Жасанды сана табиғаттың қас жауы – технология орасан зор ресурсты қажет етеді
Жасанды сана табиғаттың қас жауы – технология орасан зор ресурсты қажет етеді
3 минут бұрын 3 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Жасанды зерденің шапшаң дамуы климат дағдарысының зардабын тарта бастаған планетаға қосымша салмақ түсіреді. Бұл жайында islam.kz порталы Bloomberg агенттігі мен Reuters ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жасанды зерденің қарқынды дамуы қуатты есептеу жүйелерінің жұмысы үшін қажетті су мен электр энергиясын тұтыну деңгейін көтеріп жіберді. Тіпті, көпшілікке белгілі, әдеттегі ChatGPT немесе Gemini чат-боттардағы мәтін түрінде берілген бір-екі ауыз сөзбен шектелетін сауалдың өзі аталған моделдерді қыздырады. Бұл жүйелерді салқындату үшін табиғи ресурстардың едәуір бөлігі жұмсалады, яғни, су мен энергияны көп тұтынады. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижесіне сәйкес тұтынылатын судың мөлшері жасанды зерденің пайдаланылатын моделіне, деректерді өңдеу орталықтарының жабдықтары мен салқындату технологияларының ерекшеліктеріне байланысты. Жасанды зерде цифрлы технология болғанына қарамастан оның жұмыс істеуі нақты қондырғыларға, яғни, инфрақұрылымға тікелей байланысты. Мыңдаған қуатты процессорлар ақпаратты үздіксіз өңдеуі үшін көп жылу бөледі. Ал бұл процесс өз кезегінде мол ресурсты қажет етеді. Жабдықтың қызып кетуіне жол бермеу үшін көптеген деректерді өңдеу орталықтары сумен салқындату жүйелерін пайдаланады. Олардың кейбіреулерінде судың бір бөлігі буланады, соның салдарынан суды толтырып отыруға тура келеді. Серверлердің жұмысын қамтамасыз ететін электр энергиясын өндіру үшін қосымша су ресурстары қажет. Оның үстіне, жасанды зерденің экологиялық әсері жабдықты тікелей салқындатумен шектелмейді. GPT-3 моделіне арналған зерттеулердің бірі орташа көлемдегі шамамен 10-50 мәтіндік жауаптарды өңдеу шамамен 500 миллилитр суды қажет ететінін көрсетті. Бұл шаманы кішкентай ауызсу шөлмегіндегі сумен салыстыруға болады. Алайда, мұндай шығын жасанды зерденің неғұрлым ерте буынына жатады. Қазіргі заманғы технологиялар біртіндеп тиімдірек болып келеді, соның арқасында жекелеген сұраныстарды өңдеуге арналған ресурстардың шығыны айтарлықтай қысқаруы мүмкін. Атап айтқанда, Google 2025 жылы Gemini-ге орташа мәтіндік сұраныстың шамамен 0,26 миллилитр суды тұтынатынын хабарлады. Мұндай мөлшер шамамен бес тамшыға сәйкес келеді. Көрсеткіштер арасындағы айырмашылық жетілдірілген үлгілердің (моделдердің) тиімділігімен ғана емес, сонымен қатар, есептеу әдістемелеріндегі айырмашылықтармен де түсіндіріледі. Сондықтан жекелеген зерттеулердің нәтижелерін пайдаланылатын жабдықтар мен жұмыс жағдайларын ескермей тікелей салыстыру қателікке ұрындырады. Технологиялық компаниялар да есептеу орталықтарын салқындатудың жаңа тәсілдерін әзірлеуде. Мысалы, Microsoft жабдықтарды судың тұрақты булануынсыз салқындатуға мүмкіндік беретін жүйелерді енгізіп жатыр. Мұндай шешімдер жергілікті су ресурстарына түсетін салмақты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Алайда, су шығынының қысқаруы электр энергиясын орасан көп тұтынуға байланысты басқа проблеманы жоя алмайды. Келтiрiлген мәлімет бойынша әлемдiк деректердi өңдеу орталықтары жыл сайын өздерiне қажеттi электр энергиясын өндiруге байланысты шамамен 180 миллион тонна көмiрқышқыл газының атмосфераға бөлінуіне жанама себеп болады. Жасанды зерде инфрақұрылымын одан ары кеңейту ісі энергетикалық ресурстарға қажеттілікті арттырады. Әсіресе, жүйке желілерін пайдалану ауқымынан шешілмеген түйін одан ары күрделене түседі. Жекелеген сұраныс салыстырмалы түрде аз мөлшерде су немесе электр қуатын талап етуі мүмкін, бірақ, миллиондаған пайдаланушылар күн сайын көптеген хабарламаларды жібереді, бейнелер және бейнероликтер жасайды. Бұдан басқа, АІ технологиясын дамыту ісі жаңа микросхемалар, серверлер және басқа да жабдықтар өндіруді және енгізуді талап етеді. Ол үшін металдар, минералдар және қосымша энергетикалық ресурстар қажет, оларды өндіру мен қайта өңдеу процесі қоршаған ортаға кері әсер етеді. Нәтижесiнде экологиялық салмақ жасанды интеллект жұмысының барлық кезеңдерiнде - есептеу жабдығын өндiруден бастап пайдаланушы сұраныстарын өңдеуге дейiн қалыптасады. Бұл ретте жекелеген технологиялардың тиімділігін арттыру, егер оларға сұраныс қарқынды өсуді жалғастырса, ресурстарды жалпы тұтыну деңгейін төмендетпейді. Саланы одан әрі дамыту анағұрлым жетілдірілген үлгілерді ғана емес, сондай-ақ, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды да талап етеді. Салқындату технологиясы, экологиялық зияны аз электр энергиясын пайдалану және есептеу ресурстарын тұтыну көрсеткішін төмендету маңызды рөл атқаратын болады. Автокөлік электроникасы, бағдарламалық қамтамасыз ету және автономды жүргізу жүйесін өндіретін Aumovio SE неміс компаниясының болжамына сәйкес 2027 жылы әлем жартылай өткізгіштер бағасы күрт қымбаттайды. Болжам авторларының пайымдауынша, АІ-ге арналған деректерді өңдеу орталықтары ресурстарды тұтынатыны соншалық, автокөлік компаниялары олармен бәсекеге түсе алмайды. 

0 пікір
Мұрағат