Түркиядағы пакет киген қайыршы миллионер боп шықты!
Түркиядағы пакет киген қайыршы миллионер боп шықты!
10 жыл бұрын 8593

Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде «Пакет ата» есімді мүсәпір жарыса жазылуда. Кония қаласының көшелерін тоздырып, қайыршылықпен айналысқан атаға «Пакет ата» есімі киімінің орнына пакеттерді құрап кигені үшін берілген екен. 75 жастағы «Пакет ата» өткен сенбі күні қаза тапты. Автобус қағып кеткен екен. Үстіне киген қаншама пакеттің арасынан тек бір тілім нан ғана шыққан.

Ең қызығы, полиция қызметкерлері бұл қайыршының кім екенін зерттеу барысында оның миллионер біреу болып шыққанын анықтаған. Мехмет Келеш есімді «Пакет атаның» екі банктен ашқан есепшотынан 1 миллион 100 мың лира ақшасы шыққан. Біздің теңгемен есептесек, 89 миллион 540 теңге. Сөйтсе, банктегілердің айтуынша, «Пакет ата» анда-санда бір кәстөм-шалбарын киіп банкке келіп ақша салып тұрады екен. Қаншама жылдар бойы тіленшіліктен осыншама ақша жинаған шал осылайша жұртты қайран қалдырды.  

Мехмет Келеш Чорум қаласында екі рет үйленіпті. Алайда, екі әйелінен де баласы болмағандықтан, олардан ажырасып, көшеде қайыр сұрап кеткен. Бастапқыда Анкара, Ыстамбұл, Измир қалаларының көшелерінде жүреді. Бұл қалалардан кейін Кония қаласына келеді. Бұл қалада 34 жыл бойы көшеде өмір сүреді.

«Пакет атаның» дүниеден озғаннан кейін туысқандары да табыла бастаған. «Пакет ата» жайында хабарлардан естіген Чорум қаласының тұрғыны, 57 жастағы Хатижа Ерда өзін Мехмет Келештің жиені екенін айтып, 55 жастағы сіңілісі Севим Арслан екеуі «Пакет атаның» мәйітін алуға Конияға келеді. Нағашын осыдан 34 жыл бұрын ғана көргенін айтқан Хатижа Ерда: «Нағашым әскерден келген соң психикалық ауруға ұшыраған еді. Екі рет үйленіп, ажырасқан. 1972 жылы Ыстамбұлға менің жаныма келді. Қасымда біршама уақыт қана тұрып, Конияға кетті. Содан бастап оны еш көрген емеспін», ­­– дейді. Хатижа оның банк есепшотындағы ақшадан еш хабары болмағанын, тек Конияға келе жатқанда сіңілісінен ғана білгенін айтып отыр. Сіңілісі де хабарлардан естіген. «Бізді  оның ақшасы еш қызықтырмайды. Біз тек сүйегін алып, ауылымызда жатқан әкесі мен анасының қасына жерлемекпіз», – дейді ол.

Міне, «Пакет ата» дүниеден осылайша мәшһүр болып озғанымен, қаншама жылдар бойы тіленшілікпен тірнектеп жинаған миллионын өзімен бірге алып кете алмады.

1 пікір
Мұрағат