|
Мекемелер жұмысқа қабылдамау себебін түсіндіруге міндеттеледі
|
Қазақстанда Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді: жұмыс берушілер қызметкерлердің жеке өмірін құрметтеуге және жұмысқа қабылдаудан бас тарту себептерін түсіндіруге міндеттеледі.
Жаңа нормалар жұмысқа қабылдау, еңбек жағдайлары, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және жұмыс берушілердің міндеттеріне қатысты. Негізгі жаңалықтардың бірі – қызметкердің жеке өміріне қол сұқпаушылық құқығы, сондай-ақ жұмыс орнындағы ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау құқығының Еңбек кодексінде бекітілуі.
Енді жұмыс берушінің қызметкерге құрметпен қарау міндеті заң жүзінде ресми түрде бекітілді. Сонымен қатар, еңбек жағдайлары өзгерген жағдайда жаңа талаптар енгізілді.
Жұмыс берушілер қызметкерлерді еңбек жағдайларындағы кез келген өзгерістер туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті болады. Бұдан бөлек, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар, кәмелетке толмағандар және үш жасқа дейінгі баласы бар ата-аналар жұмысқа қабылдаудан бас тарту себептерін жазбаша түрде түсіндіруді талап ете алады.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер қызметкерлердің медициналық скринингтен өтуіне жағдай жасауға міндетті болады.
Егер қызметкерге тексеруден өту мүмкіндігі берілмесе, компания заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ заң еңбек қауіпсіздігі саласындағы қосымша талаптарды енгізеді.
Енді компаниялар жабдықтардың, өндірістік нысандардың және еңбек құралдарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті болады.
Түзетулер материалдық жауапты қызметкерлерді жұмыстан босату тәртібін, сондай-ақ еңбек қатынастары тоқтатылған кезде құжаттар мен мүлікті тапсыру рәсімін де нақтылайды.
Жекелеген өзгерістер мемлекеттік еңбек инспекторларына да қатысты. Олар үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша біліктілікті тұрақты түрде арттыру міндеті енгізіледі.
Жаңа нормалардың басым бөлігі 2026 жылғы 4 тамыздан бастап күшіне енеді. Ал медициналық скринингке қатысты ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыла бастайды.