|
Микропластик тек қоршаған ортаны ластап қоймай, организмді улайтын қоспаға айналады
|
Ғалымдар сумен араласқан микропластиктердің организмге зиянды әсері күшті қауіпті қоспаны қалыптастыратынын анықтады. Бұл жайында islam.kz порталы cursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Микропластик тек қоршаған ортада және организмде жиналып, салдары кейін білінетін түрлі қабыну тудыратын қабілетімен ғана қауіп төндірмейді. Таяудағы зерттеу нәтижесі күлдей ұсақ пластикалық бөлшектердің жасушаларды зақымдауға қабілетті химиялық процестерді тудыруы мүмкін екенін көрсетті. Ол үшін пластиктің кәдімгі сумен байланысқа түсуі жеткілікті. Бұл тараптағы зерттеуді Колумбия жоғарғы оқу орнының білікті мамандары Берклидегі Калифорния университетінің әріптестерімен бірге жүргізді. Ғалымдар микропластиктың қоршаған ортаны ластап қана қоймай, сонымен қатар, сумен белсенді әрекеттесетінін анықтады. Сумен байланыста болғанда оның бетінде оттегінің белсенді түрлері (ROS) пайда болады, олардың кейбіреулері ДНҚ-ны, ақуыздарды және жасушалық құрылымдарды зақымдауға қауқарлы. Ғалымдар мұндай реакцияны су жұқтырмайтын гидрофобтық қасиетінің, яғни, пластиктің беткі жағының ерекшеліктерімен байланыстырады. Екі ортаның арасындағы шекарада электрондарды тасымалдауға және химиялық реакцияларды іске қосылуына қолайлы жағдай жасалады. Осылайша, микропластик инертті ластаушы болып қалмай, аса қауіпті, белсенді қосылыстардың пайда болуына алаң ретінде қызмет атқарады. Ғалымдар пластиктің алты түрін зерттеді: полиэтилен, полипропилен, полистирол, ПВХ, ПЭТ және акрил. Олардың барлығы сумен жанасу кезінде оттегінің белсенді түрлерін бөліп алды, алайда, бұл процесс полиэтилен мен полипропиленде, ал ең нашары - ПЭТ пен акрилде байқалған. Реакциялардың қарқындылығы бөлшектердің өлшеміне де байланысты: пластик фрагменттері неғұрлым кішкентай болса, олардың үстіңгі бетінің жиынтық ауданы соғұрлым үлкен болады және белсенді қосылыстар пайда болуы мүмкін аймақтар соғұрлым көп және ауқымды болады. Бұл бағыттағы тәжірибеде полистиролдың тышқан эритроциттерімен жанасқан кезінде кері әсері анықталды: гемоглобиннің түзілуінде ауытқу тудырып, жасуша пішін өзгерткен. Осылайша пластиктің химиялық белсенділігінің жасушаларды зақымдауы мүмкін екенін растады. Микропластик қаптама мен басқа да бұйымдардың тозуы кезінде ғана емес, синтетикалық киімді өндіру және жуу процесінде де пайда болады. Микропластиктердің қоршаған ортаға таралуына, яғни, ластауына, сондай-ақ, пластикалық контейнерлерді микротолқынды пеште қыздыру және шөлмектерді күн астында сақтау сияқты салаақ әрекеттер де ықпал етеді. Таяудағы зерттеу микропластиктың қауіптілігі - оның организмге жиналуында ғана емес, сонымен қатар, организмге қауіпті химиялық реакцияларды тудыратындығын көрсетті.