Кейбіреулер айтып жүргендей тәуелсіздік қазаққа өзінен өзі келе салған жоқ. Осы ұлы мұрат жолында ата-бабамыз қандай тар жол, тайғақ кешулерден өтпеді десеңізші?! «Мың өліп, мың тірілген қазақ» ақыры бодандықтың қамытынан құтылды. Демек, ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы – бұл қазақ мемлекеттігінің, ата-бабамыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін белес.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихымызды зерделеудің маңызы арта түсті. Айта кетейік, соңғы жылдары тарих ғылымына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп, арнайы бағдарламалар қабылданды. Бұдан бес жыл бұрын ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізілгені баршаға белгілі.
Мемлекеттік комиссияның мақсаты – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи деректерді толық қалпына келтіру. Осы комиссияның Түркістан облысындағы жұмыс тобы (белгілі ғалымдар мен өлкетанушылар) мұрағаттық құжаттар негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтауға қажетті деректерді жинақтап, ұсынымдарды қорытуда. Комиссия мүшелері сонымен қатар, оңтүстік өңірінде 1929-1931 жылдары ұжымдастыру саясатына қарсы орын алған көтерілістерді зерделеді. Көтерілістерді басу кезінде сотсыз немесе тергеусіз атылғандар туралы, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты материалдармен танысты.
1927 жылы жаппай ұжымдастыру саясаты қабылданып, бекітілді. Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» заң қабылдады. Осы заңның негізінде байлармен қоса орта шаруаларды, дін адамдарын қудалау мен жазалау кең етек алды. Осындай солақай саясат қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын күрт нашарлатты. Ұжымдастыру салдарынан орын алған ашаршылық халықты қатты ашындырды, оның соңы көтерілістерге әкелді.
1929-1931 жылдар аралығында Қазақстанның барлық өңірінде 380-ге жуық қарулы көтеріліс орын алды. Ең ірі көтерілістердің бірі Сырдария округінде болды. Созақ, Бостандық, Сарысу және Қарнақ көтерілістері көп жылдар бойы әділеттілікті аңсаған азатшыл рухтың оянуы еді. Бұл көтерілістер тарихи құжаттар, архив материалдары, ОГПУ, НКВД, партия, кеңес құжаттары және сол тарихи оқиғаларды көзбен көрген адамдардың әңгімелері негізінде зерделенуі керек. Біздің қазіргі міндетіміз – қолдағы бар құжаттарды ақтарып, оның әрбір парағына тереңірек үңіліп, көтерілісшілердің аты-жөндерін анықтау және олардың іс-әрекеттеріне тиісті баға беру.
Сырдария округіндегі көтерілістердің ең ірісі, ең ауқымдысы – Созақ көтерілісі еді. Оның басталуына негізінен мал-мүліктің заңсыз тәркіленуі, кеңес өкіметі уәкілдерінің зорлық-зомбылық әрекеттері мен бассыздықтары, салықтардың көбеюі себеп болды. Ірі байлармен қатар орта шаруалар да тәркіленуге ілінді. Ортаға өткізілген мал қырыла бастады.
Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінің (ТОҚСТА) 3 қорында және Түркістан облысының мемлекеттік архивінің (ТОМА) 74 қорында Созақ көтерілісіне байланысты бірнеше құжат сақталған. Мәселен, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивіндегі мәліметтерде:
«...Соңғы күндерін өткізіп жатқан капиталистік элементтер кеңес өкіметінің билігіне барынша тегеурінді қарсылық көрсету үшін қолына қару алып, социалистік құрылысқа қастандық жұмыстарын жүргізіп келеді. Олар кеңес өкіметі өкілдері мен ауыл белсенділерін өлтіріп, өрттер ұйымдастырды. Мұндай көріністер округтің Бостандық, Созақ, Сарысу аудандары мен Түркістан ауданының Қарнақ қыстағында орын алған, бай мен ишандар ашық түрде қаруланып, Алашорданың ұранымен кеңес өкіметі билігіне қарсы шыққан. Наразы халық «Алла! Алла! Алла!» деп ұрандатып шығып, ең алдымен Созақ абақтысында жатқандарды босатып алды» деп келтірілген.
«Алла» ұранымен басталған көтеріліс тек ишандардың ұйымдастыруымен орын алған наразылық деп айтылған. Өйткені, кеңес өкіметі дінге қарсы атеизм саясатын ұстанған болатын. «Созақ пен Сарысу көтерілістері – бай-ишандардың қарсылығы» деп бағаланды.
7 ақпан күні 400 көтерілісші аудан орталығын басып алып, ауданның 18 басшы қызметкерін өлтіріп, кеңселерді өртеп, байлардың тізімі мен басқа да құжаттарды жойып, билікті өз қолдарына алғандары туралы жан-жаққа хабар бере бастады. Оларға Бостандық пен Сарысу аудандарындағы көтерілісшілер қосылып, кеңес өкіметіне ұйымдасқан түрде қарсы шықты. Созақ көтерілісінің басшысы 50 жастағы Сұлтанбек Шалақов болды. Ол 1880 жылы дүниеге келген, №7 ауылдың старшинасы болған деп көрсетіледі.
