Бірде психолог маман «Күйзелісті тізгіндеу» атты басқосуға қолына жартылай су құйылған кесе ұстап кіреді. Жиналған жұрт іштей: «Қазір баяғы мәтелді айтып, “кесенің жартысы толы ма, әлде бос па?” деп пәлсапа соғатын шығар» деп ойлайды. Бірақ маман көпшілік күтпеген мүлде басқарақ сұрақ қояды: — Уа, халайық, қалай ойлайсыздар, мына кесенің салмағы қанша тартады?
Жұртшылық «жүз грамм», «екі жүз грамм» деп әртүрлі болжам жасай бастайды. Сонда маман жымиып, сөзін былай сабақтайды: — Негізінде, бұл кесенің нақты салмағы маңызды емес. Ең маңыздысы — оны қолда қанша уақыт ұстап тұрғаныңыз.
-
Егер мен оны бір-екі минут қана ұстап тұрсам, ештеңе де болмайды, сезбеймін де.
-
Егер бір сағат бойы көтеріп тұрсам, білегім сыздап, қолым тала бастайды.
-
Ал егер оны тапжылмай күнұзаққа ұстап тұрар болсам, қолым ұйып, жансызданып, мүлдем икемге келмей қалады.
Байқадыңыздар ма, барлық жағдайда да кесенің салмағы өзгерген жоқ. Бірақ уақыт ұзарған сайын, оның маған түсірер ауыртпалығы еселеніп арта берді.
Содан кейін маман сөзін тереңнен толғап, былай деп түйіндейді: — Өмірдегі уайым-қайғы мен көңілдегі кірбің де дәл осы кесе сияқты.
-
Егер оны сәл ғана ойлап, қоя салсаң — жанға жара салмайды.
-
Егер іштей ұзақ кеміріп, мазалансаң — жаныңды ауырта бастайды.
-
Ал егер сол уайымды күні-түні басыңнан шығармай, арқалап жүрсең — ол сенің ерік-жігеріңді құм қылып, қауқарсыз қалдырады. Қол-аяғыңды байлап, алға басуға мұрша бермейді.
Есіңде болсын, бауырым: уақытында «кесені шетке қоя біл», яғни уайымды іште сақтамай, бір сәт иығыңнан түсір.
Осы бір ғибратты ойға тереңірек үңіліп көріңізші. Жаратушы Иеміздің құлына берер ең үлкен сыйы — жай ғана өткінші бақыт емес. Өйткені бақыт деген — сәттік сезім, келеді де кетеді. Алла тағаланың құлына нәсіп етер ең ұлы нығметі — көңілдің орнықтылығы мен разылық (қанағат) сезімі.
Сондықтан да Ұлы Жаратушы өзінің ардақты Пайғамбарына (с.а.у.) «Раббың саған береді, сен бақытты боласың» деген жоқ. Қасиетті Құранда Ол оған: «Раббың саған жақында береді, сонда сен разы боласың» деді. («Зұха» сүресі, 5-аят).
Шетелдік ғаламтор рессурстарынан аударылды.