Адам ерік-жігері жетпегеннен емес, басқа себептен артық тамақтанатын болып шықты
Адам ерік-жігері жетпегеннен емес, басқа себептен артық тамақтанатын болып шықты
1 сағат бұрын 32 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Жаңа зерттеу нәтижесі бұл сауалға күтпеген жерден нақты жауабын берді: артық тамақтанудың себебін әлсіз ерік-жігерден іздемеу керек, мидың дофамин және инсулин жүйелерінің арасындағы жұқа молекулалық тепе-теңдіктің ұзылуынан орын алатын болып шықты. Бұл жайында islam.kz порталы techno-news.net сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ча-Хен Пэк есімді Корей университетінің профессоры жетекшілік еткен ғалымдар тобы бадам тәрізді дененің орталық ядросында - эмоциялар мен уәждемеге жауап беретін мидың терең бөлігінде - дофамин мен инсулин рецепторлары бір жасушада орналасып, бір-бірімен байланыста жұмыс істейтінін анықтады. Олар бірігіп дәмі тәл үйірсе де организмге қажетсіз тағамдарды тұтынудан бас тартуға көмектесетін тежегіш сияқты әрекет етеді. Бұл гипотезаны тексеру үшін мамандар тышқандарға бірқатар тәжірибе жүргізді. Кеміргіштерді тәтті үшін иінтіректі басуға үйретіп, содан кейін тәттіге жету үшін қолайсыздықты қосты - жеңіл токпен соққы беріледі. Қалыпты тышқандар иінтіректі басуды тез тоқтатты – тәтті қорек үшін төлеуге тура келетін жайсыздыққа түскісі келмеді. Ал генетикалық тұрғыдан бадамшаның орталық ядросындағы дофамин рецепторлары өшірілген тышқандар жағымсыз зардаптарға қарамастан, табандылықпен тамақтануды жалғастырды, яғни, компульсивті мінез-құлықтың классикалық көрінісін көрсетті. Ең қызығы – қомағайлықтың жауабы молекулалық деңгейде табылды. Дофамин рецепторларынсыз мидың сол аймағындағы инсулин рецепторларының саны шамамен 60% -ға азайды. Ал ғалымдар, керісінше, дофамин рецепторларын жасанды түрде белсендіргенде, олар инсулиндердің жұмысын күшейтеді – тіпті, қосымша инсулин өндірмесе де. Демек, дофамин мидың инсулинге сезімталдығын арттырады, ал ол өз кезегінде тәбетті басады. "Мидағы инсулин қандағы қантты реттеумен ғана шектелмей басқа да қызмет атқаратыны анықталды - ол тәбеттің тежегіші ретінде әрекет етеді. Бірақ, бұл тежегіш екі жүйе - дофамин жүйесі де, инсулин жүйесі де тепе-теңдікте болғанда ғана жұмыс істейді", - деп түсіндірді профессор Пэк. Осылай деген ғалым адамның тәбеті гормондар мен нейромедиаторлардың әсерінен басқа, әлеуметтік, психологиялық және орта факторлармен де қалыптасатынын атап өтті. Дегенмен, ғалымдардың ашқан тетігі Паркинсон ауруы немесе шизофрения сияқты аурулардың неге инсулинге төзімділікпен қатар жүретінін түсіндіре алады. Бұдан басқа, бұл тетік метаболикалық (зат алмасу процесі) және мінез-құлықтағы ауытқуды емдеудің жаңа стратегияларын әзірлеу үшін негіз бола алады. Алдағы уақытта ғалымдар бұл нәзік тепе-теңдікке созылмалы стресс пен метаболикалық аурулардың қалай әсер ететінін және табылған тетіктің адамға қаншалықты қолданылатынын анықтауды жоспарлап отыр.

0 пікір
Мұрағат