Мұсылман елінде үйленбегендерге айыппұл салынуы мүмкін
Мұсылман елінде үйленбегендерге айыппұл салынуы мүмкін
3 жыл бұрын 3973 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті. Алғашқы сөйлемнен кейін қойылуы тиіс сілтеме

Бүгінде әлем бойынша қоғамның негізгі іргетасы саналатын отбасы институтының рөлі кеміп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы islam.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұған адам құқығы мен бостандығы және қалауы алдымен ескерілетін батыстық қоғам құндылықтары мен постиндустриялық кезеңге тән технологиялық игіліктер өз әсерін тигізуде. Бұл – жалпылама тенденция, алайда, әр елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де отбасы институтының әлсіреуіне өз салқынын тигізетінін айта кетпеске болмайды. Мәселен, аштық пен екінші дүниежүзілік соғыстан бірнеше млн адамынан айырылған КСРО кезінде адам санын көбейту мақсатында бойдақ салығы қолданысқа енгізілген еді. 1941 жылдың қараша айында КСРО Жоғарғы Президиумы «Бойдақтарға, жалғызбасты әрі отбасы мүшесі аз азаматтарға салық салу» жарғысы қабылданды. Аталмыш жарғы талаптары бойынша 20-50 жас аралығындағы перзент сүймеген, 20-45 жас аралығындағы бала көтермеген әйелдер жалақысының 6 %-ын мемлекет ұстап қалатын. Соғыстан кейін ел экономикасын көтеру үшін қабылданған бұл шара біршама өз-өзін ақтаған да еді. Бертін демографиялық ахуалы нашарлаған Ресей қоғамында бұл бастама қайта көтерілген болатын. Пәкістанның Синда провинциясында кәмелет жасына толғаннан кейін үйленбегендердің ата-анасына айыппұл салу туралы ұсыныс айтылып жатыр. Аталған елдің консервативті ислам альянсы атынан Сайд Әбдірәшит есімді саясаткер баласы кәмелет жасына (18 жас) толғаннан кейін үйленбесе, оның ата-анасына 500 рупий мөлшерінде айыппұл салуды ұсынып отыр. Мұндай ұсыныс қарастырылған заң жобасын Синда ассамблеясының бірнеше мүшесі мақұлдап үлгерген. Халық саны көп Пәкістан билігі мұндай қадамға нендей мақсатпен барды? Сайд Әбдірәшиттің айтуынша, мұндай шара елдегі етек алып жатқан қылмыстың санын азайтуға септігін тигізеді, бұдан бөлек, дәстүрлі құндылықтардан бас тартудың арты әлеуметтік проблемаларға ұласады. Аталмыш заң жобасында қалыңдыққа жасау беру міндетін алып тастау да қарастырылған. Қалыңдық жасауы кедей жігіттердің бағын байлап отыр.

 

0 пікір
Мұрағат