KAZINFORM — Ұлттық банк 11 мемлекетпен QR-код арқылы трансшекаралық төлем жасау мүмкіндігін іске қосуды көздеп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлім етті.
— Біз пысықтап жатқан тізімде 11 мемлекет бар. Барлығын атап өтпей-ақ қояйын. Олардың қатарында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан бар. Өткен аптада Қырғызстанмен, Үндістанмен меморандумға қол қойдық. Осы елдердің әрқайсысымен тиісті жол картамыз әзірленген, — деді Бинұр Жаленов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Оның мәліметінше, жобаларды іске қосу мерзімі әр ел бойынша әртүрлі болады. Кейбір мемлекеттермен тестілеу және пилоттық жобаларды бастау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Мұндай жұмыстар Қытаймен жүргізіледі.
— Егер тестілеу мен пилоттық жоба сәтті өтсе, онда қазақстандықтар келесі жылы Қытайда кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болады. Өз кезегінде Қытай азаматтары да Қазақстанда осындай мүмкіндік алады, — деді ол.
Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері одан: «Бұған дейін Үкімет QR-төлемдерді ҚҚС-тан босатуды ұсынған болатын. Егер Үкімет бұл шешімді қабылдаса бұл банктер белгілейтін комиссия мөлшеріне, атап айтқанда, кәсіпкерлер төлейтін бірыңғай QR комиссиясына қалай әсер етеді?», деп сұраған еді.
Сауалға жауап берген Ерлан Ашықбеков вице-премьер Серік Жұманғаринның төрағалығымен өткен Жобалық кеңсе отырысында қолма-қол ақшасыз төлемдерді салық салудан босату мәселесі қаралғанын айтты.
- Бұл, ең алдымен, жағдайды теңестіру үшін жасалып отыр. Себебі қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, қолма-қол ақшасыз төлемдердің бірқатары, мысалы, карталар арқылы жасалатын төлемдер ҚҚС төлеуден босатылған. Біз ұлттық төлем жүйемізді, соның ішінде бірыңғай QR жүйесін белсенді түрде дамытып жатқандықтан осы жағдайларды теңестіру қажет деп есептедік. Бұл түсініспеушіліктерді болдырмауға, әкімшілендіруді жеңілдетуге және басқа да мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Мәселе тұжырымдамалық тұрғыдан қолдауға ие болды. Қазір оның жекелеген тұстарын Үкіметпен пысықтап жатырмыз. Одан кейін заң шығарушылардың қарауына енгіземіз. Ал түпкілікті шешім, әрине, Құрылтайда қабылданады, - деді департамент басшысы.