Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) қандай еді?
Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) қандай еді?
3 жыл бұрын 5049

Сахаба Абдулла ибн Бүср былай деп әңгімелейді:

«Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір қауымның есігіне барған кезде (яғни, бір адамның үйіне барған кезде), есіктің қарсы алдына беттеп тұрмайтын еді. Есіктің оң жақ бағанасына немесе сол жақ бағанасына қарай тұратын. Және «әссәләмуғалейкум, әссәләмуғалейкум» дейтін»[1]. «Егер рұқсат берілсе кіретін, болмаса кірмей, кері қайтатын».

Сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) айтады:

«Әлдекім бір нәрсе айтпақшы болып Алла елшісінің құлағына басын жақындатқан болса, ол өзі (сөзін аяқтап) басын кейін алмай, Пайғамбарымыз басын алмайтын (яғни, бірінші болып басын алып қашпайтын, әлгі адам сөзін аяқтап, басын кейін алғаннан соң барып басын кейін алатын). Сондай-ақ, әлдекім Пайғамбарымызбен (с.а.у.) қол алысып амандасқан болса, ол өзі қолын жібермейінше, Пайғамбар оның қолын жібермейтін»[2].

Сахаба Әнәс ибн Мәлик басқа бір сөзінде былай деген:

«Мен Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) он жыл қызмет еттім. Ол маған бірде-бір рет «Уфф» деп кейіген емес. Және бір нәрсені істемеген болсам «неге істемегенсің?» деп, ешқашан айтқан емес. Істеген нәрсеме де «неге істедің?!» деген де емес. Егер жұбайларының бірі маған әлдебір нәрсе үшін ұрысатын болса, Ол (с.а.у.) оларға: «Оған тимеңдер, егер Алла жазған болса ол нәрсе істелетін еді» дейтін»[3].

Сахабаның бірі Әбу Мәсъуд әл-Бәдри деген кісі былай деп әңгімелейді:

«Мединелік Аңсарлардың бірі Әбу Шуъайб деген адам бар еді. Ол өзінің қасапшы қызметшісіне: «Бес адамдық тамақ істеші. Бесеудің бірі қылып Пайғамбарымызды да (с.а.у.) шақырғым келеді. Өйткені, мен Оның жүзінен аштықтың белгісін байқадым» деді. Оларды шақырды. Оларға қосылып тағы бір адам келді (яғни, алтыншы болып шақырылмаған біреу ілесіп келді). Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) үй иесіне: «мына кісі бізбен ілесіп келді. Егер рұқсат бергің келсе, оған рұқсат бер, ал егер кейін қайтсын десең, кейін қайтсын» - деп (шақырылмаған бір адам үшін рұқсат сұрады). Сонда Әбу Шуъайб: «Жоқ, кірсін. Оған рұқсат беремін» - деді»[4].

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) ешқашан (алдына қойған) асты сынап-мінеген емес. Егер тәбеті тартса жейтін, тәбеті тартпаса жемейтін»[5].

Сәһл ибн Сәъд дейтін сахабаның бірі былай деп әңгімелейді:

«Бір кезінде Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ішетін сусын әкелінді. Ол одан ішті. Оның оң жағында бір бозбала, ал сол жағында егде тартқан кісілер отырған болатын. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) бозбалаға қарап: «сусынды мына кісілерге беруіме рұқсат бересің бе?» - деп сұрады. Бозбала болса: «жоқ, уа, Расулалла! Сізден қалған несібені ешкіммен бөлісе алмаймын» - деп, Алла елшісі ішкен сусынды өзгеге бергісі келмеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолындағы суы бар ыдысты оның қолына ұстатты»[6].

Әнәс ибн Мәлик (радиаллаһу анһ) Алла елшісінің түр-түсін сипаттай келе оның реңі жайында былай деп өтеді:

«Пайғамбарымыздың (ғалейһиссаләту уә сәлләм) реңі жарқын, нұрлы еді. Реңі тым әппақ та емес, қара да емес тұғын»[7].

