Су ресурсы үшін соғыс Орта Азияда басталуы мүмкін бе
Су ресурсы үшін соғыс Орта Азияда басталуы мүмкін бе
3 жыл бұрын 3213 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті. Алғашқы сөйлемнен кейін қойылуы тиіс сілтеме

Өздеріңіз де шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарынан білетіндей, сәуір айының 28-і және 29-ы күнгі тәжік-қырғыз қарулы қақтығысының астарында жерді бөлісе алмау жатыр, дәлірегі, су ресурсы үшін талас-тартыс жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы мәлім етеді. Орта Азия – жаһандық жылынуға байланысты су тапшылығынан зардап шегетін аймақтардың бірі. Климат дағдарысына байланысты бұл проблема жанға бататын жара секілді уақыт өткен сайын тереңдей бермек. Болашақта соғыс мұнай шикізаты немесе өзге қазба байлықтар үшін емес, осы су үшін болатынын және бұл соғыстың қатері су тапшылығынан зардап шегетін Орта Азияда жоғары екенін сарапшылар айтып та, жазып та жүр. Соңғы дерек бойынша бірнеше кісі өліміне алып келген тәжік-қырғыз қақтығысы уақытша тоқтатады, алайда, қақтығыс қатері сейілген жоқ. Әзірге сейілмейді де. Олай болатын себебі, ең алдымен шекараның ашықтығы, дәлірегі, шекараны шегендеу, яғни, демаркация әлі аяқталған жоқ. Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының ұзындығы 900 шақырымнан асады. Оның жартысына жуығы әлі тараптар келісімімен бекітілген жоқ. Шекара маңында бірқатар елді-мекендер мен жайылымдар бар. Шамамен 70 даулы пункт орналасқан. Аталған екі елдің шекараны шегендеуіне осы даулы аймақтар қолбайлау болып отыр. Тәжікстан тарапы 1924-1939 жылдары сызылған картаны негіз етіп алса, Қырғызстан жағы 1958-1959 жылдары бекітілген картаны дәлел ретінде көлденең тартып отыр. КСРО-дан бұра тартқан, мұраға қалған аумақтық талас-тартыс тек тәжік пен қырғыз арасында ғана емес, өткен жылы болып өткен Әзірбайжан мен Армения арасындағы Қарабақ мәселесі де, Молдовадағы Приднестровия мәселесі де алдын  ала кеңес одағының құрамындағы ұлттардың арасына сына қағып кеткен болатын. Осылайша болашақта оларды бөліп алып басқару үшін. Бұл тақырып өз алдына бөлек болғандықтан арнайы тоқталып жатпаймыз. Тәжіктердің уәжі бойынша бұл даулы жерді кезінде мал шаруашылығымен айналысатын қырғыздар жайылым үшін жалға алған. КСРО кезінде. Оны тәжік тарапымен келіспей, тек бір жақты тәртіппен бекітіп жіберген. Тәжікстанның Соғды ауданы мен Қырғызстанның Баткен ауданы арасындағы қақтығыс шекарадағы суды бөлетін пунктке талас үшін болған. Бекітілмеген шекараның өзге аймағында емес, дәл осы су бөлетін бекетте орын алуы көп жайтты аңғартса керек. Бұл қарулы қақтығыс Баткен ауданына қарасты Көк тас ауылындағы су бөлетін пункт маңындағы электр бағанына тәжіктердің видеобақылау камерасын орнатудан басталған болған. Аталған су бөлетін пункт Қырғызстан аумағындағы Төрткөл су қоймасына құятын арықтың бас жағында орналасқан. Бұл нысан 1968 ылы салынған – Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанның шекаралас аудандарындағы ауыл шаруашылық жерлерін суару үшін. Сарапшылардың аутынша, екі ел арасындағы бұл проблеманың шешімі жоқ, тек тараптардың біреуі шегініс жасағанда ғана, яғни, ұтылатын қадамға бару арқылы шешімі табылады. Бұдан бөлек, қырғыздар мен өзбектар арасындағы Кемпірабад су қоймасы да екі тараптың бас ауруына айналған нысан. Ташкент протоколына сай Қарасүй ауданындағы 50 гектар жер айырбасқа Өзбекстан тарапына берілуі тиіс. Алайда, қырғыз билігі бұған келіскенімен жайылымдық жерден таршылық көріп отырған қырғыз шаруалары бұл келісімге наразылық білдіріп отыр. Кемпірабад су қоймасы қырғыз халқының талабымен өзбектерге берілмейтін болды. Экономикасы тұралаған, көрші елдермен жер дауы бар Қырғызстан билігін қолына алған Садыр Жапаров бұл күрмеуі көп түйткілге айналған мәселелерді шеше ала ма, оны алдағы уақыт көрсетеді, десе де бұл оның атына – сын: не бел кетеді, не белбеу кетеді.

0 пікір
Мұрағат