Дәжжалға қасқая қарсы тұратын бір мұсылман жайында
Дәжжалға қасқая қарсы тұратын бір мұсылман жайында
2 ай бұрын 7215
Абдусамат Қасым

Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден (радияллаһу анһ) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деп әңгімелеген:

Дәжжал (Тажал) пайда болғанда мүмін-мұсылмандардың бірі ол жүрген тарапқа жол тартады. Дәжжалдың сақшылары оның алдынан шығып:

-Қай жаққа бара жатсың? – деп сұрайды.

-Әлгі шыққан адамға бара жатырмын, - деп жауап береді мұсылман.

-Сен біздің Раббымызға (яғни, Дәжжалға) сенбейсің бе? – дейді сақшылар.

-Біздің Раббымыздың (яғни, Алла Тағаланың) жасырын тұсы жоқ қой, - дейді ол (яғни, Алла Тағаланың қандай екенін, кім екенін, ешқандай кемшілігі жоқ теңдесіз екендігін жақсы білеміз, Оны жақсы танимыз. Ал мына сендердің Құдай санап жүрген Дәжжалдарың болса, жалғаншы).

Сонда сақшылар:

-Өлтіріңдер мынаны, - деп (оны өлтіруге оқтала бергенде) бірсыпырасы: - Раббыларың (яғни, Дәжжал) онсыз ешкімді өлтірмеңдер деп, бұйырған жоқ па еді? (Одан да оны Дәжжалдың өзіне апарайық), - деп, әлгі мұсылманды Дәжжал Мәсіхке апарады.

Мұсылман адам Дәжжалды көрген сәтте:

-Ей, адамдар! Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм кезінде хабар берген Дәжжал деген осы, - деп дауыстайды. Сонда Дәжжал сақшыларына қолымен ишара жасап:

-Ұстаңдар ананы. Ұрыңдар! Басын жарыңдар! - деп әмір береді.  

Сақшылар оны (тепкінің астына алып) арқасынан, ішінен аямай ұрады. Сосын Дәжжал оған қарап:

-Маған иман етесің бе? – деп сұрайды (яғни, менің құдай екенімді мойындайсың ба, дейді).

-Сен Кәззәб Мәсіхсың, - дейді мұсылман.

Сол кезде Дәжжалдың әмірімен оның тура төбе тұсынан бастап, екі аяғының ортасына дейін арамен аралап, екіге бөліп тастайды. Одан соң Дәжжал екіге бөлінген денесінің ортасынан өтеді де, өлі денеге:

-Тұр орныңнан! – деп бұйырады. Екіге айрылған денеге жан бітіп (қалпына келіп) аяққа тұрады. Дәжжал тағы сұрайды одан:

-Маған иман етесің бе?

Сонда мұсылман: 

-Бұл әрекетің менің саған деген ойымды нақтылады (яғни, Дәжжал екендігіңе әбден көзім жетті), - дейді де ол халыққа қарап: «Уа, халайық! Енді мынау менен басқа ешкімді осылай тірілте алмайды», - деп айқайлайды.

Дәжжал оның басын кесу үшін ұстап алады. Бірақ Алла Тағала ол мұсылманның мойнынан бастап бұғанасына дейінгі жерін мыс (медь) қылып, Дәжжалдың оны (малша) бауыздауына жол бермейді. (Басын кесе алмағаннан кейін) Дәжжал оның екі қолы мен екі аяғынан ұстап алып, лақтырып жібереді. Оны көріп тұрған халық тозаққа тастады екен деп ойлайды. Бірақ, ол пейішке тасталған еді (өйткені, Дәжжалдың тозақ дегені, пейіш, ал пейіш дегені тозақ болады)»[1], - дейді Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм. 

P.S.: Көпшілік халық өтірікші Дәжжалдың көрсеткен сиқыры мен ғажайып кереметтеріне алданып, оны құдай санай бастағанда, оған қасқая қарсы тұрып, өтірігін әшкере ететін бұл батыр мұсылманның есімі хадистерде нақты көрсетілмеген. Кей хадисші ғалымдар ол кісінің «Хызыр» (Қыдыр) ғалейһиссәләм болатындығын топшылайды.

 islam.kz


[1] «Сахих Бұхари», «Сахих  Мүслім».

 

0 пікір