Әзіреті Әли Оның түсі жайында:

«Алла елшісі (с.а.у.) сәл-пәл қызыл араласқан ақ түсті еді (яғни, қызыл шырайлы еді)[8]. 

Сахаба Кәъб ин Мәлик айтады:

«Алла елшісі (с.а.у.) қуанышты болған сәтінде жүзі нұрланып, құдды айдың бір бөлігі іспетті боп тұратын»[9].

Сахаба Бәррадан бір кісі:

«Алла елшісінің жүзі қылыш сияқты ма еді?» - деп сұрады. Сахаба Бәрра: «Жоқ. Толған ай сияқты еді» - деп жауап берді[10].

Әнәс ибн Мәликтің айтуы бойынша:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) жүрген кезде алға қарай сәл-пәл еңкейінкіреп, оңға және солға аздап теңселіп жүретін және қадамдарының арасын жақын алатын».

Сахаба Абдулла ибн Аббастың да Алла елшісінің жүрісі жайындай былай деп айтқаны бар:

«Алла елшісі (с.а.у.) жүрген кезде жинақы боп жүретін, жүрісінде солғындық болмайтын (яғни, тың жүріспен, сенімді жүретін)»[11].

Сахаба Бәрра ибн Ъазиб:

«Алла елшісі бет-әлпет тұрғысынан да, әдеп тұрғысынан да адамдардың ең көркемі еді. Ол не тым ұзын емес, не қысқа бойлы емес тұғын»[12].

Сахаба Жәбір ибн Сәмәра былай дейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) күлгенде тек жымиятын...»[13]

Абдулла ибн Харис:

«Мен Алла елшісі сияқты көп жымиятын адамды көрген емеспін»[14].

Пайғамбар жұбайы Айша анамыз айтады:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) әйелін болсын, қызметшісін болсын ешқашан ұрған емес»[15].

Айша анамыз басқа бір сөзінде былай деп әңгімелейді:

«Бір топ бәдәуи арабтары Алла елшісіне келіп: «Сендер сәбилеріңді сүйесіңдер ме?» - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап берді. Олар: «Ал біз, уаллаһи, балаларымызды сүймейміз!» - деді. Сонда Алла елшісі оған: «Алла сенің жүрегіңнен мейірімділікті алып қойған болса, мен не істей аламын?!» - деп айтты»[16].

Ұлы табиғиндердің бірі Әсуад ибн Язид былай деп әңгімелейді:

«Бір кезінде Айша анамыздан: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйінде не істейтін еді? – деп сұрадым, Айша анамыз: «Ол (с.а.у.) жанұясының қызметінде болатын. Қашан намаз уақыты кірсе, намазға шығатын» - деп жауап берді[17].

Тағы бір сөзінде осылай сұраушыларға, Айша анамыз:

«Ол адамдардың бірі еді. Жыртығын жамайтын. Ешкісін сауатын» деп жауап береді". 

Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын! АЛЛАҺУММА САЛЛИ УӘ СӘЛЛИМ, УӘ БӘРИК АЛЯ МҰХАММЕД! 

Хадистерді араб тілінен аударып, 
қазақшалаған: Абдусамат Қасым.


[1] Әбу Дәуід: «Сүнән»
[2] Әбу Дәуід: «Сүнән».
[3] Имам Бұхари: «Әдәбуль Мүфрад»; «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[5] «Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім».
[6] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[7] «Сахих Мүслім».
[8] Имам Ахмед: «Мүснәд»; Имам Тирмизи: «Сүнән».
[9] Бұхари, Мүслім.
[10] Бұхари.
[11] Имам Ахмед: «Мүснәд».
[12] Бұхари, Мүслім.
[13] Имам Тирмизи: «Сүнән».
[14] Имам Тирмизи: «Сүнән».
[15] Имам Ахмед: «Мүснәд».
[16] Әбу Дәуід: «Сүнән».
[17] Сахих Бұхари.

0 пікір