Ядролық қаруға ие болу Иранға қаншалықты тиімді
Ядролық қаруға ие болу Иранға қаншалықты тиімді
4 жыл бұрын 2773 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Иран жаппай қырып-жоятын қаруға ұмтылып отыр ма? Алдымен осы сауалдың басын ашып алу керек. Иран билігі ядролық қаруды ең алдымен өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, содан кейін барып аймақтағы ықпалын арттыратын фактор ретінде қарастырады деген сарапшылардың пікірі қаншалықты шындыққа жақын? Десе де кейінгі кезде 2015 жылы қабылданған Иран ядролық бағдарламасы бойынша «алтылықпен» (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) арадағы Бірлескен іс-қимыл жоспарынан АҚШ-тың шығуына байланысты әрі соңғы уақыттағы Иран мен АҚШ текетіресінің жаңа деңгейге көтерілуіне орай сарапшылардың пікірі өзгеріп сала берді. Осы орайда Иран ядролық қаруға ие болса, бұл жағдай аймақтағы жаппай қарулану процесіне жол ашады. Тек Иран емес, Иранмен қырғи қабақ Саудия да, Түркия да, т.б. жаппай қырып-жоятын қаруға ұмтылады. Тіпті, Саудия және Түркия билігі де ядролық амбициясын жасырмайды. Бұл төңіректе, естеріңізде болса, осыдан үш ай бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарық көрген «Түркия ядролық қаруға ие бола ма?» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/turkiya-yadrolyq-qaruga-ie-bola-ma-12504/#gsc.tab=0) материалымызда шетжағалап айтып өткенбіз. Бұл арада мынаны айта кеткен жөн: Иранның әскери доктринасы мен аталған елдің ядролық саясаты бүгінгі күннің қатерін барынша ескерген шииттік режимнің сақталуына кепілдік береді деп есептейді. Иран билігі. Бұдан бөлек, Иран аймақтық держава атануы үшін ядролық бағдарламасына байланысты геосаяттағы негізгі бағыттары былайша айқындалады:

-          Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

-          Аймақтағы ядролық монополист Израилдің арынын басып, тежеп ұстайтын факторды қалыптастыру;

-          Таяу Шығыстағы күштер балансын өзгерту;

-          Шииттік қауымдастыққа шиғаларды біріктіру;

-          АҚШ-тың Таяу Шығыстағы мүддесінің жүзеге асуына тосқауыл қою.

Егер Иран жаппай қырып-жоятын қаруға ие болса, аймақтағы ахуал түбегейлі өзгермек. Бұл ахуал Иранның пайдасына емес, Иранның мүддесіне қарсы қалыптасатын стратегиялық ахуал болмақ. Женевадағы қауіпсіздік саясаты орталығының сарапшысы Марк Финоның пікірі осындай. Иран ядролық қаруға ие болған жағдайда Ресей де, Қытай да аталған елден теріс айналмаса да қолдау көрсетуі неғайбыл. Бұған қоса, Парсы еліне салынған санкция заңды сипат алып, Иран әлемнен мүлдем оқшауланады. Ең бастысы, АҚШ, Израил және Саудия тарапынан төнетін әскери опреация қатері артады. Сол себепті, Иран да, алтылық та 2015 жылғы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келісімді сақтауға барынша мүдделілік танытуы тиіс. Ал Дэвид Дауд есімді сарапшының The National Interest мерзімді басылымына берген сұхбатында Иран тек ядролық қаруға ие болғанда ғана АҚШ пен Израилді тежеп ұстай алады. АҚШ-тың орталық барлау басқармасы Иранның бетке ұстар генералын қастандықпен өлтіруге батылы барып, басына алды. Иранның ядролық қаруы жоғын пайдаланып. Сондай-ақ, ол Иран америкалықтар нұқсан келтірген аймақтағы беделін тек ядролық қаруға ие болу арқылы ғана қалпына келтіре алатынын жеткізді. Сонда ғана өзінің ықпалынан сырт айналғандарды ықтырып ұстай алады. Өйткені, ядролық бағдарламасы үшін жаудың нысанасына айналып отыр. Иран не ядролық бағдарламасынан толық бас тартуы керек, не ядролық арсеналға ие болуы тиіс, деп есептейді Дэвид Дауд.

Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Парсы елін тежеп ұстаудың үш нұсқасы қарастырылады:

Біріншісі – бүгінде Иранға қарсы қолданылып отырған қатаң шектеу шаралары, яғни, экономикалық санкция арқылы аталған ел билігін ядролық бағдарламасынан бас тартуға мәжбүрлеу. Бұл қатаң шектеу шарасы Иранды алған бетінен қайтара алмауы мүмкін. Оның жарқын мысалы ретінде Солтүстік Кореяны алуға болады – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің аталған елдің ядролық амбициясына тыйым салуды қарастыратын қарары мен түрлі санкцияларына қарамастан өзінің жаппай қырып-жоятын қаруын құрастырып алды. Ол ол ма, әлемнен оқшауланған Батысқа сенімсіздігі күшейген Иран өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қайткен күнде де ядролық бағдарламасынан бас тартпауы мүмкін.

Екіншісі – Иранды ядролық қаруды сынау кезеңіне жеткізбеу, алайда, зарядты сынауына жол беру. Яғни, ядролық амбициясын бейбіт мақсатта жүзеге асыруына мүмкіндік беру.

Үшіншісі – ең жағымсыз сценаридің жүзеге асу ықтималдылығы: Иранның ядролық бағдарламасының толық орындалуына, ядролық сынақ жүргізуіне кедергі келтірмеу. Мұндай жағдайда әлем қауымдастығы қарап қалмайды – тек экономикалық шектеу шараларымен шектеліп қалмай, әскери интервенцияға (басқыншылыққа) баруы мүмкін. Бұл онсыз да тұрақсыздық жайлаған, тынышы қашқан Таяу Шығысты қанға бөктіруі мүмкін.

Төртіншісі – абсолютті ядролық нөлдік «деңгейі». Яғни, Иранның ядролық амбициясының ешқандай деңгейіне жол бермеу. Тіпті, ядролық бағдарламаны бейбіт мақсатта да жүзеге асыруына жол бермеу. Яғни, мейлі медициналық мақсатта болсын, өндірістік салада болсын, ядролық әлеуетін жүзеге асыруына кедергі келтіру. Десе де бұл мүмкін емес (принцип тұрғысынан мүмкін болғанымен тәжірибеде мүмкін емес), өйткені, Израилдің ядролық бағдарламасының жүзеге асып келе жатқанына, міне табаны күректей 40 жылдан асты: Израил Таяу Шығыстағы жалғыз мемлекет ядролқ қаруға ие - ядролық монополистке айналған ел. Мұндай теңсіздік бар да, Иранның ядролық бағдарламасынан бас тартпайтыны белгілі.

Жаһандану процесінің күшеюіне байланысты аймақтық проблемалар ғаламдық проблемаға айналып, күллі әлемнің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін бүгінгі таңда геосаяси ұғым ғаламдық проблемаларды да қамтитын болады. Егер Иран ядролық қаруға ие болса, әлбетте, саналы түрде атом соғысын тұтатпайды, дегенмен, Изриалмен арадағы дағдарыс бақылаудан шығып кетер болса, мұның арты ядролық соққы беруге ұласуы мүмкін. Екі ел тарапынан да.

Ұқсас жаңалықты қарай отырыңыз:

«Риторикалық сауал: АҚШ ядролық бағдарламасы үшін Иранға қысым көрсетеді де ядролық қаруға ие Пәкістанға келгенде неге «жұмған аузын ашпайды»? (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/ritorikalyq-saual-aqsh-yadrolyq-bagdarlamasy-ushin-iranga-qysym-korsetedi-de-yadrolyq-qaruga-ie-pakistanga-kelgende-nege-jumgan--12502#gsc.tab=0) 

0 пікір
Мұрағат