Құрбан айтқа орай қазылған құдық (фото)
Құрбан айтқа орай қазылған құдық (фото)
6 жыл бұрын 6538 Ақмаржан ӘДІЛБЕК

Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылының жомарт жандары Құрбан айт мерекесіне орай екі құдық қазып берді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі. 

Бұл – мыңға жуық халқы бар елді мекен тұрғындарының өтінішімен атқарылған іс. Екі құдық халықаралық маңыздағы тас жолдың бойында бой көтерді. Ауыл азаматтарының айтуынша, бірінші құдық орналасқан жерде бұлақ көзі бар. Дегенмен, бұл су көзі халық үшін жыл бойы қолжетімді емес.

«Ертіс өзенінің жағасында әулиелі бұлақ бар. Бұлақ күз түскен бойда қатып қалып, қыста жабылып қалатын. Олқылықтың орны толтырылды. Жомарт жандардың бастамасымен бұлақтың аумағында тереңдігі 8 метр болатын құдық қазылды. Суы тұщы құдықтың игілігін ауыл тұрғындары мен жолға шыққан жолаушылар көреді», - дейді Қожамжар ауылының тумасы Жұмабек Қамзин.

Игі іске 50-ден астам ауыл азаматы атсалысып, қомақты қаржы бөлген. Ал екінші су көзі хазірет Исабек Ишанның жақын досы болған қасиетті Бекбау ата жерленген ауыл зиратының басынан қазылды. Демеушілер қазу жұмыстарына 500 мың теңгеден астам қаржы құйған.

«Суды ішпес бұрын Меккеден әкелінген зәм-зәм судың жеті литрін құдыққа құйдық. Тіршілік нәрінің дәмі жақсы әрі тұщы болып шықты. Қуанышымызда жек жоқ. Зиярат етушілер құдықтын су алып, шөлдерін қандыратыны сөзсіз. Біздің ауылда су тапшылығы жоқ, десе де, қасиетті бұлақ көздерінің ашылуы қажет-ақ. Енді бұл көздер реттеліп, суды қиындықсыз ала аламыз», - дейді ауыл тұрғыны Қуаныш Кәрімов.

Айта кетейік, Қожамбар ауылы әу бастан жомарт жандарымен танымал. Қайырымды адамдардың көмегімен елді мекенде 300 орындық асхана, мешіт бой көтерген. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне ескерткіш жасалды.

 

0 пікір
Мұрағат