Мекке қаласының азат етілуі (Ислам тарихы)
Мекке қаласының азат етілуі (Ислам тарихы)
7 ай бұрын 3373

Худайбия келісімі бойынша араб тайпалары қалаған жағымен байланыс орнатып келісім жасай алу мүмкіндігіне ие болған еді. Осы себепті Хузаа тайпасы мұсылмандармен, ал Бәкра тайпасы құрайыштармен келісімге отырды. Екі тайпа бірталай уақыт бейбіт өмір сүрді. Бірде күтпеген жерден құрайыштармен келісім жасаған Бәкра тайпасы Хузаа тайпасын шабады. Нәтижеде жиырма адам көз жұмып, көп адам жарақат алады. 

Хузаа тайпасы өз одақтастары мұсылмандарға кісі шаптырып, Пайғамбарымыздан көмек сұрайды. Пайғамбарымыз мән-жайға қаныққан соң Құрайыштарға әуелі мынадай үш шарт қойды: Құрайыш Хузаа тайпасының адам құнын төлейді; Бәкра тайпасымен жасасқанкелісімненбас тартады; бұл екеуі орындалмаса Худайбия келісімі үзіледі. Құрайыштар бұл шарттарды алғашқыда елемегенмен, біраз уақыттан кейін ес жиып, мұсылмандардан сескене бастайды. Мұсылмандар аяқ астынан соғыс аша қалса, жағдайларының қиындап кететінін біліп, дереу ақылдасып елшілікке Әбу Суфиянды аттандырғанды жөн көреді. 

Әбу Суфиян уақыт оздырмай жолға шығып, Хузаа тайпасынан бұрын қимылдап, екінші келісімге келуді ойлайды. Алайда Мәдинаға келгенде ол жағдайдың мүлдем басқаша екеніне көз жеткізеді. Мәдина халқы жағдайдан толық хабардар еді. Тіпті ешкім де Әбу Суфиянды елеген жоқ. Керек десеңіз, Пайғамбардың жұбайы өз қызы Үммү Хабиба да әкесін жақтыртпады. Артынша мешітке де соқты. Ол жерде де ойлағанындай болмады. Содан кейін ол хазірет Әли мен хазірет Айшадан (р.а.) қолдау күтті. Бірақ мұнысы да сәтсіз аяқталды. Тіпті төрт жасар Хасан мен Хұсейн де қасына жақындамады. 

Меккеге оралғанда басынан кешкен жағдайды айтып қанша ақталса да Меккеліктер оның түк тындыра алмағандығын айтып жазғырды. Өйткені Әбу Суфиян Мәдинада ешкімнен қолдау көрмеген соң хазірет Әлиден (р.а.) кеңес сұраған болатын. Оған Әли былай деп жауап береді: «Сен құрайыштардың көсемісің. Мешіттің алдында тұрып екі жақтың атынан келісімді қайта жаңғырттым деп халыққа дауыста. Басқалай саған берер кеңесім жоқ». 

Әбу Суфиян мешіттің алдында Әлидің (р.а.) кеңесі бойынша әрекет етуін еткенімен, бұны да көзге ілген жан болмады. Меккеліктерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Әбу Суфиян, өкінішке орай, Мәдинада ешкімге сөзін өткізе алмады. Хузаа тайпасы шабуылға ұшыраған соң Әбу Суфиянның уақыт оздырмай Мәдинаға баруы мұсылмандардың бұл уақытта айтарлықтай күшейгенін көрсетеді. 

Хузаа тайпасына көмектесуге уәде берген Пайғамбарымыз (с.а.с) Әбу Суфиян кеткен соң, үлкен қол жинайды. Бұл хижраның сегізінші жылындарында алған оқиға. Нәтижесінде мұсылмандардың саны он мың адамға жетіп жығылды. Қалың қол Меккеге қарай бағыт түзеді. Мұсылман әскері тым тақау келгенде ғана мүшріктер олардың шабуылға шығатынын анық түсінеді. Меккенің айналасын жарыққа бөлеген мың сан отты көрген Әбу Суфиян екі жолдасымен жағдайды өз көзімен көрмек болып қаладан шығады. Алайда, олар қолға түсіп қалады, еріксіз мұсылмандықты қабылдайды. 

Келесі күні оны Пайғамбарымыз өз жөніне қоя береді. Және былай дейді: «Кімде-кім қаруын тастаса оған қауіп жоқ. Және кімде-кім Харам мешітін, өз үйін не Әбу Суфиянның үйін паналаса, оларға ешкім тиіспейді». 

