|
GPS дәуірі аяқталып келеді: Еуропа өз нұсқасын әзірледі
|
Еуропалық одақ геопозициялау саласында өзінің технологиялық егемендігін нығайту әрі еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша батыл қадамдар жасауда. Уақыт озған сайын қатері артып келе жатқан жаһандық тұрақсыздық пен шетелдік жүйелерге тәуелділікті жою мақсатынжа Еуропа бұл саладағы өз инфрақұрылымын барынша дамытуға ден қойды - Еуропаның ғарыш агенттігінің бірегей жобасы уақыт өте келе әдеттегі GPS-ге толыққанды балама болмақ. Бұл жайында islam.kz порталы Сursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Galileo – еуропалық навигацияның іргетасы
Қазіргі таңда Galileo жүйесі Еуроаймақтағы негізгі жоба саналады. Бұл жүйе орташа орбиталарда жұмыс істейтін ауқымды, азаматтық спутниктік желіден тұрады. Бүгінгі таңда ол жаһандық навигациялық экожүйенің ажырамас бөлігіне айналған: бүкіл әлем бойынша миллиардтаған смартфондар мен навигациялық құрылғылар америкалық GPS-пен қатар оның сигналдарын автоматты түрде пайдаланады. Алайда, Еуропа бар жүйелерді тек толықтырып қана қоймай, толығымен тәуелсіз және тұрақты инфрақұрылым құруға ұмтылып отыр.
Celeste - дәлдік пен қорғаудың жаңа деңгейі
Еуропалық навигация эволюциясының маңызды кезеңі Celeste бағдарламасының іске қосылуымен байланысты. Классикалық жүйелерден айырмашылығы - бұл жоба спутниктерді жердің төмен орбитасында пайдалануға мүмкіндік береді.
Жаңа архитектураның артықшылықтары:
• Кедергілерге төзімділік: төмен орбиталық спутниктер сигналды мейлінше қуатты етеді. Ал бұл жайт өз кезегінде электрлі тосқауылдармен сигналды құмықтыру және координаттарды ауыстыру әрекеттерінен (спуфинг) қорғау үшін өте маңызды. Өйткені, геосаяси ахуал шиеленіскен бүгінгі таңда мұндай технологияның маңызы арта береді.
• Байланыс сапасы: қалалық жердің тығыз ортасына, ғимараттар ішінде және солтүстік ендіктер сияқты күрделі географиялық өңірлерде бағытыңды айқындайтын навигация сапасы жақсарады.
• Синергия: Celeste Galileo-ны алмастырмайды, есесіне азаматтық жүйенің мүмкіндіктерін толықтыра отырып, онымен бірге жұмыс істейді.