ПЕТРОПАВЛДЫҚ МҰҒАЛІМ МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША ОЙЛАП ТАПТЫ
ПЕТРОПАВЛДЫҚ МҰҒАЛІМ МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША ОЙЛАП ТАПТЫ
11 ай бұрын 924 24.kz Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Петропавлдық мұғалім дүниежүзі және Қазақстан тарихынан мобильді қосымша ойлап тапты. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі хабарлады. 

Смартфон бағдарламасында осы пәндерге қатысты 5 мыңға жуық тест сұрағы бар. Олар ойын түрінде де беріледі. Сергей Никулиннің айтуынша, бұл оқушылардың түрлі емтиханға дайындалуына септігін тигізіп қана қоймай, ойлау қабілетін арттырады. Қазіргі таңда бұл қосымшаны 10 мыңнан аса адам жүктеп алған. Мектеп мұғалімі ұлттық біріңғай тестілеуге де әдістемелік құралдар жазған. Енді қағаз бетіндегі еңбегін ұялы телефонға енгізді.

Сергей Никулин, тарих пәнінің мұғалімі: - Оқушыларымның бірі тарихтан нашар еді. Бірақ информатикаға жүйрік болды. Бұл ретте оған осындай ойымды айттым. Мен сұрақтарын дайындасам, ол мобильді қосымшаның өзін жасап шығарды. Кейін оны кең қолданысқа енгіздік.

ПАВЛОДАРЛЫҚ ОҚУШЫЛАР 3D АТЛАС ОЙЛАП ТАПТЫ

Оның көмегімен Баянауыл ұлттық паркінде тіршілік ететін жануарлар мен Қызыл кітапқа енген өсімдіктер туралы ақпарат алуға болады.

Жастар бұл жобаның көмегімен сирек кездесетін баянауылдық қарағай, қара қандыағаш өсімдіктері туралы мағлұмат жинаған. Басты мақсат – қоршаған ортаны зерттегісі келетін оқушыларға қолдау көрсету. Цифрлық форматтағы атлас өлкетану, биология және география пәндерінде қолданылмақ. Сонымен қатар, туристік және ғылыми сайттарда жарық көреді. 

Богдан Цибрий, жоба авторы:  - Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктер туралы ақпаратты жинақтадық. Кейін олардың суреттерін 3D жасадық. Басты мақсатымыз оқушылардың қызығушылығын ояту. Ол үшін көрнекілік құралдар қолдандық. 

Камилла Рахметова, жоба жетекшісі: - Жоба арқылы өсімдіктер мен жануарлардың виртуалды сұлбасын жасадық. Ақпарат қабылдауға ыңғайлы. Атласты жасауға бірнеше ай уақыт жұмсадық. Еңбегіміз зая кетпеді. Оқушыларға ұнап жатыр.

ӨСКЕМЕНДІК ОҚУШЫЛАР 100 IT ЖОБА ӘЗІРЛЕДІ 

Өскемендік оқушылар бір жылда 100 IT жоба әзірледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жасөспірімдер өндіріс ошақтарына арналған күрделі механизмдер, климат бақылауы бар ақылды жылыжай, тіпті медициналық гаджеттерді ойлап тапқан.

Өскемендік оқушылар өсімдіктерді топырақсыз өсіреді. Олар биология пәнінде гидропоника әдісін енгізген. Бұл – ауқымды жобаның басы ғана. Олар қазір баламалы энергия көздерін пайдаланып, авторлық жобаларын әзірлеген. Ал бұл – күн батареяларынан қуат алатын сканер. Оның көмегімен шаруа қожалығы немесе тұрғын үйді жарықтандыруға қажет энергия көлемін анықтауға болады.

Жоба авторы – 17 жастағы оқушы. Жас ғалымдар адам мүсінінің датчигін ойлап тапты. Бұл жаңалық адам омыртқасының түзу-қисықтығын анықтауға мүмкіндік береді. Ал кез келген өзгеріс туралы ақпарат ұялы телефонға түсіп отырады. Fictute деп аталатын құрылғы шетелдік өнімдерге қарағанда әлдеқайда тиімді.

Әбілмансұр Жүніскенов, жоба әзірлеушісі: - Біздің құрылғының басты мақсаты қазіргі әлемдегі гиподенамияға әкеліп отырған қисық арқаны түзету болып табылады. Осы қисық арқа бұл кез келген жасөспірімде болады және осы жердегі бірнеше адамнан байқалады.  Сондықтан біздің гаджет осы мәселені шешуге бағытталған. Біз тоқ береміз, сосын мобильді қосымшаға кіреміз. Старт дегенді басқан соң градустарды көрсетеді.

IT саланы таңдаған балалар ауыл мектептерінде де көп. Тарбағатай ауданынан келген Еркежан Абаева көзі нашар көретін азаматтарға арналған көзілдірік жасады. Ол зағип жандардың жолындағы кедергілер туралы ақпарат береді. Заманауи көзілдірікті жасау үшін  ұялы телефонның  қосымша бөлшектері пайдаланылған.  

Еркежан Абаева, оқушы: - Жобаның тақырыбы – «сөйлейтін көзілдірік». Көзі көрмейтін адамдарға арналған осындай сөйлейтін көзілдіріктердің бірі. Бұл жерде көзілдірік арақашықтықты есептейді және бұл жерде «дэф-плеер» датчигі бар, яғни алдында жүріп келе жатқан адамды, сигналды сезеді. Мына жерде флеш-жады. Бұл көзілдірік 2 см-ден 400 см-ге дейінгі арақашықтықты есептей алады.

Облыста тың жобаларға 10 млн теңге бөлінеді.  Бұл қаражат болашақ инженерлер мен айти мамандарына қолдау көрсетуге бағытталады.  

Инесса Чернышова, облыстық Білім беру басқармасының басшысы: - Аймақта 342 мектеп бар. Олар заманауи құралдармен жабдықталған. Ал мұғалімдеріміздің барлығы біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Жалпы өткен жылы елімізде 50 мың оқушыға шақталған  40 IT мектеп ашылған. Жеткіншектердің ынтасы да жоғары. Дәл осы оқушылар ертең жоғары технологиялы өндіріс ошақтарында еңбек етері сөзсіз.   Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.

 

0 пікір
Мұрағат