"Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі картасы" мобильді қосымшасы әзірленді
"Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі картасы" мобильді қосымшасы әзірленді
10 жыл бұрын 4220

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек – будущее без барьеров» жобасы аясында «Жас Отан» Жастар қанаты «Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі картасы» мобильді қосымшасын әзірледі.

Бұл мобильді қосымшаның ерекшелігі – ол краудсорсинг ұстанымы бойынша республиканың түрлі қалаларының тұрғындарынан келіп түскен ақпараттар негізінде құрылады. Қолжетімділік картасы мүгедек жандарға көмектесумен қатар, оларды қала инфрақұрылымындағы қолжетімді нысандар туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған.
IOS және Android арқылы республиканың кез келген өңірінің тұрғыны нысанды суретке түсіп, оны бағалап, ол туралы пікірін жазып, мәліметтерді Қолжетімділік картасына жібере алады. Мобильді қосымшаны қажет еткен адам Play Market және App Store арқылы тегін көшіре алады. Аталмыш қосымша партиялық «Электронды партия» жобасының аясында әзірленді.
Қолжетімді карта санаттарына кірген нысандар саны әртүрлі, олар - мемлекеттік мекемелер, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, спорттық нысандар, арнайы бағдаршаммен жабдықталған жол қиылыстары, көлік тұрағы және тағы басқалары.
Жобаның әзірлеуші - «Жас Отан» Жастар қанаты.
«Қазіргі таңда жаңа технологиялар мен гаджеттерді әсіресе жастар белсенді түрде пайдаланатыны мәлім. Сондықтан, осы іс-шараға атсалысуға біз жастарды тартып отырмыз. Солардың жасампаздықтарының арқасында Қолжетімділік картасы қоғамда керекті құралға айналатынына сеніміміз зор», - дейді «Жас Отан» ЖҚ Атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов.
«Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі картасы» мобильді қосымшасына тәуелсіз сарапшылар да өз бағасын берді.
«Аталмыш жобаның идеясы өзекті және уақтылы, осындай жобалар біздің қоғамға қажет. Барлық деңгейдегі, ауылдардағы, аудандардағы, қалалардағы нысандарды көптеп қосуды, сонымен қатар, Қолжетімділік картасының модераторлары арбамен қозғалатын мүгедектер болса деген ұсынысым бар, өйтекні олар проблеманың түп-төркінін жақсы біледі. Бұл бағдарламаның артықшылығы сол - барлығына түсінікті, пайдалануға ыңғайлы және жарнамалық баннері жоқ», - деп қазақстандық блоггер Алмаз Ержан.
Қолжетімділік картасы туралы ақпаратты map.nurotan.kz сайтынан алуға болады. Сайтта «Кедергісіз келешек - Будущее без барьеров» бағдарламасы аясындағы соңғы жаңалықтармен, видео ақпараттармен, суреттермен таныс бола аласыздар. Сонымен қатар «Пайдалы қор» бөлімін қосу жоспарлануда, ол жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мекемелер, ұйымдар туралы мәліметтер базасы сақталады.
Қазіргі кезде Қолжетімділік картасы тестілеу режимінде жұмыс жасайды. Осыған орай әрбір азаматтың өз пікірі мен ескертулерін map@nurotan.kz мекенжайына жібере алады. Қосымша ақпарат алу үшін +7 7172 555 710 телефонына хабарласуға болады.
Қолжетімділік картасы негізінде түскен ақпараттар мен ұсыныстар жергілікті жердегі бастауыш партия ұйымдарына жіберіледі, ол жерде «Нұр Отан» партиясының филиалдары әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізеді.
Анықтама:
Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы мүгедектердің өмір сапасын арттыруға және мүмкіндігі шектеулі жандарды тұрақты жұмысқа орналастыруға бағытталған «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыруда. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді, 7 Кодекске және 24 Заңға өзгертулер енгізу қарастырылуда, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде 8,8 мың мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналасқан.

0 пікір
Мұрағат