KAZINFORM — Егер топта немесе сыныпта ұжымдық иммунитет болмаса, екпе алмаған балалардың мектептер мен балабақшаларға баруына тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов айтты.
Құрылтайда тілшілер ведомство өкілінен аурудың таралуы қарқын алған жағдайда, екпе алмаған балалардың мектептер мен балабақшаларға баруын уақытша шектеу жөнінде шешім қабылдау мүмкіндігі туралы сұрады.
— Қазіргі уақытта тиісті бұйрық бар. Әсіресе, бұл жағдай қызылшаға қатысты. Егер ұжымдық иммунитет қалыптаспаған болса, мектепке дейінгі мекемелерге немесе мектептерге баруға тыйым салынады. Мысалы, егер топтағы немесе сыныптағы балалардың басым бөлігі екпе алған болса және екпе алмаған бір баланың болуы сол топтың ұжымдық иммунитетіне қауіп төндірмесе, онда ол балаға оқу орнына баруға рұқсат етіледі. Дегенмен әр жағдай жеке қарастырылуға тиіс. Сыныптағы немесе топтағы балалардың көпшілігі екпе алмаса, онда мектепке дейінгі мекемелерге немесе мектептерге баруға тыйым салынады, — деді Манас Рамазанов.
Еске салсақ, қызылшаның әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2026 жылғы 19 ақпандағы № 3 «Қазақстан Республикасындағы қызылша бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды.
Руслан Ғаббасов
Бұдан былай сабақтан себепсіз қалатын оқушылар полицияның бақылауында болады
Жаңартылған қағидалар 2026 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енеді.
Қазақстанда 21 қарашадан бастап балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Енді 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар туралы мәліметтер бірыңғай базаға жинақталады. Ал сабақтан жүйелі түрде себепсіз қалатын оқушылар жөніндегі ақпарат полициямен келісіліп, ай сайын жаңартылып отырады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жергілікті білім басқармалары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды бірыңғай есепке алады. Деректер Ұлттық білім беру базасы негізінде қалыптастырылады. Оған баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні мен тұрғылықты мекенжайы енгізіледі.
Бірыңғай базаға балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж студенттері, біліммен қамтылмаған және денсаулығына байланысты оқуға жатпайтын балалар туралы мәліметтер кіреді. Сондай-ақ сабақтан дәлелді себепсіз жүйелі түрде қалатын оқушылар да есепке алынады.
Сабаққа тұрақты түрде қатыспайтын балалар туралы мәліметтер ай сайын ішкі істер органдарымен келісіледі. Ақпарат Ұлттық білім беру базасына әр айдың 10-на дейін енгізілуі керек.
Буллинг туралы хабарлама бір жұмыс күнінде тіркеледі
Жаңа өзгерістер мектептегі әлімжеттіктің алдын алу тәртібіне де қатысты. Енді білім саласындағы жергілікті атқарушы органға буллинг туралы ақпарат түскеннен кейін оны бір жұмыс күні ішінде тіркеу міндеттеледі.
Мектептер буллингке қатысқан балаларға психологиялық қолдау көрсетуі керек. Ол үшін жәбірленген баланы әлеуметтік оңалту және әлімжеттік жасаған баланы әлеуметтік бейімдеу бойынша жеке жұмыс жоспары әзірленеді.
Егер мектепішілік есепке қойылған баланың мінез-құлқында алты ай ішінде оң өзгеріс болмаса, тиісті материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі.
Жыл басынан бері 355 буллинг дерегі анықталған
ҚР ІІМ Ювеналды полициясының мәліметінше, жыл басынан бері елде буллингке қатысты 355 дерек анықталған. Осы фактілер бойынша ата-аналар жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылыққа жол берген мектеп қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерулер жүргізіледі.