Шығыс Қазақстанда екі аты мен екі тегі бар қыздың тұратындығы анықталды
Шығыс Қазақстанда екі аты мен екі тегі бар қыздың тұратындығы анықталды
9 жыл бұрын 2868 ktk.kz

Шығыс Қазақстан облысында екі аты мен екі тегі бар қыз тұрады. 16 жасар Яна Богаченко азаматтардың хал актілерін тіркеу мекемесі мамандарының сауатсыздығынан зардап шегіп отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Шетелге шығуды айтпағанда, бойжеткен тіпті жергілікті оқу орнына әрең қабылданыпты. Сорақысы сол, оның куәлігін толтырған мамандар құжаттың берілген күнін 36 тамыз деп белгілепті.

Осыдан 16 жыл бұрын Яна Богаченконың анасы қызына тууы туралы куәлік алғанда қатені бірден байқаған. АХАТ қызметкерлері «Яна»  деген атты екі «н» әрпімен жазған екен. Сол жолы олар жас босанған анаға «құжат осы күйінде қала берсін, 16 жасқа толғанда бірден қатесі жоқ куәлік аласыңдар» депті.

“Куәлік алуға барғанда бізге қызымның атын енді тек сот арқылы ауыстыруға болады деді. Әзірге жеке басының куәлігін қате атына ала беріңдер деп үгіттеді. Солай жасадық та, тууы туралы куәлікті ауыстыруға бардық. Бізге жаңа құжат  берді. Оны көріп төбе шашымыз тік тұрды”, – дейді Яна Богаченконың анасы Татьяна Пелих.

Жаңа куәлік «мүйіз сұраймын деп, сақалынан айрылған тоқал ешкінің» кебін киген. Құжатта қызының аты тұрмақ, тегі де қате жазылыпты. Ол ол ма, Янаның туған күнін мамандар бір айға кеш көрсетіпті.  Ал әкесінің туған күнін 31 ақпан деп белгілепті. Құжаттың берілген күні тіпті сорақы-36 тамыз!  Мұның бәрі бойжеткенге сор болған.

“Мені шетелге шығармады. Өйткені төлөқұжат жасау үшін ешқандай қате болмауы керек. Менің құжаттарым әртүрлі болып тұр. Тууы туралы куәлігім мен жеке басымның куәлігінде де әртүрлі аттар мен тектер жазылған”, – дейді Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Янна Богаченко.

Мұндай құжаттармен Яна жергілікті колледжге әрең түсіпті. Ондағылар барлық қателерді түзеуге бір ай уақыт берген екен. Азаматтардың хал актілерін тіркейтін мамандардың  айтуынша, бұл олқылықтарды  жөндеуге болады.

“Қате құжатын тапсырады. Әкелікті тану туралы және өзінің куәлігін тапсырады. Осы құжаттарды жинап, біз қорытынды  шығарамыз. Сол қорытынды негізінде біз Янаға жаңа, дұрыс куәлікті тапсырамыз”, – дейді Глубокое аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлжиян Қасенова.

Мамандар балалардың  тууы туралы куәліктерінде қателердің жиі орын алатындығын мойындап отыр. Өз кемшіліктерін түзеудің  орнына   олар, керісінше, ата-аналар құжатты алғанда мұқият болу керек дейді.

0 пікір
Мұрағат