Жалғыздық (әңгіме)
Жалғыздық (әңгіме)
6 ай бұрын 2446
Қойшыбек Мүбарак, жазушы, мистик

Елсіз иен жапанда жалғыз өзім қалыппын. Жападан жалғыз. Бәлкім олай емес те шығар. Жан-жағыма байыздап қарағым келді. Жоқ қарай алмадым, көзім тарс жұмулы екен. Қанша тырбансам да жанарымды ашуға шамам жетер емес. Сосын ойыма кімді іздеймін деген сауал келді. Шынымен мен кімді іздеймін. Кімді іздеуім керек. Ата-анамды шығар... несіне... олардың да өз әке-шешелері бар, солармен бірге шығар...

Ал менің балаларым ше... иә өз балаларымды іздеуім керек! Бұл жолы үстіңгі қабағымның терісін сыпырып тастауға дәс қалдым... деседе жанарым ашылмады... жоқ, менің жанарым ашық шығар. Бәлкім, мен көру қабілетінен айрылған шығармын... тағы талпындым... еш өнім жоқ... мен тағы ойландым. Несіне жанталасам... менің балаларым да өз балаларына кеткен шығар... олардың да өз балалары бар ғой. Жоқ, оларды мазаламайын.

Тоқтап дем алғым келді. Жоқ тоқтауға болмайды екен. Неге екенін қайдам, тек алдыға ғана тоқтаусыз жүгіре беруге міндетті екенмін. Бұл неғылған қағида деп ашуландым. Осы қағиданың тас-талқанын шығармақ болып ақыры жер табандап тұрып алдым. Енді жанарым ашылғандай болды... маңайымнан сан милиондаған таныс және бейтаныс адамдар алға қарай жан ұшырып кетіп барады екен... әлде бір тылсым күш алқымымнан езіп алға қарай сүйрелейді... мен өзімді бек қайсар адам есептейтінмін. Қарысып бақтым.

Енді көзіме артымда маған қарай келе жатқан балам көрінді... қуанып кеттім. Әлгіндегі тамағымды езген жойқын күштің зұлматын сезінбей де қалдым. Маңдайынан сүйіп, құшағыма қыспаққа балама қарай тұра жүгірдім. Иә, не болған, ұлым менен кері бажылдап қашып бара жатыр. Ол да мен сықылды жалғыз қалып, жабығып, адам танымай қалған шығар. Ақыры қуып жетіп иығынан жұлқа тартып өзіме қараттым. Масқара балам деп қуып келгенім өзім екенмін. Иә, өзім. Тура осы киім, осы сумкамен алғаш мектепке барғанмын. Қолым еріксіз босап кетті. Менің бала бейнем анадайға барып, маған қарап жымиып қойды. Ұлым екен деп алданғаныма ашуым келді. Оған қарамай алдыға қарай тұра жүгірдім... қаншалықты жүгіргенімді білмеймін, әйтеуір бір кезде қаптаған қалың нөпірдің ішінде әкем кетіп барады екен. Бейшара шал қартайыпты... белі бүкірейіп, таяққа сүйеніп әзер кетіп барады. Қолтығынан демегім келді. Қуып жетіп енді қолтығынан ала бергенімде, ол маған жалт қарады. Баж ете қалдым. Әкем деп жетіп келгенім менің қарттығым екен. Бет аузымның алжа-алжасы шығып, маңдайымдағы әжімдердің тереңдігіне көз жетпейтін із қалдырып, таяққа таянып қалт-құлт етіп, әзер кетіп барады... Бала бейнеме қайтқым келді... Бірақ, ол менен қашады. Қарт бейнемнің қасында қалғанға өзімнің дәтім жетер емес.

Мен көзімді тарс жұмып алып, алға қарай қаптаған қалың нөпірдің ішінде жападан жалғыз өзім сызып келе жатырмын...

1 пікір
  • декаденттік немесе деакданс әдеби ағымы. Ендігі әдебиет осы ағыммен кетуі мүмкін.

    Декаде́нтство, также декаданс — направление в литературе, творческой мысли, самовыражении периода fin de siècle, которое характеризуется эстетизмом, индивидуализмом и имморализмом. Иногда рассматривается как cвязующее звено между романтизмом XIX века и модернизмом XX века.
    6 ай бұрын