Американдық бір христиан пастор Құран оқып мұсылман болған. Ол, о баста Құранды «не кітап екен» деп оқып көрген. Алайда соңына дейін оқып шыққаннан кейін өзінің өмір бақи оқып жүрген қасиетті кітабы - «Библиядан» гөрі терең мағыналы екендігін ұққан.
Ол былай дейді:
«Мен Құранды толық оқып шықтым. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Содан кейін әр нәрсе енді өз-өз орнына келе бастады. Әр нәрсе өз мәнін ала бастады...» -
- дейді ол, түсінбей жүрген мәселелердің жауабын тапқанына қуанып.
Алғашқыда Құранды оқып болғаннан кейін соның арқасында Библия кітабының түсініксіз жерлерін түсіне бастағанын айтқан ол, бірінші сезімдерімен былай бөліседі:
«Құранның арқасында Библияны түсіне бастадым. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты екенін ұқтым (өйткені інжіл кітабы да Құдайдан түскен төрт кітаптың бірі, алайда інжілдің көп бөлігіне адамдар сөзі кіріптар етілген-ауд.). Мен енді бәрін түсіне бастадым. Өз-өзіме «қандай керемет, Құдай мені жақсы христиан етуді қалаған секілді - Ол өзінің тәлімін маған Құранның көмегімен үйретпекші» дедім».
Бірақ та Құран кітаптың ағылшынша аудармасын оқыған сайын оқығысы келе берген Ол, Қасиетті кітапты оқыған сайын мұсылмандардың қасиетті кітабында мән-мағынаның көптігін ұғына бастаған. Құран кітапты оқыған сайын ондағы жазылғандардың ақылға қонымды және оның (пастордың) бойындағы интеллектісіне көбірек жақын екендігін түсінген:
«Мен Құранды оқыған сайын оқығым келе беретін болды. Өйткені Ол әлдақайда мағыналы еді. Ішінде мән көп. Ол ақылға жеңіл. Құран менің жүрегіме көбірек ұнады. Ол менің интеллектіме және менің ақылыма көбірек жақын екендігін сездім. Сөйтіп, уақыт өте келе Библияны ығыстырып қойдым. Оның орнына Құранды көбірек оқи бастадым...» деп ағынан жарылады.
Кейіннен пастор Құранда айтылғандай мұсылмандарша құлшылық қылып көрсем қайтеді деп ойлаған, сөйтіп намаз оқуды ұйғарған. Ол әңгімесін былай жалғастырады:
«Кейін мұсылмандарша мінәжат қылғым келетінін түсіндім. Мен христиан болғанда қалай мінәжат қылушы едім? Христиандар Құдайға құлшылық қылғанда тек тіке тұрып, дұғаларын оқиды. Маған мұсылмандардың ғибадат ету тәсілі ұнады. Олардың тізерлеп, Аллаға тағзым жасағандары және құдіреті шексіз Ұлы Жаратушыға сәжде еткендері маған ұнайды...» -
- дейді ол өзінің әсерімен бөлісіп...
Құдайға шүкір, шын ақиқатты іздеуші пендесіне Алла Тағала өзінің шынайы жолын көрсетіп қояры сөзсіз. Бүгінгі әңгімемізге мұрындық болып отырған пастор да оқығаны көп, ізденпаз екендігі көрініп тұр. Оның ізденісіне және ақиқатты білгісі келгеніне қарап, Алла Тағала көкірегін Исламға ашып, оны өзінің хақ жолына жетелеп әкелген. Бұл да болса мына бір қасиетті Қүран аятының іс жүзіндегі көрінісі деуге әбден негіз бар:
فَمَن يُرِدِ اللَّهُ أَن يَهْدِيَهُ يَشْرَحْ صَدْرَهُ لِلْإِسْلَامِ ۖ وَمَن يُرِدْ أَن يُضِلَّهُ يَجْعَلْ صَدْرَهُ ضَيِّقًا حَرَجًا كَأَنَّمَا يَصَّعَّدُ فِي السَّمَاءِ ۚ
«Алла кімді дұрыс жолға салғысы келсе, оның көкірегін Исламға ашады. Ал кімді адастырғысы келсе, Алла оның көкірегін ол көкке көтеріліп бара жатқандай тарылтып, қысып тастайды...». (Әнъам сүресі, 125 аят).
Сондай-ақ, Лев Толстойдың «әрбір ақыл иесінің соңғы табан тірейтін жері - Ислам» деген сөзін назарға алсақ, қасиетті Исламнан тек екі топ адам ғана жериді дер едім:
- Ислам дінін оқып білмеген, дінімізден хабары жоқ адам, ;
- Екіншісі, оқымаған, сана-сезімі таяз сауатсыз адам.
- Бұған үшінші топты да қосуға болады, ол - өз нәпсісіне берілген, діннің тәлімін өзінің дүниелік мүддесіне теріс деп білетін адамдар тобы.
Осылардан бөлек, әрбір көкірек көзі ояу, терең ойлы, ақылды адамдардың басым көпшілігі Ислам дінінің теңдесіз мадениет екенін түсінеді. Себебі, Ислам не десе, ақыл соны құптап тұрады.
Дайындаған А. Қасым
Жоғарыдағы әңгіме пастордың өз аузынан аударылды. Төменде пастордың ағынан жарылған бейнебаяны беріліп отыр: