«Ауру жүректің» белгілері
«Ауру жүректің» белгілері
19 күн бұрын 1854

Ауру жүректің белгілердің бірі – адамның Алланы тануға, Оны сүюге, Онымен жүздесуге асығуға, Оған бет бұрып, барлық нәпсілік қалаулардан гөрі Алланың разылығын артық көруге дәрменсіз болуы. Мұндай адам өзінің қалау-тілегі мен нәпсісін Алланың әміріне бағынудан жоғары қояды. Алла Тағала бұл жайлы былай деген:

«Өз нәпсісін құдай етіп алғанды көрдің бе? Енді сен ол үшін жауапты болмақпысың?»
(Фурқан сүресі, 43-аят)

Алғашқы буын Сәләф ғалымдардың бірі бұл аят жайлы: «Ол – қалаған нәрсесін ойланбастан орындай салатын адам» – деп түсіндірген екен. Мұндай пенде дүние тіршілігінде тек хайуанша күн кешеді: Раббысын танымайды, Оның әмірі мен тыйымына мойынсұнбайды. Құранда бұл туралы:

«Олар мал сияқты жеп-ішіп, рахатқа бөленеді. Олардың барар жері – тозақ»
(Мұхаммед сүресі, 12-аят)

Адам істеген ісінің жазасын міндетті түрде көреді. Бұл өмірде Алла жақсы көретін тіршілікпен өмір сүрмеген, Жаратқанның мейірі мен ризашылығына лайық амалдар істемеген жан – жансыз тас емес, тірі, бірақ сол тіршілігін Аллаға қарсы келу үшін ғана пайдаланған. Мұндай адамның ақыреттегі өмірі де солай – тыныштық таппайтын, азаптан құтыла алмайтын өмір. Ол соншалықты азапқа түседі, тіпті өлімнің өзін де таба алмайды. Құранда бұл туралы былай делінеді:

«Ол (тозақта қайнар суды) жұта береді, бірақ жұта алмайды. Өлім әр тараптан келіп тұрады, алайда ол өлмейді. Оның артында қатты азап бар»
(Ибраһим сүресі, 17-аят)

Жүрек дертіне шалдыққандардың тағы бір белгісі – күнәнің жарасы оған әсер етпейді. Бұрынғылар айтқандай: «Өлген адамға жара ауыр соқпайды» деп. Сау жүрек – күнәні сезіп, оны ауырсынады, сол ауырсыну тәубеге, Раббысына бет бұруға жетелейді. Құранда:

«Расында, тақуалар шайтан тарапынан бір азғыруға душар болса, (Алланы) еске алады да (ақиқатты) көре бастайды»
(Ағраф сүресі, 201-аят)

Тағы бір аятта былай делінген:

«Ал егер олар арсыз бір іс істеп қойса немесе өз-өздеріне зұлымдық жасаса, олар Алланы еске алады да, күнәлары үшін кешірім сұрайды»
(Әли Имран сүресі, 135-аят)

Яғни, олар Алланың ұлылығын, азабын еске алып, дереу кешірім тілейді. Ал жүрегі науқас адам болса – бір күнә істесе, артынша оны тағы бір күнәмен жалғастырады. Хасан әл-Басри Мутаффифин сүресі, 14-аятына былай деген (аят):

«Жоқ. Әсте! Олардың істеген істерінен жүректерін күнә жауып, қарайтқан» деген аяттың мағынасы: «Ол жүрек көр соқыр болғанға дейін күнәнің үстіне, күнә жалғай береді».

Ал сау жүректің иесі болса, әрбір жаман істен кейін ізгі іс істейді, әрбір күнәдан кейін тәубеге келеді.

Жүрек дертіне шалдыққандардың үшінші белгісі – ақиқатты білмеуі оны мазаламайды. Оның есесіне, сау жүрек – күмән келгенде мазасызданып, ақиқатты білмегеніне күйінеді. Жалған сенімдер мен теріс нанымдар – ол үшін дерт. Білімсіздік – адам үшін ең ауыр қайғы. Жүрегі тірі адам бұған қатты қиналады. Ғұламалардың бірі:

«Күнәнің ең сорақысы – білімсіздік» – десе, Сәһл ибн Абдуллаһқа:
– «Надандықтан өткен жаман нәрсе бар ма?» – деп сұрағанда, ол:
– «Надан екенін білмеу» – деп жауап берген екен. Себебі бұл – ілімге апарар барлық жолды жауып тастайды.

Бір ақын былай деген екен:

Надан адам – тірі жүрген өлік іспеттес,
Олардың тәні
қабірден бұрын қабірде секілдес.
Жан-тәнінен жат рухы жүдеп,
Оларға қайта тірілуге дейін қайта тірілу елес.

Жүрек ауруының төртінші белгісі – пайдалы рухани азықтан бас тартып, зиянды уға ұмтылу. Көп адамдар Құранды тыңдаудан бойын аулақ салады. Ал негізінде Алла Тағала Құранды рухқа шипа деп айтқан болатын. Бұл жайлы былай деген:

«Біз Құраннан мүміндерге шипа мен рақым түсіреміз»
(Исра сүресі, 82-аят).

Бірақ олар Құраннан гөрі жүректе екіжүзділіктің дәнін егетін, нәпсіні қоздыратын, күпірлік пен күнәны шақыратын ән-күйге құмар. Мұндай адам Алла мен Оның елшісі жек көретін нәрсені жақсы көреді. Сондықтан күнәға ұмтылу – жүректің дерті, әрі ол осы дертті тереңдете түседі. Ал жүрегі сау адам керісінше, Алла мен Оның Елшісі жақсы көрген нәрсені жақсы көреді. Құранда:

«Бірақ, Алла сендерге иманды сүйдірді, оны жүректеріңе көркем етті, ал күпірлік, бұзақылық пен күнәдан жирендірді. Міне, солар – тура жолдағылар»
(Хужурат сүресі, 7-аят)

Ал Пайғамбарымыз :

«Аллаға Раббы ретінде, Исламға дін ретінде, Мұхаммедке пайғамбар ретінде разы болған адам – иманның тәттілігін татты деген сөз» – деген
(«Сахих Мүслім»).

Тағы бір хадисте:

«Сендердің ешқайсысың мені өз жанынан, баласынан, отбасынан және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше толық иман келтірген болмайды»
(Бұхар, Мүслім).

Жүрек ауруының тағы бір белгісі – адамның дүниені тұрақты мекен ретінде көруі, оған көңіл байлап, жайлы сезінуі, ақыреттің қамын ойламауы. Ал жүрегі сау жан – бұл дүниеде жат жұртта жүрген жолаушыдай өмір сүреді. Сырттай жұртпен бірге болса да, іштей олардан алыстап, жүрегі ақыретке байланады. Ол – халықтың күйін көріп тұрса да, олар оның жағдайын көрмейді. Пайғамбарымыз :

«Бұл дүниеде жат жердегі жолаушыдай бол» деп өсиет еткен. (Бұхари).

kalemtayeb.com, аударған: islam.kz

 

0 пікір