Орталықтан көтерілісті басуға жазалаушы отряд келіп жетеді. (ТОҚСТА 3 қор, 1 тіз., 17 іс) «53 адам коммунар, 1200 данадан 4 жәшік патрон. Шымкенттен күндізгі сағат 12-де шығып, жолда вагон жанып кетіп, жолаушылар пойызына ауысып, Түркістанға кешкі сағат 9-да ғана жетеді. Отряд Түркістанда казармада түнейді. Округтен Мусиннің басшылығымен Созаққа – Ашысайға қарай Түркістаннан 50 коммунар, көмекке таулы жолмен 13 коммунар, Қызылордадан Түркістанға 50 адам 1 пулеметпен аттанады. Ащысай жолында 15 шақырымдай жерде 120 көтерілісші болды. Олардың қарулары: 30 мылтық, көбісі айыр мен орақтармен қаруланды. Балықшы маңайында тауда 4 мыңға жуық көтерілісші болды. 12 адамнан тұратын отряд толығымен шатқалда ұсталып, қырылды».
Мұрағат қорындағы материалдарда «500-600 адам шатқалда, сол жағынан 200 адамдай тағы шығып, қолдарына ақ жалау алып, «Алла, Алла!» деп ұрандатып жабылды. Коммунарлар зеңбіректен 2 рет атып, көтерілісшілерді артқа шегіндірді» делінген. Коммунарлардың қарапайым халыққа қарсы зеңбіректерді пайдалануынан-ақ мұның соңы қанды қырғынға ұласқанын түсінуге болады.Созақ көтерілісіне қатысқан 400-500 адамның, кейбір деректерде екі мыңдай адамның атылғандығы айтылады.
Созақ көтерілісімен қатар Қарнақ, Сарысу, Бостандық жерінде де көтерілістер орын алғанын білеміз. «Бостандық» көтерілісі 1929 жылдың қыркүйек айында басталып, үш күннің ішінде басылды. Көтеріліске 400-ден аса адам қатысты. Мұрағат деректеріне сүйенсек, «Бостандық» көтерілісіне Піскем ауылынан 150 адам қатысқан.
1929-1930 жылдары астық өндіру жоспарының орындалмауына байланысты шаруаларға қатаң жаза қолданылды. Оларға қойылатын талаптар күшейтілді. Жалтарған жағдайда оларды РКФСР ҚК 58-бабы бойынша ату жазасына кесті. Мәселен, архив материалдары көрсеткендей, елді аштық жайлап тұрған кезде тексеру комиссиялары астық қорын байлар мен кулактар жасырып отыр деген желеумен, шынында жоқ астықтың мөлшерін жоғарылатуды талап еткен.
Бостандық көтерілісіне қатысқан 32 адамның РКФСР ҚК 58-бабы (58-2, 58-8, 58-10) бойынша жазалануы туралы деректер бар. Көтерілісті басқаннан кейін жалпы 181 көтерілісші сотталып, 82 адам атылды. Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ қыстағының тұрғындары да кеңес заманында күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде асыра сілтеу саясатына қарсылық білдіріп, билікті өз қолдарына алды. Он бес мыңдай халқы бар бұл қалашық кеңес заманында «шолақ белсенділерге қарсы көтеріліс жасаймыз» деп Атабай ауылы аттанды.
Мұрағат деректері:
«Округ бойынша партия ұйымдарының интернационалдық тәрбиеге дұрыс мән бермеуі салдарынан бірқатар коммунистердің тарапынан өрескел қателіктерге жол берілген. Мысалы, Түркістан әскери отрядының командирі Қарнақ қыстағына кулак бандыларының қарсылығын басуға жібергенде отрядта қазақтар мен өзбектерді алмайтындығын және тек қана орыстармен баратынын ашық айтқан».
Сонымен қатар, «Созақ көтерілісі кезінде шайқаста ұлты орыс 7 коммунар қаза тапқанда «тек орыстар ғана өлді» деп наразылық білдірген. Осындай кереғар көзқарас ұлтшыл деп бағаланатын қазақ коммунарлар тарапынан да орын алған» (ТОҚСТМА 3-қор, 1-тіз., 15 іс.) дейді.
Кеңес билігінің ең қатал шараларының бірі – 1920-1930 жылдар аралығында шаруалар жазалау шараларының негізгі нысанына айналды.
Сырдария округіндегі 1930 жылы орын алған көтерілістерді тәуелсіздік жолындағы шайқастар деуге әбден болады. Кеңес өкіметіне, ұжымдастыруға қарсы ұйымдастырылған көтерілістер еліміздің тарихында аса ауыр, қайғылы саяси қуғын-сүргінге ұласты. 1930 жылы Созақ пен Сарысуда, Бостандық пен Қарнақта өткен қанды қырғын көптеген көзі ашық оқыған азаматтарды жойып жіберді. Сондықтан бүгінгі және ертеңгі ұрпақ ақиқатты білгені жөн.
Ақмарал САНДЫБАЕВА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент.
Дереккөз: okg.kz