Құдай Тағала кімді жақсы көреді?
Құдай Тағала кімді жақсы көреді?
2 сағат бұрын 122 islam.kz/

Шейх Әли Тантауи былай деп толғаныпты:

«Бірде мені: “Алла Тағала мені шынымен жақсы көре ме екен?” деген ой мазалады. Салтанаты шексіз Ұлы Жаратушы Өзінің Қасиетті Кітабында пендесін Сүйікті құлына айналдыратын амалдар мен себептерді анық баяндағаны есіме түсті. Содан, көкейдегі сауалыма жауап іздеп, Алланың Кәләмін парақтай бастадым.

Кітапты ашып қалғанымда, алдымнан: «Алла тақуаларды жақсы көреді» деген аят шықты. Бірақ өз-өзімді тақуалардың қатарына қосуға батылым бармады, жүрексіндім.

Одан әрі парақтап едім: «Алла сабырлыларды жақсы көреді» деген аятқа кезіктім. Сол сәтте бойымнан сабырдың аздығы, төзімімнің таяздығы қылтиып көрінді.

Көп ұзамай: «Алла жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» деген аятты кезіктірдім. Осы аяттың тұсына келгенде ізденісімді кілт тоқтаттым. Өйткені бойымнан Алла Тағала сүйетіндей лайықты бір игі іс таба алмай қаламын ба деп қорықтым.

Осылайша, өз амалдарымды таразылап, іштей есеп бере бастадым. Өткеніме үңілген сайын, жасаған істерімнің көбі енжарлықпен, кемшілікпен және күнәмен астарласып жатқанын сезіп, жаным түршікті. Осы сәтте Хақ Тағаланың: «Шын мәнінде, Алла тәубе етушілерді жақсы көреді» деген сөзі санамда жарқ ете қалды.

Дәл осы аят мен сияқты күнәдан көз ашпаған бейбақтарға арналғанын түсіндім де, үміт оты тұтанып: «Ұлы Алладан күнәларымды кешуін тілеймін және Оған тәубе етемін» (Астағфируллаһал-ғазим уа атубу иләйһ) деп сыбырлай жөнелдім. Жаратушы Ием мені де Өз мейіріміне бөлеп, сүйікті құлдарының қатарына қосар деген үміттемін.


islam.uz 

0 пікір