққа бөленіп, харамдардан ұзақ тұрамын. Екіншіден, ол – мен барда маған қызмет ететін қызметшім, ал, мен жоқта мал-жайымды қорғайтын қорғаушым. Үшіншіден, ол – кір-қонымды жуып тұратын тазалықшым. Төртіншіден, ол – балаларымның күтушісі. Бесіншіден, ол – нанымды пісіріп, асымды жасап берер аспазым. Міне осындай маған өткен жақсылықтары себепті, оның кейде артық кеткен жерлеріне көз жұма қараймын» - дейді абыз сахаба.

Мұны естіген әлгі адам: «Сіз сияқты адамның өзі әйеліне кешіріммен қарап жатқанда, менің де әйеліме кешіріммен қарамайтындай, маған не көрініпті! Бұдан былай, мен де оған кешіріммен қарайтын боламын» - деп, үйіне оралыпты.

Сахаба Әнәс ибн Мәліктен риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген екен:

«Төрт жерге жұмсалған дүниесінен пенде қиямет күні сұралмайды:

1. Ата-анасына жұмсаған дүниесі;

2. Ауыз ашарына жұмсаған дүниесі;

3. Сәресіге жұмсаған дүниесі;

4. Жанұясына жұмсаған дүниесі».

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай дейді:

«Динарлар төрт түрлі болады (динар – алтын ақша)

1. Алла жолында жұмсалған динар. 

2. Міскіндерге берілген динар. 

3. Құлды азат ету үшін берілген динар. 

4. Әйеліңнің нәпақасына (әйел, бала-шағаңның нәпақасына) жұмсалған динар. 

Осы төртеуінің сауап тұрғысынан ең үлкені – әйеліңнің (әйел, бала-шағаңның) нәпақасына жұмсалған динар» - деген екен Алла елшісі (с.а.у.).

Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди (рахимаһуллаһ).
«Тәнбиһуль ғофилин».
Аударып, дайындаған: islam.kz


[1]Имам Тирмизидің хадис жинағындағы аталмыш хадиске ұқсас бір риуаят келтіріледі, ол риуаятта:  «Мүміндердің арасында иманы ең кәміл болғаны – әдеп жөнінен ең көркем болғаны. Сендердің ең жақсыларың - әйелдеріңе ең жақсы болғандарың!» – делінген. Имам Тирмизи: «Неке» тарауы, №1165 хадис.    

0 пікір