«Болашақта бір әскери жасақ Қағбаға қарай жорыққа шығады, алайда...»: Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) болашақтан хабар беруі
«Болашақта бір әскери жасақ Қағбаға қарай жорыққа шығады, алайда...»: Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) болашақтан хабар беруі
1 жыл бұрын 7325

«Сахих Бұхари» және «Сахих Мүслім» атты беделді хадис жинақтарында келтірілген бір риуаятта, Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай әңгімелейді:

«Пайғамбар (с.а.у.):

يَغْزُو جَيْشٌ الكَعْبَةَ، فإذا كانُوا ببَيْداءَ مِنَ الأرْضِ، يُخْسَفُ بأَوَّلِهِمْ وآخِرِهِمْ

- (Келешекте) бір әскери жасақ Қағбаға қарай жорыққа шығады. Қашан бір шөл далаға келгендерінде әскердің бас-аяғы (яғни, бәрі) түгел жерге жұтылады (жер опырылып түгел жер түбіне кетеді)! - деді.

Сонда мен:

قالَتْ: قُلتُ: يا رَسولَ اللَّهِ، كيفَ يُخْسَفُ بأَوَّلِهِمْ وآخِرِهِمْ وفيهم أسْواقُهُمْ ومَن ليسَ منهمْ؟

- Уа, Расулалла! Қалай бас-аяғы (бәрі) түгел жерге жұтылады? Олардың арасында әскерге еш қатысы жоқ сауда-саттық үшін шыққандар (т.б. жай адамдар) да бар емес пе (оларды да жұта ма)? – дедім.

Пайғамбар (с.а.у.):

قالَ: يُخْسَفُ بأَوَّلِهِمْ وآخِرِهِمْ، ثُمَّ يُبْعَثُونَ علَى نِيَّاتِهِمْ.

- Иә. Бас-аяғы (бәрі түгел) жұтылады. Кейін (қиямет қайымда) барлығы ниеттеріне қарай тіріледі (яғни, әрқайсысы ниетіне қарай әрі көздеген мақсат-мұратына қарай есепке тартылады)" - деді» - деп, әңгімесін аяқтайды. (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №2118; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», №2884).


Аталмыш хадисте Алла елшісі (с.а.у.) ақырзаман таяған уақытта үлкен бір әскери жасақтың Мекке Мүкәррамадағы қасиетті Қағба тасты талқандау мақсатында жорыққа шығатындығынан хабар беруде. Аталмыш жасақ Мекке мен Медине қалаларының арасындағы шөл далаға жеткендерінде, жер опырылып бәрі түгел жер түбіне кетеді. Хадистің арабшасында «Бәйдә деген жерге келгендерінде...» делінген. Бұл сөзге «шөл дала» деп түсініктеме бергендер бар немесе Меккеге жақынырақ, Мекке мен Медине арасында орналасқан «Бәйдә» деген жердің атауы деп түсіндірме бергендер де бар. Қалай болғанда да, Меккеге келе жатқан жолда жер жарылып, әскерилер де, әскери емес жай жолшыбай қосылған кінәсіз адамдар да – бәрін түгел жер жұтады.

Хадистің Имам Мүслімдегі нұсқасында «...ешкім қалмайды, бір тек қаңғыбас біреу ғана аман қалады, ол жасақтың басына келген жағдайды өзгелерге айтып жеткізеді» деген жері бар. Демек, бүкіл жасақ жер түбіне кетіп, тек қана үйсіз-күйсіз жүрген бір қаңғыбас бейбақ қана аман қалады екен да,  кейін ол, Қағбаны бұзуға келе жатқан әскерге не болғанын елге айтып, әңгімелеп береді екен. 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сөзін тыңдап отырған жары Айша анамыз түсінбей: «Жер қалай бәрін түгел жалмайды? Оның арасында саудагерлер де бар емес пе, пиғылы жамандармен бірге олардың да Алланың қаһарына ұшырағаны қалай?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі сөзін түсіндіріп: ол кезде мейлі әскерге қатысы болсын, мейлі қатысы болмасын, сол жасақтың ішінде жүргендердің бәрін түгел жер жалмайды, бірақ қиямет күні әрқайсысы ниетіне қарай әрі көздеген мақсат-мұратына қарай есепке тартылады. Кінәсіздар құтылады, кінәлілер тұтылады дейді.

Бұл оқиға ақырзаманның жақындағандығының белгілерінің бірі болмақ. Негізінде тарихта Мекке қаласындағы қасиетті Қағба тасқа бірнеше рет шабуыл жасалып, бірнеше рет талқандалуға шақ қалған кездер болған. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.у.) туған жылы Абраха есімді Эфиопиялық христиан патша бастаған қалың әскер, арабтар қасиет тұтқан Қағба тасты бұзу мақсатында Меккеге жорық жасаған еді. Алайда Құдай Тағала «Әбәбил» құстарын жіберіп, алпауыт жасақты жермен-жексен етеді, осылай Мекке қаласын аман алып қалады. Бұл жыл тарихта «Піл жылы» деген атпен қалады. Осы оқиғаға қатысты арнайы Құранда "Фил" сүресі бар. 

Бұдан басқа, Қағба Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бақиға аттанғаннан кейінгі жылдары да бірнеше рет шабуылға ұшыраған болатын. Мысалы, һижри жыл санауы бойынша 72 жылы, Әмәуилердің әскербасшыларының бірі Залым Хажжаж Мекке қаласын қоршап, Қағба тасқа қарай сақпанмен (катапульта) тас жаудырған тұғын.

Және хижри 317 жылы (миләди 929 ж) Қарматилер (القرامطة) тарапынан да шабуылға ұшыраған еді. Ол кезде қазіргі Сауд Арабиясының бір аумағында жеке бір мемлекет құрып алған Қарматилер, хижри 317 жылы Қағба тасты тауап етуші мұсылмандарды қылыштан өткізіп, Қағбадағы қара тасты алып кетеді. Содан жиырма жыл өткеннен кейін барып қана, қара тасты қайта орнына әкеліп қояды.

Осылайша, қасиетті мекенді Жаратушы иеміз түрлі жауыздардан қорғап, оны өз панасына алып келді. Бірақ қиямет қайым анық туар шақта Меккедегі Қағба тас біреулер тарапынан талқандалып, сол күйінше қайта қалпына келтірілмейтін болады. Ол жайында, Құдай қаласа, кейінгі жазбаларымызда...

Абдусамат Қасым

0 пікір