Елімізде ауқаттылар тарихи ескерткіштердің жанында туыстарын жерлеуді сәнге айналдырды
Елімізде ауқаттылар тарихи ескерткіштердің жанында туыстарын жерлеуді сәнге айналдырды
9 жыл бұрын 3260

Тарихи ескерткіштердің жанында туыстарын жерлеу бай-манаптардың арасында сәнге айналған, - деп хабарлайды tengrinews.kz ақпарат көзі "Алматы"телеарнасына сілтеме жасай отырып. Әсіресе, 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының қалыптасуына өзіндік үлесін қосқан билер мен қолбасшылардың жанында мұндай зираттар көбейіп кеткен.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, елімізде ондаған тарихи жәдігердің хәлі мүшкіл. "Біреуі күрделі жөндеуді талап етсе, қалғандары элиталық мазарларға айналған. Бұлай дейтініміз қалталы азаматтар соңғы уақытта о дүниеге аттанған ата-бабасын хандар мен билердің жанына жерлеуді құп көреді", - деп хабарлады тілшілер.

Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанның айтуынша, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жердегі Жошы хан ескерткішінің жанында 10 метр жерде бір азамат өзінің әке-шешесіне арнайы кесене қойған. "Мұны біз аудан әкімімен кездескен кезде көңіл аударып айттық. Бұл қалай, мәдени ескерткіштің жанында дедік. Бізге кезінде болып кеткен екен, енді болмайды деген жауапты естідік",- деді Бүркітбай Аяған.

Бұл бассыздықты анықтаған отандық тарихшылардың енді әр өңірдің атқамінерлерімен күресіп жатқаны хабарланып отыр. Сонымен қатар, Сарыарқа төсіндегі аңызбен астасқан Ұлытау өлкесі мен тарихы мол Тараз, Сауран, Жетісудағы жәдігерлеріміздің түгенделіп жатқаны хабарланды.

Тарихшылар бір аптаның ішінде төрт жарым мың шақырым жерді аралап, қабырғасы үгітіліп, құлауға шақ қалған мұраларымыздың куәсі болыпты. Алдағы уақытта еліміздің мәдени ескерткіштерінің қатарына енген кесенелердің жанындағы қарапайым азаматтардың мазарларын көшіру мәселесі шешіледі.

0 пікір
Мұрағат