Меккені қос қапталынан қысқан мұсылман әскері аз уақыттың ішінде қаланы бағындырды. Ғаламға рақым ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.а.с) Меккені қан төгіспей бағындыруға қатты көңіл бөлді. Осылайша кезінде мойындағысы келмегендер Аллаһтың қалауымен Пайғамбарымыздың алдында мойындарына су кетіп мүсәпір болып тұрды. Мекке халқы іштей қандай жаза тартатындықтарын ойлап, уайымдай бастады. Қағбаның қасына келген, Аллаһ елшісі өзіне осы уақытқа дейін тек жамандық ойлап келген мүшріктерге қарата «Енді менен не күтесіңдер?» деп сұрады. Көбісі өлім жазасына лайық болатын. Алайда, олар бастарын көтеруге де шамалары келмеді. Дегенмен, Аллаһ елшісінің мейірімді, мейірбан жан екендігін білгендіктен «Сен біздің қадірлі бауырымызсың. Әрі құрметті ағамыздың баласысың» деп, өкініштен өзектері өртеніп одан кешірім тіледі. Сонда Ақиық елші (с.а.с.) өзінің Құранда мадақталған «ұлы көркем мінезге ие екенін» күллі адамзатқа мойындатып: «Мен Жүсіптің өз бауырларына айтқанын ғана қайталамақпын: Бүгін сендерге жазғырып жазаламаймын. Ешкімнен де кек алмаймын!» деді. 

Күні кешеге дейін дұшпандықта тым шектен шыққан мүшріктер мұншалықты кешірімділікке қайран қалды. Пайғамбарымыздың бұйрығы бойынша Қағба ішіндегі және сыртындағы барлық пұттардан тазартылды. Артынша Біләлге (р.а.) азан шақыруды бұйырды. Біләл (р.а.) Қағбаның үстіне өрмелеп шығып азан шақырды. Пайғамбарымыз әуелі ер кісілерден, содан кейін әйелдерден Ислам шарттарына мойынсұнғандары жөнінде серт алды.ОсылайшаМеккедемұсылмандықты қабылдамаған бірде бір мүшрік қалмады. Мұсылмандықты жаңа қабылдағандар Сафа жотасында отырған Пайғамбарымызға серт берде бастады. Әбу Бәкір де (р.а.) көзі көрмей қалған қарт әкесін ертіп келді. Оны көргенде кішіпейілдікте алдына жан салмаған Аллаһ елшісі: – Әй, Әбу Бәкір, қарт кісіні неге әуреледің? Біз өзіміз-ақ ол кісінің алдына барар едік қой, – деді. Әбу Кухафа сол жерде тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болды. Аллаһтың қалауы әрі сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ерекше парасаттылығы мен фәтанатының арқасында азулы Мекке мүшріктері біртіндеп мұсылмандықты қабылдады. 

Икрима алғашқыда Йеменге қашқан еді. Алайда мұсылмандықты қабылдаған әйелі Үммі Хаким басын сауғалап елден жырақ кеткен Икриманы тауып алып: 

«Мен ең абзал адамның қасынан келе жатырмын. Аллаһ елшісі сені кешірді» деген сүйінші хабар айтады. Икримажүрексінсе де әйеліне еріп, Пайғамбарымыздың алдында Исламды қабылдады. Аллаһ елшісі уәде бергеніндей Икриманы жылы қарсы алып, оның сол күнге дейінгі жасаған барлық дұшпандықтарын кешірді. Аллаһ елшісі қаскөй мүшріктердің қатарында мұсылмандықты қабылдаған Сафуан ибн Үмайяны, Абдуллаһ ибн Зәбариды, тіпті Уахши мен Хиндті де кешірді.

Хинд кезінде Ухуд соғысында хазірет Хамзаны (р.а.) өлтірткен әрі қарнын жарып, мұрнын, құлағын кесіп өзіне алқа ғып таққан Аллаһ елшісіне қаны қас мүшрік әйел еді. Ал, Әсуад ибн Хаббар кезінде Меккеден Мәдинаға хижрет етіп жолға шыққан аяғы ауыр Аллаһ елшісінің қызы Зейнепті түйеден құлатып, Зейнептің өліміне себепкер болған адам еді. Аллаһ елшісі оны да кешірді. Рақым пайғамбарының кең кешірімінен ешбірі кенде қалмады. Мекке алынғаннан кейін алыс-жақын аймақтардан тайпалар топ-тобымен, Ислам дінін қабылдап жатты. 

Қалмахан Сейтұлы, "Пайғамбарлар тарихы"

0 пікір