"Егер біреу «Құдай Тағаланың жаратушы екенін және бір екенін неден білдің?» деп сұраса, былай жауап бер..."
"Егер біреу «Құдай Тағаланың жаратушы екенін және бір екенін неден білдің?» деп сұраса, былай жауап бер..."
11 күн бұрын 13740
Ыбырай Алтынсарин

ҚҰДАЙДЫҢ ЖАРАТУШЫ ЕКЕНДІГІ

Егер біреу сұраса: «Құдай Тағаланың жаратушы екенін неден білдің?» деп, – жауап беру керек – екі дәлелмен білдім деп: Біреуі – нақли дәлел, біреуі – ақли дәлел.

Нақли дәлел дегеніміз сол – Құдай Тәбарак уә Тағала Кәләм шәрифте бұйырды:  «Уә халақа күллә шаййин», яғни, «әр нәрсені Құдай жаратты» деп.

Ақли дәлел дегеніміз сол – ешбір шек жоқ дүниедегі бар нәрселердің бәріне де бір бар етуші керектігіне. Ол жаратушы ешбіреудің жәрдеміне мұқтаж болмаса керек. Егер жаратушылық жаралуына һәм жаратуына екінші біреудің жәрдемі керек болса, әрине, оны қадир (құдіретті) бас жаратушы деп айтуға болмайды.

Мәселен, адамның дүниеге келмегіне ата-анадан тумақ керек, ал ата-анасының дүниеге келмегіне бұлардың өздерінің және ата-анадан тумақтығы керек. Бұл сипатпен бас жаратушы болмақ мүмкін бе?

Не болмаса адам топырақтан кірпіштей, табақтай нәрселер істесе, мұны түп жаратушы кім екендігін тергеп кісі сұраса керек: «топырақты кім жаратты» деп, «Топырақ жерден алынды», десе, «жерді кім жаратты» демек керек болар. Әлбетте, жерді, көкті, отты, желді, суды біреудің жәрдеміне мұқтаж жандықтардың еш бірі жаратуы мүмкін еместігі әркімнің көзіне көрініп тұр. Бұлай болса, бұл дүниедегі зат, мақлұқтардың бәрін де ең әуелі барлыққа келтіруге ешкімнің жәрдеміне мұқтаж емес бір иенің барлығында еш шек-шүбә жок болса керек.

ҚҰДАЙДЫҢ БІРЛІГІ

Егер біреу сұраса: «Құдай тағаланың бірлігіне не дәлелің бар?» деп, жауап бермек керек: бұған да екі түрлі дәлеліміз бар, бірі – нақли, бірі – ақли.

Нақли дегеніміз сол – Құдай тағала Кәләм шәрифте бұйырды:

لَوْ كَانَ فِيهِمَا آلِهَةٌ إِلَّا اللَّهُ لَفَسَدَتَا ۚ

«Ләу кәна фиһима әлиһатүн илләллаһа ләфәсәдәтә»[1] яғни «жерде, көкте Алладан басқа тағы алла болса жер, көк бұзылар еді» деген.

Ақли дегеніміз сол – жерде, көкте екі құдай болса бірі біріне қарсы келуі мүмкін болар еді. Бірі жер, көктің болуын тілесе, бірі, бәлки, болмағанын тілер еді. Бұлай болғанда не екеуінің де тілегені орнына келер еді, не біреуінің тілегені орнына келер еді. Бұл сипаттың екеуі де жаратушы болмаққа лайық емес. Екеуінің тілегені бірдей орнына келсе, жаратылған дүниелері бұзылмай тұру үшін бірі бірімен тату тұруы керек болады. Мұндай біреудің татушылығына – жәрдеміне мұқтаж болмақ Құдайға лайық емес.

Болмаса, біреуінің дегені болып, біреуінің дегені болмай қалса, болмай қалғанының ісі әлсіздікке келсе керек. Жаратушыға әлсіздік игі бастан лайық емес.

"Мұсылманшылықтың тұтқасы".


[1] Құран Кәрім: «Әнбия» сүресі, 22 аят.

0 пікір