«Аз-аздан болсын, бірақ жалғасымды болсын!» (Хадис тағылымы).
«Аз-аздан болсын, бірақ жалғасымды болсын!» (Хадис тағылымы).
23 сағаттан соң 83 islam.kz/
А. Қасым

Мүміндердің анасы Әзіреті Айшамыздан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген екен:

َحَبُّ الأعمالِ إلى اللهِ أدْومُها و إن قَلَّ
خلاصة حكم المحدث صحيح

«Амалдардың Аллаға ең сүйкімдісі – аз да болса, жалғасымды болғаны» (Имам Мүслім: «Сахих Мүслім»).

Халқымызда «Тама-тама көл болар, тамбай қалса шөл болар» деген аталық сөз бар. Бүгінгі жазбамызға мұрындық болып отырған жоғарыдағы пайғамбарымыздың асыл хадисі — тек құлшылықтың ғана емес, жалпы адам өмірінің дүние мен ақыреттегі табыс формуласы десек артық айтқан болмаспыз.

Көп істе нәтижеге жетудің құпиясы — оның көлемінде емес, жүйелілігі мен тұрақтылығында. Көбінде біз бір істі бастағанда жалындап, өзімізге шамадан тыс жүк артып аламыз. Алайда, ауыр жүктің соқпағына ұрынып қалып, ол істі мүлдем тастап қойып жататынымыз да шындық. Мысалы, күнделікті өмірден мысал берер болсақ, бір күнде төрт-бес пара Құран оқыған адам тез зорығып, кейін айлап кітап бетін ашпай қоюы мүмкін. Дүниелік істерде де солай: спортты немесе тіл үйренуді бір күнде бес сағаттан бастағаннан көрі, күнделікті жарты сағат не бір сақат үзбей айналысқанның нәтижесі әлдеқайда жоғарырек болады.

Сондықтан, құлшылықта да, тіршілікте де, білімде де қадамдардың шағын, бірақ нық болғаны және жалғасымды болғандығы маңызды. Күн сайын таматын бір тамшы судың уақыт өте келе тасты тесетіні сияқты, үзілмей жасалған аз ғана іс те ертеңгі күні сізді үлкен асуларға шығаруы ғажап емес. Ең бастысы — тоқтамау.

Хадистен алынар тағылым:

1.Тұрақтылық – береке бастауы:

Алла Тағала үшін амалдың көптігі емес, оның шын ықыласпен және үзілмей атқарылғаны маңызды екен. Тұрақты жасалған іске әрдайым береке ұялайды.

2.Өз шамаңды білу және зорықпау:

Адам өзіне бірден үлкен жүк артса, тез шаршайды, рухани тұрғыда қажып, басталған істі орта жолдан тастап кетуі мүмкін. Шағын қадамдармен ілгерілеу — адамды тұйыққа тірелуден сақтайды.

3.Жүйелілік әдет қалыптастырады:

Аз болса да, күн сайын үзбей орындалатын амал уақыт өте келе адамның қанына сіңіп, көркем әдетке айналады. Әдетке айналған жақсылықты орындау жанға жеңілдік сыйлайды.

4.Дүниелік істерге де ортақ заңдылық:

Бұл хадис тек құлшылыққа ғана емес, өмірдің барлық саласына (білім алу, спорт, кәсіп, тіл үйрену) қатысты. Күнделікті аз ғана талпыныс уақыт өте келе алып жетістіктерге жеткізеді.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

 

islam.kz

 


 

0 пікір