Білім алу кезіндегі тақуалық
Білім алу кезіндегі тақуалық
2 жыл бұрын 2378

Осы тақырыпқа қатысты Алла елшісінен (с.ғ.с.) мынадай хадис риуаят етіледі:

«Кімде-кім тәлім алу кезінде тақуалық етпесе, Алла тағала оған мына үш қиыншылықтың бірін жібереді: оны жастық шағында өлтіреді, не болмаса ауылдарға жібереді немесе сұлтандар қызметімен қинайды».

Шәкірт тақуа болса, білімі жемісті, жолы жеңіл және пайдалары орасан көп болмақ.

Толық тақуалыққа тойып тамақтанудан, көп ұйықтаудан және пайдасы жоқ көп сөзден сақтану арқылы жетеді. Сондай-ақ шама келгенше базар тамағын жемеген жөн. Базар тамағы ластық пен қиянатқа жақындау, Алла тағала зікірінен тым алыс және ғапылдыққа тым жақын. Себебі оған кедей-кепшіктің көзі түседі, бірақ сатып алуға шамалары келмейді. Бұдан олар қорланады да, тағамның берекесі кетеді.

Шейх ұлы имам Мұхаммед ибн Фадл (р.а.) тәлім алып жүрген кезінде базар тамағын жемеуші еді. Оның әкесі ауылда тұратын, баласына тамағын жұма күні әзірлеп әкеліп беретін. Бір күні баласының үйінде базар нанын көріп қалып ашуланады да, баласымен сөйлеспей қояды. Баласы кешірім сұрап:

- «Бұл нанды мен сатып алғаным жоқ және оған келісім де бермедім, мұны жолдасым алып келді», – дейді.

Сонда әкесі:

- «Егер мұндай нәрселерге ықтиятты әрі сақ болғаныңда, жолдасыңның ондай әрекетке батылы бармас еді», – деген екен.

Бұрынғы ғұламалар осылай тақуалық танытатын. Сондықтан да оларға білім алуда және оны таратуда Алла тағала тауфиқ берді. Олардың есімдері қиямет күніне дейін ұмытылмайды.

Тақуа фиқһшылардың бірі білім іздеуші шәкіртке «ғайбаттан және мылжыңмен бірге отырудан сақтан» деп насихат айтқан екен. Көп сөйлейтін адам сенің өміріңді ұрлайды, уақытыңды да зая еткізеді.

Сонымен қатар білім іздеуші бұзық, күнәһар әрі жұмыссыз адамдардан аулақ жүріп, ізгілермен жолдас болуы қажет. Өйткені жолдастық кісінің кісілік қалыптасуына міндетті түрде әсер етеді. Шәкірттің құбылаға қарап отыруы, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін бекем ұстануы өте маңызды. Және де жақсы адамдардың дұға-тілегін қадір тұтып, жәбірленушілердің қарғысынан сақ болуы керек.

Баяғыда екі кісі білім іздеп жолға шығады. Бірнеше жылдан кейін қайтар уақыттары жетіп екеуі елге оралады. Бірі мол білім игеріп келеді де, екіншісі түк те үйрене алмайды. Қала фақиһтері бұл екеуінің жайын таразылап, оқу барысындағы жағдайларын, дәріс қайталауларын, отырыстарын сұрастырады. Сонда білім алып келгеннің дәріс қайталаған кезде құбылаға және білім алған қаласына қарап отырғанын біледі. Ал екіншісі жүзін құбыла мен қаладан кері бұрып отырады екен. Сонда ғалымдар мен фиқһшылар «білімді болып келген кісі құбылаға бет бұрып отырғанының берекетімен осы дәрежеге жеткен. Өйткені құбылаға қарап отыру, тек зәрулік жағдай болмаса, сүннет амал. Сонымен қатар мұсылмандар дұғасының берекесімен білімді атанды. Себебі қала ғибадатшыл әрі жақсы адамдарсыз болмайды» дейді. Ал шынтауайтында оған ғибадатшыл кісілердің бірі түнде бата жасаған еді.

Білім алушы әдеп пен сүннетке немқұрайлы қарамауы керек. Өйткені кімде-кім әдепке жеңіл қараса, сүннеттен мақұрым қалады. Ал кімде-кім сүннетке немқұрайлы қараса, парыздан мақұрым қалады. Парызға немқұрайлы қараған адамның ақыреттен мақұрым қалатыны белгілі. Бұл сөзді кейбір ғұламалар пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі деп те айтқан екен.

Намазды көп оқу қажет. Сонымен бірге Алла тағаладан нағыз қорқушы кісінің намазын оқу керек. Бұл білім алуға және оқуға жәрдем етеді.

Бірнеше рет қажылыққа барған, ел ішінде тақуалығымен танылған шейх Нажмаддин Омар ибн Мұхаммед ән-Насафи:

Бұйрықтар мен тыйымдарға бол берік, Намазда да жалқаулыққа берме ерік. Ынталы бол, үлкен ғалым боларсың, Шариғаттан алсаң ілім меңгеріп. Құдайыңнан сақтауды да жадыңды, Құмарланып сұра салып жаныңды.

Жақсылығы оның, сірә, ерекше,
Алла деген сақтаушы ғой нанымды, – деген.

Сондай-ақ:

Тырысыңдар, жалқаулық бір етпеңдер,
Раббысына қайтады ғой көк пен жер.

Ұйықтамаңдар, өйткені бар жақсы адам,
Түнгі өмірі ұйықтамастан өткендер, – деген екен.

Сонымен қатар шәкірт үнемі қолына дәптерін (оқулығын) алып жүруі керек. Кімнің қойынында дәптері болмаса, жүрегіне даналық орнықпайды дейді. Жүрген жерде ғалымдардың аузынан естігенін түртіп алып отыру қажет. 

Бұрхануддин Зарнужи, "Тәлімгер тағылымы".
(Қазақшалаған: Заңқоев Қалижан).

0 пікір