Қазақстанда пойыз уақытынан кешіксе, өтемақыны қалай алуға болады
Қазақстанда пойыз уақытынан кешіксе, өтемақыны қалай алуға болады
29 күн бұрын 393

Елімізде қатаң карантин жарияланып, пойыздардың қозғалысы тоқтағалы бері бірқатар қиындықтар орнады. Бұл жағдай, әсіресе, алдын ала пойыз билеттерін алып қойған жолаушыларға оңай тимеді. Дегенмен бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Кейінге шегерілген немесе мүлдем тоқтатылған пойыздардың билеттерін үшін ақшаңызды кері қайтаруға болады ма? Ал пойыз кешіксе, қандай өтемақы қарастырылған? Бұл туралы Stan.kz тлішісі дайындаған материалдан оқи аласыздар. 

Пойыз уақытынан кешігетін болса, жолаушыларға өтемақы төленеді ме?  

Жолаушылар пойыздарының кешігуі немесе тоқтатылуы кезінде өтемақы төлеуге қатысты жол жүру билеттерін сатуды және қайтаруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 545 бұйрығымен бекітілген жолаушыларды, багажды, жүк – багажды және пошта жөнелтілімдерін темір жол көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Заңға сәйкес жолаушылар пойызы кешіккен жағдайда азаматтың өтініші бойынша кідірістің әрбір толық сағаты үшін жол жүру билеті құнының үш пайызы мөлшерінде ақы алады. Осы пойызда нақты жол жүргені туралы және пойыздың кешіккені туралы арнайы белгісі бар жол жүру билетін ұсынған кезде билеттің құнынан аспайтын өтемақы төленеді.

Пойызыңыз кешігіп келсе, өтемақыны қалай алуға болады?

Өтемақы алу үшін жолаушының билетінде пойыздың кешіктірілгені туралы белгі болуы керек. Жолаушы межелі станцияға келген соң кезекшіден пойыздың кешіккендігі туралы растау белгісін алуы керек және жол ақысын алу үшін "Жолаушылар тасымалы" АҚ кассасына жүгінуі тиіс. 


Кейінге шегерілген пойыздарға төленетін қаражат толығымен кері қайтарылады ма?

ҚТЖ тарапынан пойыз билеттерінің құнын қайтару төмендегі жағдайлар орын алған кезде ғана жүзеге асырылады:

– жол жүру билетінде көрсетілген пойыз тоқтатылған кезде;

– жолаушылардың жүру пунктінен жөнелту бойынша бір сағаттан артық кешіктірілген кезде;

– жолаушылар жол жүру билетінде көрсетілген орындардың берілмеуіне және басқа орындарды пайдалануға келіспеген кезде.

Көрсетілген жағдайларда жол жүру құны толық қайтарылады. Мұндай жағдайларда жолаушы ҚТЖ кассасына барып, билетке төлеген қаражатын кері қайтаруды талап ете алады.

Жолаушы билетінен бас тартқан жағдайда қаражатын қайтара алады ма?

Жолаушы пайдаланбаған жол жүру билеттерін қайтару кезінде де бірқатар ережелерге сүйену керек:

– пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағат бұрын жол жүру билетін қайтарған шақта билет құны толық қайтарылады;

– пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағат бұрын және пойыз жөнелуіне кем дегенде 6 сағат қалғанда, билет құны толық қайтарылады. Алайда плацкарт пойызының құнының тек қана 50% -ын кері қайтара аласыз;

– пойыз жүрерден 6 сағат бұрын немесе пойыз жөнелгеннен кейінгі 1 сағат ішінде пойыз билетінің 30%-ы кері қайтарылады. Егер орыныңыз плацкартта болса, билет құны қайтарылмайды. Сонымен қатар, пойыз жөнелтілгеннен кейін 1 сағат өткен соң жол жүру билеттерін қайтару жүргізілмейді және қаражатыңыз да қайтарылмайды.

0 пікір
Мұрағат