Ұлпа жүнді аң терісінің саудасына тыйым салған алғашқы ел пайда болды
Ұлпа жүнді аң терісінің саудасына тыйым салған алғашқы ел пайда болды
3 жыл бұрын 2020 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Израил билігі сән индустриясында қымбат табиғи ұлпа жүнді тері саудасына тыйым салды. Жабайы жануарларды қорғау туралы ережеге енгізілген түзету жарты жылдан соң қолданысқа енеді. Бұл жайында islam.kz порталы The Jerusalem Post ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша Таяу шығыстағы аталған ел әлем бойынша тұңғыш рет ұлпа үнді аң терісінің саудасына тыйым салған ел ретінде тарихта қалатын болды. Жабайы жануарларды қорғау туралы ережеге енгізілген түзетуге сәйкес ұлпа жүнді аң терісінің саудасына және оны сырттан тасымалдауға, яғни, импорттауға мемлекеттік лицензия берілмейді. Десе де бірқатар жағдайда рұқсат етіледі: ғылыми зерттеу, білім беру және діни мақсатта. Осы орайда оқырманға түсінікті болу үшін діни мақсатта ұлпа жүнді аң терісінің қалай пайдаланылатынын айта кетпекпіз. Мәселен, кей жамағат өздерінің наным-сеніміне қарай табиғи ұлпа жүнді аң терісінен тігілген қалпақ киюді әдетке айналдырған. Аталмыш ережеге енгізілген түзету талаптарын бұзғандар 75 мың шекел (шекел – Израилдің ұлттық валютасы. 75 мың шекел – шамамен 1 млн теңге болады) мөлшерінде айыппұл салынады. Ереже талаптарының сақталуын Ұлттық бақтар мен қорықтар басқармасының өкілдері қадағалайды. Дегенмен мұраға қалған ұлпа жүнді аң терісінен тігілген бұйымдарды елге әкелуге немесе әкетуге арнайы рұқсат алуы тиіс.

Ұқсас материал:

«Финляндия фермасындағы сұмдық» (https://islam.kz/kk/news/alem/finlyandiya-fermasyndagy-sumdyq-foto-13840/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат