Миллиардерді сараңдығы үшін айыптады
Миллиардерді сараңдығы үшін айыптады
9 жыл бұрын 3022

Қытайдың ең белгілі әрі бай кәсіпкері Джек Ма ғаламторда бұқара тарапынан жаппай сынға ұшырады. Бизнесменді Тяньцзинь портты қаласында жуырда орын алған жарылыстың (естеріңізде болса, бұл жойқын жарылыс жайында кезінде хабар таратқанбыз – ред.) құрбандарына ақша аудармағаны үшін айыптап отыр. Отандастары оның компаниясына байкот жариялайтындарын айтып, сес көрсетті. Бұл жайында South China Morning Post ақпарат көзі хабар таратты. «Егер қаржы аудармасаң, мен Taobao-дан зат сатып алмайтын боламын»,- деп үшбу хат жолдапты белгісіз біреу ғаламтор арқылы. Taobao – миллиардердің бақылауындағы интернет-дүкен. «Сен Гонконгтан вилла сатып алу үшін миллиардтан аса юан жұмсадың, неге саған Тяньцзинь құрбандарына бірнеше миллионды садақа етпеске?»,- деп сұрақты төтесінен қойыпты тағы бір әлеуметтік желіні пайдаланушы. Естеріңізге сала кетейік, аталған айлақты қаладағы жарылыстан 114 адам опат болды. Яғни, химикат сақталған қоймада тамыздың 12-і күні орын алған төтенше жағдай осынша адамның өмірін жалмады. Джек Маның дәулеті 31,5 миллиард долларды құрайды. Өткен жылы ол қайырымдылық шараларына 2,3 миллиард доллар бөлген болатын. 2008 жылы Сычуандағы зілзаладан кейін 4 млн-ға жуық қаражат аударған екен. Джек Ма халықтың қаһарына ұшыраған жалғыз ауқатты адам емес. Бұқара, сонымен қатар, аса ірі Tencent интернет-провайдер қожайыны Ма Хуатэн мен Xiaomi компаниясының жетекшісі Лэй Цзюнға да осы мәселе бойынша шүйлікті. 

0 пікір
Мұрағат