Адам атаның көз жұмуы
Адам атаның көз жұмуы
24 күн бұрын 5426

Алғашқы адам һәм пайғамбар Адам ата дерек көздерінде шамамен мың жылдан ұзақ өмір сүргені айтылады. Демек, бұрынғы адамдар бізден әлдеқайда ұзақ өмір сүрген. Оған қоса, олар бізден ұзын болған деседі. Бухаридағы бір хадисте хазірет Адамның бойының алпыс құлаш екендігі және кейін бірте-бірте аласарып шөккені айтылады[1].

Мысалы, «алпыс құлаш» шамамен сол кездегі адам бойының отыз метрдей болғанын білдіреді. Ал бүгінгі таңда табылып отырған бұдан екі миллион жыл бұрын өмір сүрген адамның қаңқасы бізден осыншалық ұзын емес. Алайда бұл жерде Ислам ғұламаларының көзқарасына тоқтала кетсек, олардың «алпыс құлаш» деген пікірінің жаны бар. Хадиске көз салсақ, Адамның алғаш жаратылып жаннатқа кірген кезі алпыс құлаш екендігі және адамдардың да Жаннатқа кірерде бойларының алпыс құлаш болып кіретіндігі айтылған. Ендеше, Жаннат пен жердің өзіне тән заңдылығы бар. Яғни Адам атаның бойы Жаннатта алпыс құлаш болған. Ал жер бетіне түскенде кәдімгі орта бойлы адамға айналған[2].

Бір ақиқаты – сол кездің адамдары бізден әлдеқайда еңселі болған. Өйткені хадистің толық нұсқасында:

«Адамдар уақыт озған сайын аласарып барады», – дейді.

Демек хазірет Адамның жер бетіндегі тұрқы Жаннаттағыдай болмаса да қазіргі адамдардың бойынан әлдеқайда сұңқар болғандығы айқын. Бұдан шығатын қорытынды: қазіргі қысқа бойлы мұсылмандар да Хақ тағаланың рақымымен Жаннатқа алпыс құлаш болып кіреді.

Адам баласы жер бетіне бейбітшілік орнату үшін келген. Негізі, адам жаратылысының да мақсаты осы. Бұны Адам атаның алғаш жаратылған кезіндегі сөзінен байқауға да болады. Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді:

«Аллаһ тағала Адамды өз келбетінде және бойын алпыс құлаш етіп жаратқан кезде: «Барып, ана жердегі періштелерге сәлем бер. Олардың да саған қалай сәлем беретіндіктеріне көңіл қойып тыңда. Өйткені сол сәлем сенің және ұрпағыңның сәлемі болады», – дейді. Сонда Адам оларға жақындап: «Әссәләму алайкум!» – деп сәлем береді. Періштелер: «Әссәләму алайкә уә рахматуллаһ», – деп жауап береді. Олар «уә рахмәтуллаһ» дұғасын қосып айтады»[3].

Міне, хазірет Адамның алғашқы айтқан сөзі осы болатын. Ол әу бастан бейбітшілікті жақтағаны тәрізді ұрпағына да мың жыл бойы «Қашанда тура жолда жүріп, бейбіт өмір сүріңдер» деуден жалықпады. Ол өзі бұрын жаннатта өмір сүрсе, жер бетінде де өзінің сол жаннатқа лайық екендігін мың бір машақатпен дәлелдеді. Ол пайғамбар ретінде де ұрпағына дінді толықтай жеткізіп, оларға жер бетінде қалай өмір сүру керектігін үйретті. Ол пайғамбарлықтан бұрын да, кейін де пайғамбарлық атқа кір келтірмей ғұмыр кешті. Сол себепті ол Хақ тағаланың «Сафиуллаһ» деген марапатына ие болды. Құрандағы:

«Аллаһ тағала Адамды, Нұхты, Ибраһим отбасын және Имран отбасын таңдап, мерейін үстем етті»[4] аяты да осының бірден-бір дәлелі. Ол сондай-ақ, шапағат хақындағы хадисте де «Адамзаттың әкесі» деп аталып, үлкен баға берілген. Һәм халифалық тұрғысынан да «Халифатуллаһ» деп білінеді. Ол сол халифалық міндетін атқарып, ең алғаш рет Хақ тағаланы жер бетіне паш етті. Осы тұрғыдан алғанда да оның мерейі үстем еді.

Жаратылған кезде күнәдан қалай пәк жаратылса, бұл ғұмырдан көшіп бақилық боларда да күнәсіз күйінде көз жұмды. Өлер алдында ол Хақ тағалаға жалбарынып өзінің көз жұматындығын, ал Ібілістің қияметке дейін өмір сүріп, бұның артынан мазақтап күлетіндігін айтты. Сонда Аллаһ тағала оған уахи арқылы:

«Сен қайтадан жаннатқа кіресің. Ол болса қияметке дейін жер бетіне қанша адам келіп-кетсе, сонша өлімнің дәмін татып, азап тартады» деп жауап беріп, Адам атаны жұбатады. Кейбірдеректерде ол қайтыс болғанда, балаларыденесін Қағбаға жақын Әбу Қубәйс деген төбенің басына жерлегені айтылады. Осылайша топырақтан жаратылған денесі топыраққа қайтадан кіреді. Оның асыл жары – Хауа ана да көп ұзамай қайтыс болғаны кейбір деректерде айтылады[5]. Хақ тағала ардақты Пайғамбары мен оның асыл жарына мәңгілік разы болып, рақым нұрын төксін!

"Пайғамбарлар тарихы" атты кітаптан.
Авторы: Қалмақан Сейтұлы


[1] Бухари, 6/362; Қуртуби, тәпсірі, ХХ/45
[2] Казанжы, 74-бет
[3] Бухари. Әнбия 1; Муслим. Жаннат. 28/2841
[4] «Әли Имран» сүресі, 33
[5] Ислам ансиклопедиси, Хауа бабы.

0 пікір