Орақ тәрізді жасушалы анемияны бір минутта анықтаудың тәсілі табылды
Орақ тәрізді жасушалы анемияны бір минутта анықтаудың тәсілі табылды
4 жыл бұрын 6175 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар орақ тәрізді жасушалы анемия секілді қан ауруының диагнозын қоюдың тың тәсілін ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі шетелдік ғылыми, мерзімді басылымдарға сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш диагностикалық тәсілдің артықшылығы аз уақыт алатындығында жатыр, сонымен қатар, мейлінше сезімтал әрі дәл. Орақ тәрізді жасушалы анемияны және онымен байланысты ауруларды анықтау ұзақ уақытты алып келген еді осы уақытқа дейін. Осы жолғы тәсіл тек 1 минут ішінде анықтауға мүмкіндік беріп қоймай, әдеттегі әдістерге қарағанда 34 есеге дейін сезімтал. Осы орайда оқырманға түсінікті болуы үшін аталған аурудың қандай дерт екенін айта кетуді жөн көріп отырмыз: орақ тәрізді жасушалы анемия – тірі тіндерге оттегіні жеткізетін ақуыздың, яғни, гемоглобин пішінінің өзгеруімен байланысты пайда болатын ауру түрі. Гемоглобині осылай өзгерген жасуша жаңа туған жарты айға немесе ораққа ұқсайды. Аталмыш ауру тұқым қуалайтын, бірден білінбесе де біртіндеп науқастың халін нашарлататын, тіпті, ғұмыр жасының қысқаруына түрткі болатын дерттердің бірі. Сол себепті, бұл ауруды ерте бастан анықтап, емдеудің маңызы зор. Бұрын аталған ауруды анықтау үшін ақуыздың түрлі жағдайдағы тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік беретін  «жылулық ығысуды талдау» (TSAs) деп аталатын әдісті қолданып келген болатын. Алайда, мұндай диагностика бір тәуліктей уақыт кететін еді. Ғалымдар бұл тәсілді жетілдіре келе оның талдау жылдамдығын әрі сезімталдық деңгейін арттыра білді. Осыған орай ендігі жерде аталмыш ауруды анықтау үшін бар-жоғы бір минут уақыт кетеді. Бұл бағытта арнайы ізденген ғалымдар гемоглобиннің үлгісін жылытуды қарастыратын ультрадыбыс толқынын пайдаланды. Содан соң арнайы қондырғының көмегімен градусқа қарай температуралық ортада қанша ақуыздың ерігенін ұдайы өлшеумен болды. Бұған қоса, адамның бойында аталған аурудың бар-жоғын анықтау үшін ғалымдарға смартфондағы секілді тек электр қуатының көзі, микроскоп және шағын камера жеткілікті болды. Бұл тәсіл ақуыздың еруіне негізделгендіктен оны тікелей қадалаудың қажеті болмайды – анализді арзандататын тұсы сонда: арнайы бояғышты пайдалану қажеттілігі болмайды.

0 пікір
Мұрағат