Еуроаймақта тұңғыш рет ислами құнды қағаз айналымға шығарылды
|
Люксембург тарихта тұңғыш рет бірыңғай еруо валютасында сукукты мемлекеттік деңгейде айналымға шығарды. Бұл жайында MENAFN ақпарат көзі хабар таратты. Ислами құнды қағазды үстіміздегі жылдың қыркүйек айында шығарғаны енді белгілі болып отыр. Төлеп бітіретін мерзімі бес жылға белгіленген 200 млн еуро сомасындағы ислами құнды қағаздың айналымға жіберілгені турасындағы ақпаратқа сенсек, люксембурлық сукукты сатып алуға қатысты өтініштердің мөлшері айналымға шығарылған ислами құнды қағаздардың мөлшерінен екі есе асып түседі екен. Мемлекет кепілдік беретін ислами құнды қағаздардың 61 пайызын Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка инвесторлары, ал 20 пайызын еуропалықтардың өздері сатып алған, 19 пайызына азиялық инвесторлары «ен таққан». Эмиссияның 50 пайызын орталық банктер мен мемлекеттік мекемелер, 40 пайызын коммерциялық банктер, қалған 10 пайызын инвестициялық қорлар сатып алған.