Абай облысында оқушы пластикалық қалдықтардан экоасфальт жасады
Абай облысында оқушы пластикалық қалдықтардан экоасфальт жасады
1 сағат бұрын 31 inbusiness.kz 24.kz baq.kz Гүлайым Аманқос, Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный, Мақпал ОРЫНБЕК

Абай облысында №10 қазақ гимназиясының оныншы сынып оқушысы қайта өңделген пластикті қосып, жол жабындысының технологиясын жасады. Бұл технология жолдардың ұзақ уақыт қызмет етуіне және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, Аягөздің тумасы Аружан Кабдулмаратовa тұрмыстық пластикті пайдаланып жол жабындысын жасауға арналған инновациялық әдісті жасады. Бұл жобамен 7-сыныптан бері айналысып келе жатқан ол пластик қалдықтарды қайта өңдеу технологиясын жасап, оны асфальтқа қосты.

Мамандардың бағалауынаша, бұл әдіспен салынған жолдар орташа есеппен 12-18 жыл қызмет етеді, ал сапалы жасалған жағдайда жолдың қызмет ету мерзімі 20-25 жылға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар экоасфальт дәстүрлі материалдарға қарағанда тиімдірек.

Жоба жол сапасын бақылауды автоматтандыруды қарастырады. Екінші кезеңде Аружан автономды роботтар жүйесін енгізуді жоспарлап отыр: бір робот жабындыдағы ақауларды анықтайды, ал екінші робот оларды жылдам түзетеді. Бұл жөндеу уақытын қысқартуға және шығындарды азайтады.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, жобаның негізгі мақсаты – пластик қалдықтарын тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаны қорғау және жол құрылысы саласына инновациялық шешімдерді енгізу. Осылайша, “Эко асфальт” жобасы арқылы жас өнертапқыш туған өлкесінің экологиясын сақтауға нақты үлес қосып отыр.

Ақмолалық оқушылар орман өртін ерте анықтайтын құрылғы ойлап тапты

Жас өнертапқыштардың тың жобасы тілсіз жаудың ауқымы мен таралуын да анықтай алады, деп хабарлады 24.kz 

Басты артықшылығы – жеңіл, әрі жедел жұмыс істейді. Балалардың бірегей жобасы республикалық байқауда үздік шықты. 

Жаңа құрылғының авторлары Көкшетаудағы зияткерлік мектепте білім алады. Оқушылар бірегей жобасында жасанды интеллектінің элементтерін кеңінен пайдаланған.

Ескендір Ерікұлы, оқушы: - Бұл модуль орманда ілініп тұрады. Өрттің алғашқы белгілері шыққан кезде құрылғы арқылы орталыққа жедел ақпарат келеді. Бастапқыда ақпаратты мобильді желілер арқылы жеткізетіндей істегеміз келген. Бірақ, кейбір орман алқаптарында байланыс болмайтынын ескеріп, осындай антенналар арқылы радиожелімен жіберетіндей жасадық. 

Әзірге оқушылар құрылғының қарапайым түрін құрастырған. Кейін оны жетілдіруді көздейді. Осы уақытқа дейін тың жобаларымен түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Тіпті, «Таза Қазақстан» экологиялық шарасында Мемлекет басшысы да бірегей жобаға ерекше қызығушылық танытқан.

Арнұр Ілиясов, оқушы:  - Мен осы жобаны Мемлекет басшысының алдында таныстырдым. Ол кісі жоғары бағасын берді. Ендігі жоспарымыз - жасанды интеллектінің басқа да мүмкіндіктерін тереңірек пайдаланып, құрылғымызды одан әрі дамыту. Осы арқылы біз тек өрттің алдын алып қоймай, экологиялық ортаны жақсартқымыз келеді. 

Қазір оқушылар жұмыстарына авторлық патент алды. Енді тез арада қолданысқа енгізуді көздейді.

Ерсайын Қойшыбаев, ТЖД ресми өкілі: - Балалардың жасаған құрылғыларын көріп, таныстық. Әрине, жетілдіріп, іске қосса бұл бізге көмек болар еді. Қазір өртті ерте анықтайтын осыған ұқсас құрылғылар үш ауданда жұмыс істеп отыр. Оның көмегімен құтқарушылар тілсіз жауды дер кезінде анықтап, оқшаулауға мүмкіндік алды.

