|
Әкенің бала көтерту алдындағы стресі ұрпағының бойына әсер етеді
|
Колорадо университетінің ғалымдары шәует құрамынан let-7f-5p молекуласын тапты. Ол стресс кезінде өседі және алғашқы сағаттардан бастап ұрықтың дамуына әсер етеді. Осындай әсерден кейін сүйектер ұзарып, дене салмағы ұлғайды. Бұл жайында islam.kz порталы University of Colorado Anschutz баспасөз релизіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. Трейси Бейл есімді азамат бастаған топ әкесінің жүктілікке дейін бастан кешірген стрестің ұрпағына қалай әсер ететінін зерттеді. Сперматозоидтар тек ДНК-ны ғана алып жүрмейді. Оларда өмірлік тәжірибеден қалыптасқан молекулалық сигналдар жүзеді. Осындай сигналдардың бірі - let-7f-5p микроРНК. Ұзақ уақытқа созылған ширығудың әсерінен оның шәуеттегі шоғырлану деңгейі артады. Аталмыш молекуланың әсерін тексеру үшін ғалымдар let-7f-5p қосымша дозасын ұрықтандырылған тышқан жұмыртқаларына салып, одан шыққан балаларын бақылады. Мұндай қоспаны алған еркектер әдеттегіден үлкейген. Олар қоректен таршылық көрмесе же сүйектері ұзарған. Молекула эмбрион дамуының ең алғашқы кезеңдеріне араласып, басқа өсу бағдарламасын берді. Осы тараптағы зерттеуге атсалысқан Нилл Эпперсон бұл бағыттағы зерттеу деректерінің алдыңғы зерттеулер нәтижесімен сәйкес келетінін атап өтті. Бұған дейін олар стрестің шәуеттегі молекулаларды өзгертетінін және мидың дамуына, ұрпақтың мінез-құлқы мен метаболизміне (зат алмасу процесіне) әсер ететінін көрсетті. Енді тізімге тағы параметрлер - дене мен сүйек өлшемі қосылды. Болашақ әкенің қандай жағдайда стресс алатынын мысалдармен көрсетті: өздігінен жүріп-тұра алмайтын, яғни, төсек тартқан ауыр науқасты туысқанын күту, қарбалас пен қаурыт тірлікке толы жұмыс, жоқшылықтан көз ашпай, т.б.. Осының бәрі let-7f-5p деңгейін көтеріп, болашақ баланың өсу параметрлерін елеусіз жылжыта алады. Оның айтуынша, денсаулық тек гендер деңгейінде ғана маңызды емес. Қиын кездерде қанық ұйқы, құнарлы ас, моралды және материалды қолдау көру секілді факторлар анағұрлым салауатты биологиялық фон құруға көмектеседі. Болашақ ұрпаққа әке мен шешенің бойындағы генетикалық мутация ғана емес, cонымен қатар, молекулалардың да ықпал ететіні алғаш рет дәлелденіп отыр.