Күйеуінің әйеліндегі ақысы
Күйеуінің әйеліндегі ақысы
3 жыл бұрын 19168

Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (ғалейһиссәләм) былай деп бұйырады:

«Шынында, әйел адам бес уақыт намазын оқып жүрсе, Рамазан айында ораза ұстап жүрсе, ұятты жерін қорғаса (зина жасамаса) және күйеуіне бағынса, сөзсіз ол пейіштің қалаған есігінен кіреді»[1].  

Қатаданың айтысына қарағанда сахаба Кәъб (р.а.) былай деген:

«Қиямет күні әйелден ең бірінші сұралатын нәрсесі - намазы мен күйеуінің ақысы».

Хасаннан жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деп ескерткен екен:

«Егер, әйел кісі күйеуінің үйінен қашып кетсе, қайта оралып, қолын күйеуінің қолына қойып: «Маған қалағаныңды істе» (яғни, сенің әміріңдемін) демейінше, намазы (немесе дұғасы) қабыл болмайды. Сондай-ақ, әйел кісі намаз оқып, бірақ күйеуі үшін дұға жасамаса, ол үшін дұға жасағанға дейін намазы кері қайтарылады».

Абдулла ибн Омар (р.а.) былай әңгімелейді:

«Бір әйел Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: "Уа, Расулалла! Күйеуінің әйеліндегі ақысы қандай?" – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: "1. Күйеуі (төсекке) шақырғанда ыңыршақта отырса да бас тартпауы (ыңыршақ – түйеге ерттелетін ері). 2. Рамазан айынан басқа күндері оның рұқсатынсыз (нәпіл) ораза ұстамауы. Егер, күйеуінің рұқсаты болмай (нәпіл) ораза ұстайтын болса, сауабы күйеуіне болады, обалы әйелге болады. 3. Сондай-ақ, күйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шықпауы (күйеуінің рұқсатынсыз бір жаққа бармауы). Егер, өз бетімен (бір жаққа) шықса, қайта оралғанша рахым періштелері мен азап беріштелері лағынет айтады», - деп жауап берді".  

Табиғин Қатада былай дейді:

«Бізге жеткен риуаят бойынша, Алла елшісі сол күні Минада оқыған құтбасында мынадай насихат айтқан: «Ей адамдар! Сендердің әйелдеріңде ақыларың бар болғаны сияқты, әйелдеріңнің де сендерде ақылары бар. Сендердің олардағы ақыларың: Төсектеріңді қорғаулары. Сендердің ұнатпайтын әлдекімдерді үйлеріңе алмаулары. Ашық бір арсыздық істемеулері. (Егер, ашық бір арсыздыққа барар болса) жанына батырмай ұруларыңды Алла халал етті. Олардың сендердегі ақылары: Белгілі киім-кешекпен қамтамасыз етілулері және қажетті ішім-жеммен, нәпақамен қамтамасыз етілулері».

Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди (рахимаһуллаһ).
«Тәнбиһуль ғофилин».
Аударып, дайындаған: islam.kz


[1] Әл-Бәззәз риуаят еткен; әл-Ъижлиуәни: «Кәшфуль Хофа»; Имам Табарани, Абдуррахман ибн Хасанадан риуаят еткен. 

0 пікір