Жанұясына діни тәрбие беру - әрбір отағасының мойнындағы асыл борышы
Жанұясына діни тәрбие беру - әрбір отағасының мойнындағы асыл борышы
4 жыл бұрын 3503

 Жұбайы мен балаларына діни тәрбие беру және оларға дүние-ақыреттегі бақытқа себеп болатындай білім беру – әр ер азаматтың мойнындағы асыл борышы. Олардың бұл міндеттері жайында Құран Кәрімде былай делінеді:

«Ей, иман еткен жандар! Өздеріңді де, отбасыларыңды да отыны адамдар мен тастардан болатын тозақ отынан қорғаңдар»[1].

Әр әке өз отбасы мүшелеріне Құран Кәрім үйретуге маңыз беріп, балапандарына ғибадаттың дәмін таттыруға талпынғаны абзал. Мысалы, оқу жастағы балаларын жаздық курстарға, мектепке және мешіттегі сауат ашу курстарына міндетті түрде жібергені жақсы. Әсіресе, қыз балалар үшін бұл аса маңызды.  Әр ата-ананың өз балаларына бере алатын ең бағалы мирасы – ақырет мирасы. Балаларына Құран үйреткен, Құран мәдениетін сіңдірген ата-аналар қандай бақытты. Хадис шәрифте бұл жөнінде былай айтылған:

 «Кімде-кім Құран Кәрім оқып оқығанымен амал етсе, қиямет күні оның ата-анасына тәж кигізіледі. Ол тәждің нұры – (мысалы) күн жер бетіндегі бір үйге орнатылса, ол беретін жарықтан да жарық, әсем. Олай болса, Құран Кәріммен өзі амал істеген адамның нұры қандай болмақ? Өздерің ойлай беріңдер!»[2].

Бүгінде шет тілін үйрену үшін мың бір еңбек етіп, оқудан оқуға жүгіріп, шығынына да қарамаймыз. Ал, Құран курстары көзден таса қалып, тіпті, ешкім менсінбейтін болды. Бұл жанарымыздың нұрындай алтын балаларымызды құдайдың сөзінен және оның руханиятынан мақрұм ету өте қайғылы жағдай. Негізінде, ең үлкен табыс – өлгеннен кейін рухани өміріміз үшін рухани табыс көзіболатын, артымыздан дұға оқитын қайырлы ұрпақ тәрбиелеп қалдыру.

Балаларымыз Құранның береке мен рухани нәрге толы ауасынан, әсіресе, пайғамбарлардың қиссаларынан, сол қиссалардағы иләһи хабарлардан хабардар болып өсуі керек. Мынау ақырзаман тақаған заманда балаларымыздың қорлықтың шұңқырынан және дінсіздік апатынан өздерін қорғай алуы үшін осындай иман тебіренісін жүректеріне бекіте білуіміз керек. Ол үшін Құран үйретумен қатар Аллаһ Расулының мүбәрак өмірбаянын құлақтарының құрышын қандыра сіңдіруіміз тиіс. Себебі Ол (с.а.у.) - өнеге толы және теңдессіз өмірбаянымен Құранның тірі тәфсірі іспеттес. Пайғамбарымыздың өмірімен біртұтас болу және оның сүннеттерін шынайы түрде орындай алу үшін тіршілігіміз бен ахлағымыз – Оның ізімен айнымай жүріп, оған ұқсауға тырысу болуы керек.

Ата-аналар өз міндеттерін кем орындауының, сондай-ақ балаларына тиісті рухани тәлім мен тәрбие бермеуі нәтижесінде жанарымыздың нұрындай балапандарымыз жамандықтардың апаны болып бара жатқан бұқаралық ақпараттардың баласы болып, материалист пікірмен өсіп жетіледі. Әсіресе, теледидар мен ғаламтордағы жаман бағдарламалармен тәрбиесіздіктің құзына түсіп кеткен балаларымыздың жағдайы тым аянышты. Жүректерге қатты бататын осындай жағдайларға разы болу ата-аналар үшін есебін бере алмас үлкен нәрсе. Ең қарапайым мұсылман балаларға дейін, өкінішке орай, көптеген шетел спортшылар мен атеисттердің өмір хикаяларына дейін жаттап алып, оларды өнеге тұтып, оларға еліктеуге тырысып бағып жатыр. Бірақ, бақыт пен ақиқат жолының жолбасшылары – пайғамбарлардың есімдерін де білмейді, оларды танымайды. Олардың көркем ахлағынан хабарсыз ер жетіп, олар жайындағы Құран хабарларынан ғибрат алуға тырыспайды.

Бұл ащы шындықтың мағынасы - балаларымызды біз емес, бөтен біреулер тәрбиелеп жатыр деген сөз. Яғни, сүйегін ата-анасы өсірсе, оның рухы мен жан-дүниесін бөтен біреулер жетілдіруде. Қиындығын ата-ана көреді, ал пайдасы бөтендерге қалады. Сол бөтендер осы мәдениет пен тәлім тұтқасын қолдарында ұстап тұрғанда, Аллаһ сақтасын, бұл жағдай ертең олардың бізге одан да зорғысын көрсетулеріне апарады. Сол үшін де балаларымызды заманымыздың ең аяусыз мәдениет соғыстары мен тәлім-тәрбие қақтығыстары арасында тәрбиелеу жолында тарих алдындағы сынағымыздан табыспен өтуіміз керек.

Балаларымызды өз абыройымыз бен намысымыз етіп өсіруіміз керек. Рухани жан дүниелерінен бастап киген киімдеріне дейін балаларымыз өз тамыры мен бұтағында бүршік атуы керек. Ислам адамдық қасиеттерге сай келетіндей етіп киіну жайында кейбір қағидалар орнатқан. Солардың бірі – киім дене бітімін сыртқа көрсетіп тұратындай селдір және тар болмауы керек. Расулұллаһ Хазіреті Айшаның сіңілісі Әсманың жұқа киім кигенін көрген кезде жанарын бұрып әкетіп, былай деген:

«Әсма, қарағым! Балиғатқа толғаннан кейін әйелдердің (өзінің жүзі мен қолын көрсетіп) мына жерлерінен басқасы көрінгені дұрыс болмайды»[3].

Бұл бұйрық - әйелдің намысы мен абыройына дақ түсіретін әрекеттердің алдын алу үшін Исламның орнатқан негізгі қағидаларының бірі болып табылады. Бұл әйелдердің өз жаратылыстарына тән ие болған пәктіктері мен ар-намыстарына көлеңке түсірмеу үшін еркегі,  әйелі болып ортақтаса абай болуды қажет ететін мәселелер.

Сонымен қатар, балиғат жасына жетпей тұрып-ақ, ұл балалар мен қыз балалардың бөлмелерін бөлек қылу да балаларымыздың рухани жетілуі әрі адамгершілік қасиеттерінің орнығуы үшін көңіл бөлуді қажет ететін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. 

«Тұғырлы отбасы» кітабынан.



[1] «Тахрим» сүресі, 6 аят.
[2]  Әбу Дәуіт, Уитр, 14.
[3] Әбу Дәуіт, Либәс 31.

0 пікір