Жалпы өңірде жыл басынан бері 35 дала өрті тіркелді. Қызыл жалын 48 гектар алқапты шарпыған. Қазір аймақта орман алқаптарын бақылап, қадағалау жұмыстары күшейтілді.  

Оқушылар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған платформа ойлап тапты

Ақтаулық оқушылар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған цифрлық платформа ойлап тапты. Жасанды зерде негізінде жұмыс істейтін жүйе бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындардағы жағдайды талдап, адамдардың бет-жүзіндегі эмоциялық өзгерістерді анықтай алады. Тіпті, адамның ашу немесе күйзеліс белгілерін байқай алады. Сонымен қатар, жүйе топтасып төбелесу, бұзақылық секілді әрекеттерді анықтап, мекенжай мен дәлелдерді уәкілетті органдарға жедел жолдайды.

«Ақылды платформаны адам көп жүретін нысандарда қолданған жөн. Алмағайып бұзақылық жасалса, жүйе дереу күзетшіге белгі береді» дейді жоба авторлары. Оқушылардың ендігі мұраты - ақылды жүйені қала көшелерінде қолданысқа енгізу.

Қазбек Қалиев, зертхана меңгерушісі: - Зауытта болсын, өндірістік орындарда болсын оны орната беруге болады. Себебі бұл дайын жасақталған бағдарлама. Камерадан келеңсіз немесе түсініксіз жағдайларды алдын ала анықтап, хабарлама беріп отырады.

Астаналық оқушылар жүрек ауруын ерте анықтайтын AI жүйе ойлап тапты

Астанадағы мектеп оқушылары медицина мен цифрлық технологияны ұштастырған тың жобаны ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алатын Қалиақбар Баймұқан, Қуаныш Абулхайр, Бекжан Бақыт, сондай-ақ Ұлттық бизнес және инжиниринг мектебінің оқушысы Бердали Жунисхан мен BINOM SCHOOL оқушысы Аркат Хасанов бірігіп, жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған BOL (EchoNext) атты интеллектуалды жүйе әзірледі.

Бұл жүйе дерттің клиникалық белгілері әлі байқалмай тұрған кезеңнің өзінде қауіп-қатерді анықтауға мүмкіндік береді. Жоба жасанды интеллект мүмкіндіктерін кардиологиядағы заманауи тәсілдермен ұштастыру арқылы жүзеге асқан.

Әзірлеменің негізінде бірнеше нейрожелілік модель қатар жұмыс істейді. Swin Transformer ЭКГ сигналдарындағы жалпы үрдістерді саралайды, EfficientNet жүрек соғысының тісшелері мен интервалдарының пішінін дәл айқындайды. Ал ConvNeXt пен DenseNet модельдері талдаудың нақтылығын күшейтіп, нәтижені тұрақтандырады. Осындай көпқабатты талдау жүйесінің арқасында диагностиканың дәлдігі 98 пайызға дейін жеткен.

Жобаның ең маңызды тұсы – оның қолжетімділігі. BOL (EchoNext) қарапайым ЭКГ құрылғысының мүмкіндігін кеңейтіп, оны ерте диагностика жасайтын тиімді құралға айналдырады. Бұл әсіресе кардиологтар жетіспейтін немесе күрделі медициналық техника жоқ ауылдық аймақтар үшін аса маңызды.

Жүйе инфаркт, аритмия секілді жүрек ауруларының жасырын тәуекелдерін алдын ала анықтауға көмектеседі. Соның нәтижесінде дерттің алдын алып, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік туады.

Жоба авторларының сөзінше, басты мақсат – жоғары дәлдіктегі медициналық диагностиканы баршаға қолжетімді ету. Олардың пайымынша, технология тек емдеу құралы ғана емес, аурудың алдын алуға қызмет етуі тиіс. Жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды, керісінше оның сенімді көмекшісіне айналуы керек.

Айта кетерлігі, бұл әзірлеме авторлық құқықпен қорғалған. Яғни жоба зияткерлік меншік ретінде рәсімделіп, оның бірегей ғылыми-техникалық өнім екені ресми түрде бекітілген.

Қазірдің өзінде BOL (EchoNext) медициналық және технологиялық ортада қызығушылық тудырып, мамандардың назарын өзіне аударып үлгерді.

Мақпал ОРЫНБЕК

0 пікір
Мұрағат