Тілеген нәрсеміздің орындалмай жатуының себептері не болуы мүмкін?
Тілеген нәрсеміздің орындалмай жатуының себептері не болуы мүмкін?
11 күн бұрын 3615
Мұса Жамал

Бисмилләһир рахманир рахим

Байқағаным кейде дұға жасап, алайда дер кезінде тілеген нәрсеміз орындалмай жатады. Қайта-қайта дұға жасаймыз, бірақ арадан қанша уақыт өтсе де тілеген нәрсеміз болмай жатады. Осындай сәтте мүмін адам, мұның бір сынақ екендігін және сынаққа сабыр керек екендігін білуі тиіс. Ал сол заматтарда көкейде туындайтын уәсуәсалар емді қажет етер сырқаттық іспетті.

Менің де басымнан сондай жағдай өтті. Бірде бір ауыр жағдайға тап болып, Аллаға жақсылап дұға жасадым. Алайда дұғама жауап келмеді. Сол сәтте ібіліс малғұн тыныш тұрмай түрлі азғырынды ойларын салып тұрды. Бірінде ол маған: «жомарттық - кеңшілік. Сараңдық - жоқтық. Дұғаның кешігуінің пайдасы неде?» - деген ойлар тастады. Мен оның салып жатқан азғырынды ойлары екендігін ұқтымда: «кет, әрмен, малғұн! Мен сенің қазылығына мұқтаж емеспін және сенің өкілім болуыңды қаламаймын» дедім де, өз-өзіме: «шайтанның уәсуәсіне еруші болма. Алла Тағаланың тілеген нәрсемді кешіктіруі де сынақ, оның өзінде әлдебір даналық бары сөзсіз» деп өзімді сабырға шақырдым.

Артынан ібіліс қайта оралып маған:

- Осындай ауыр жағдайда тілеген тілегіңнің кешігуін менен сұрағын, - деді.

Мен:

- Шүбәсіз Алла Тағала барлық нәрсенің қожайыны. Ендеше, сұраған нәрсемді бере ме, жоқ бермей ме, оны қожайынның өзі білері даусыз, оған қарсы шыға алмаймын - дедім. Бұл - бір.

Екіншіден - Алла Тағаланың даналығы нақты айғақтармен дәлелденген дүние. Сондықтан да, менің жақсылық деп ойлаған нәрсем, шын мәнісінде жамандық болуы бек мүмкін. Мысалы, дәрігер өз қолымен жасап «іш» деп берген дәрісі адамға белгілі бір ауыртпалық тудыруы мүмкін, алайда оның астарында науқас адам үшін игілік бар. Тура сол секілді, менің тілеген нәрсемнің дер кезінде орындалмай, кешігіп жатуының да астарында бейнебір игілік жатқаны сөзсіз.

Үшіншіден - дұғаның қабыл болуының кешігуі кейде адамға пайдалы болады. Керісінше асығыстық зиян. Пайғамбарымы бір сөзінде: «Пенде асықпайыншы жақсылықта бола бермек» деп, бекер айтпаған. Сонда естігендер Оған (с.а.у.): «Уә, нәбиалла! Пенде қалай асығыстық жасайды? - деп сұрайды. «Дұға жасағаннан соң: «Раббыма дұға жасадым, тілегімді орындамады» дейді" деп түсіндіреді Пайғамбар (с.а.у.). (Ахмед, мүснәд»).

Төрт - тілеген нәрсеңіздің кешігуінің себебі өзіңізде болуы мүмкін. Мүмкін жеп жүрген асыңыз күмәнді шығар. Күмәнді ас ішіп жүрген шығарсыз. Немесе дұға-тілек кезінде жүрегіңіз ғапылдықта болған шығар (неқұрайлы, басқа нәрсені көксеп тұрған болуы мүмкін). Не болмаса, дұғаңыздың кешігуі істеген күнәңіздің жазасы болар. 

Бесіншісі - көксеген нәрсеңізді сұраудағы мақсатыңыз не еді, соған үңіліп көріңіз. Мүмкін тілеген нәрсеңіздің ертерек жүзеге асуы - әлдебір күнәнің артуына немесе әлдебір жақсылықтың болуына кедергі шығар? Осы жөнінен де қарағанда Құдайдың сұраған нәрсеңізді жүзеге асырмауы сіз үшін пайдалырек болуы ықтимал.

Алтыншысы - не болмаса, тілеген нәрсеңіздің болмай жатуының арқасында, сіз Жаратушыңыздың есігіне жиі келіп, Оның мінәжат табалдырығында көп тұруыңызға себеп болып жатқан болар. Ал, сұраған нәрсеңіздің тез болуы, сіздің дұға-тілек жасауды қойып кетуіңізге алып келуі ықтимал, сондықтан да, көбірек дұға ете түссін деп Алла Тағала сұраған нәрсеңізді бермей кешіктіріп жатқан да болуы ықтимал. Ашығы сол, егер басыңызға түскен келеңсіздік болмағанда Алланың "медет есігінің" алдында сіз көрінбес пе едіңіз!? 

Ендеше, ақыл жүгіртіп, ойланып қарасақ, жасаған дұға-тілектеріміздің тезірек орындалмай, Алла қалаған уақытқа шейін кешігуінің астарында белгілі даналықтар бар екен. Сол себепті, «дұғам неге қабыл болмай жатыр» деп асықпайық, ағайын! Дұғамызды табанды түрде жасайық және нәтижесін Аллаға қалдырайық. Алла біз үшін ең жақсысын бұйыртары сөзсіз!

Бір ғалымның жазбасынан. 

islam.kz

 

0 пікір