Биологтер склероздың дамуын тездететін факторды анықтады
Биологтер склероздың дамуын тездететін факторды анықтады
4 жыл бұрын 3544 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

«Склероз» деген медициналық терминді естімеген адам кемде-кем. Оның қандай ауру екенін білмесе де бұл термин санасында жатталып қалған. Кейде склерозды ұмытшақтықпен байланыстырып жатады. Бұл да склероздың қандай ауру екенін білмеуден туған үстірт пайым. Әлбетте, ұмытшақтық – склероздың бір симптомы ретінде қарастырылады. Десе де аталған аурудың табиғаты бұл тар ұғымнан әлдеқайда ауқымды екенін айта кету керек. «Шашыраңқы склероз» дертіне қатысты тың жаңалыққа тікелей қатысы бар жалпылама мағлұматты осы материалдың соңғы жағынан оқи жатарсыздар. Әзірге шашыраңқы склерозға қатысты ғалымдардың мынадай елеулі жетістігін сөз етпекпіз – шашыраңқы склероздың шапшаң дамуына ATG7 генінің белсенділігінің төмендеуі себеп болатыны белгілі болды. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі аталмыш тақырыпта биолог ғалымдардың мақаласы жарияланған Science Immunology ғылыми мерзіміді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осынау зерттеуге атсалысқан авторлардың бірі, Швециядағы Каролин институтының доценті Майя Ягодичтің айтуынша, ATG7 гені жүйке жүйесінің көмекші жасушаларын нейрондардың зақымдалған мембраналарын жоюға итермелейді. Осылай деген ол шашыраңқы склероз дертіне шалдыққан науқасты емдеген соң оның жағдайы шамамен 10-20 жылдан соң нашарлайтынын, әзірге оларға тек бір дәрінің көмегі тиетінін жеткізді. Бұған қоса, аталған дерт симптомының күшеюіне түрткі болатын биологиялық процестен ғылымның әлі хабарсыз екенін тілге тиек етті. Майя Ягодич әріптестерімен бірге бұл бағытта тышқанға арнайы тәжірибе жүргізіп көрген екен. Нәтижесінде аурудың дамуы мен қарқынына ATG7 генінің белсенділік деңгейі әсер ететінін анықтаған. Аталмыш ген аутофагиямен (стресс алғанда немесе азық жетіспегенде зақымдалған ақуыздар мен жасушалардың өзге компоненттерін қармап, өңдеу процесімен) байланысты. ATG7 генінің белсенділігі төмендегенде тышқанның созылмалы қабынуы күшейген, ал бұл өз кезегінде склероз симптомының өршуіне апарып соқтырған. Ғалымдар соңында бұл тығырықтан трегалоз (саңырауқұлақ пен балдыр жасушаларының құрамында кездесетін қант заты) көмегімен шығуға болады деп тұжырым жасаған екен. Трегалозды пайдалана отырып емдегеннен кейін бірнеше аптадан соң кеміргіштердің бойынан шашыраңқы склероздың симптомдары жоғалған. Осы орайда шашыраңқы склероздың жүйке жүйесінің аутоиммундық аурулар (аутоиммундық аурулар - соңында тіндердің зақымдалуы мен қабынуына әкеп соқтыратын, организм өз тіндеріне қарсы антител қалыптастыратын ауру) санатына жататынын айта кеткіміз келеді. Асқынып кетсе, адамды сал қылып немесе соқыр қылып тастауы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген дерегіне қарағанда, әлемде шашыраңқы склероздан шамамен 2,3 млн адам зардап шегеді. Бүгінде бұл аурудан толық айықтырып, емдеп жазатын дәрі жоқ. Төменде шашыраңқы склероз туралы жалпылама мағлұмат берілген.

https://lenta.ru/news/2020/10/18/skleroz/?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com

Уикипедия электронды анықтамадан:

Склероз (көне грекше: sklerosіs — қатаю ) — адамжануарлар органдары мен тіндерінің дәнекер тінге айналып қатаюы.

Органдар склерозға шалдыққанда оның паренхимасындағы орган тіршілігіне өте қажетті элементтер өледі де, олардың орнын қатайған, құрамында амилоидгиалин заттары мол дәнекер тін басады. Органдарда пайда болған дәнекер тіндер бара-бара бүріседі, органдардың қалыпты пішінін өзгертеді.

medkenes.kz ақпарат көзінен:

Шашыраңқы склероз – мидың және жұлынның жүйке талшықтарының миелінді қабығының зақымдауынан болатын созылмалы аутоиммунды ауру. Бұл ауру жас ағзаларды зақымдайды. Бұл аурумен ауыратын науқастар жиі кездессе де, белгілі бір континетте ғана көптеп кездеседі. Яғни, аурудың таралуы әркелкі.  АҚШ-та, Канадада, Европа елдерінде осы аурумен  ауыратын науқастар ең көп тіркелген. Африка және Азия елдерінде ең сирек кездесетін ауру саналады. Ең жиі ауруға ұшырайтындар – европалық нәсілдер саналады. Ауру 16-40 жас аралығында өршиді. Ерлерге қарағанда әйелдер жиі ауырады.

Себептері:

Ауруды тудырушы сыртқы факторларға мыналар жатады:

  • Науқастың белігілі бір климаттық белдікте тұруы
  • Вирустар мен бактериялардың әсері
  • Стресс
  • Жанармай, ауыр металлдармен, органикалық еріткіштермен улану
  • Тамақтанудағы ерекшеліктер: мал майының көптігі, өсімдік өнімінің аз болуы
  • Мидың жарақаты
  • Наркозбен жасалған оталар

Симптомдары

  • Көз қозғалтқыштығының бұзылуы
  • Бет жүйкесінің невриті
  • Бастың айналуы
  • Пирамидалы бұзылулар (саусақ ұштарының кесілуі, сіңір рефлекстерінің күшеюі, патологиялық рефлекстердің пайда болуы)
  • Жүру кезіндегі шайқалу, атаксия, қозғалыс кезіндегі дірілдеу, горизонталды нистагм, сөйлеудің бұзылуы, жазудың бұзылуы
  • Сезімталдықтың бұзылуы (терінің ұюы, шаншуы)
  • Жамбас мүшелерінің бұзылуы (дефекация, несеп ұстай алмаушылық)
  • Невротикалық бұзылыстар (тез шаршау, эмоциялық құбылмалық, депрессиялық күй, эйфория, апатия, интеллектуалдың бұзылуы)
  • Эпилепсиялық талмалар

Жанама симптом:

Медицинада жоғарғы сипмтомдардан бөлек жанама «ыстық ванна» сипмтомды қарастырылады. Ванна қабылдағанда дененің ыстыққа сезімталдығының артуы. Бұл жүйке талшықтарының бұзылуынан болады.

Сонымен қатар, «тұрақсыз клиникалық симптомдар»  синдромы бар. Бұл жоғарыдағы сиптомдар бір айдан кейін, тіпті бір тәуліктен кейінгі өзгеруі айтады.

«Клиникалық диссоциация» синдромы, бұл  неврологиялық тексерулер мен сипмтомдардың сәйкес келмеуі. Мысалы, шашыраңқы склерозда көздің көруі төмендейді немесе тіпті соқырлық пайда болады, алайда, көзді тексергенде көздің түбі таза, қалыпты келеді.

0 пікір
Мұрағат