Адамзаттың қас жауы
Адамзаттың қас жауы
2 ай бұрын 1986
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Қазiр дүниеде болып жатқан қылмыс атау­лының негiзi – iшiмдiк пен есірткіден. Ста­тистика: «Абақ­ты­да­ғы­лардың 60-70 па­йы­зы түрлі ішімдік пайда­ла­нудың кесі­рінен жаза жүктегендер» дейді. Оның сыр­тында дамыған медицина iшiм­дiктiң бұдан да басқа зияндылығын ғы­лыми негiзде дәлелдеуде. Осылардың ішінде ең қатер­лі­сі – алкогольдік сусындар ер мен әйел бо­йын­дағы ұрық клеткаларын зақым­дай­тын­дығы. 

Атақты дәрiгер Альфина Дебруч iшiм­­­дiктiң зияндылығын зерттей келiп: «Алко­голь­ді сусынды көп пайдаланатын ха­лықта өлiм көбейiп, бала өсiмi күрт төмен­дей­дi. Себебi дүниеге спирттiң әсерiнен әлсiз ұрпақ келедi. Iшкiлiк себебiнен қылмыс саны көбейедi. Ұрпағын апаттан сақтап қаламын деген әрбiр саналы адам iшкiлiкке қарсы тұруы қажет!» деген екен. Бүкiл әлемдiк денсаулық сақтау ассамблеясының (WHA) қарарында: «Маскүнемдiктің адамзат денсаулығына керi әсерi күллі әлемдiк проб­лемалар қатарында тұр», деп жазған.

Яғни ішімдік – адамзаттың қас жауы. Тіпті мәдени қарым-қатынасы мен жоғары деңгейде адами құқықтық өмір сүру салты қалыптасқан Еуропаның өзі ішімдіктен зиян шегіп отыр. 

Норвегия Фредерикстад емханасының психологі Др. Отто Хауг өзiндiк зерттеу әдi­сiмен, алкогольдiң ми клеткасын жоя­тын­дығын анықтады. Таңғаларлық нәрсе – сыраның миды зақымдауы спирттік дәрежесi ең жоғары деп есептелетiн вискимен бiрдей. Яғни мас адам әр ішкен сайын миындағы 15 миллиардтан астам нейрон клеткаларының бірнеше жүз мыңы өледі екен. 

Сөйтіп, бірте-бірте ми көлемі кішірейе береді. Бір ғажабы, арақтан уланып өлетін адам­ның алдымен миындағы клеткалары өледі екен. Ұзақ жыл маскүнемдікке са­лын­­ған бірнеше адамды зерттегенде олардың миларының мүлде кеуіп, семіп қала­тыны анықталған. Бұл – В.Коновалов сынды ғалым­дар­дың ғылыми түрде дәлелдеген тұжырымы.

Сол сияқты, сыраны көп iшкен әйелдердің көкiрек рагына ұшырау қаупi 60 пайыз деген мәлімет те айтылып жүр. Нақтырақ айтқанда, сыра ішумен айналасқан 100 әйелдің 60-ы өзіне өлім сатып алады. Ал сырақұмар еркектер болса бүйрек, қуық және тiк iшек (тоқ iшектiң соңғы бөлiгi) рагы қаупiне тез шалдығатыны әлдеқашан айтылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның нормативі бойынша жан басына шаққанда алкогольдік ішімдіктерді 8 литрден көп пайдаланатын елдің генофонды деградацияға ұшырайды екен. АҚШ маскүнемдiкке байланысты туындаған қиыншылықтарды шешу мақсатына жыл сайын 56 миллиард доллар бөлетін көрінеді. Бұл материалдық шығын. Ал iшкiлiк себебiнен ыдыраған отбасы, тiрi жетiмдердiң көз жасы, мүгедек туылған сәби­лер, өлiм-жітім, апат-шырғалаң, уақыт, т.б. шы­ғындарды доллармен есептеу мүмкiн емес.

Осыдан біршама жыл бұрын Ұлыбри­та­ния­лық IWSR ұйымы жасаған (халықаралық шарап пен спирттік ішімдіктер нарығын зерттеу ұйымы) зерттеуде маскүнем мемлекеттер тізімінде Қазақстан алдыңғы қатарға ілік­кені жайлы айтылса, ал қолдағы ресми деректерге жүгінсек, елімізде жылына жан басына шаққанда 5,9 литр арақ, 31 литр сыра ішіледі екен. 300 мыңдай адам маскүнемдікке шалдыққан. Мемлекетімізде арақ шығаратын 40 зауыт, шарап шығаратын 24 зауыт, сыра шығаратын 62 фабрика бар.

Жалпы, адамды мас қылатын ішімдік түрін, ақыл-есінен айыратын басқа да зиянды заттарды ислам шариғаты құптамайды. Сондықтан да болар, әлемдегі мұсылман мемлекеттері арақ-шарап қолданбайды. Олар­ды мұндай арам дүниеден сақтандырып тұрған шариғат үкімдері екені анық.

Атақты Оспан шадияр құтбада оқып тұрып iшкiлiкке қатысты: «Ей, жамағат! Алланың атымен ант етем! Бiр жүректе маскүнемдiк пен имандылық бiрге тоғыспайды. Оның бiрi екiншiсiн құртады», десе, тақуа білім иесі Біләл бiр сөзiнде: «Шараптың бiр тамшысы құдыққа тамып, кейiн сол құдықтың үстiне мұнара көтерiлсе, мен сол мұнарадан азан айтпас едiм. Егер шараптың бiр тамшысы теңiзге тамып, кейiн ол теңiз кеуiп, орнына шөп өнiп шықса, мен одан пайдаланбас едiм», депті.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхам­мад с.ғ.с.: «Көп мөлшерде мас етушi нәр­сенiң азы да харам» десе, орта ғасырда өмір сүрген мұ­сыл­ман ғалымы Абдур Раззақ: «Адамды бiр ғана микроб өлтiретіні сияқты, ішiмдiктiң тамшылары жүректегi иманды жойып, Жара­ту­шысының әмiрiне бойсұнудан алыстатады. Ішімдік iшкен адамның қырық күн бойы құлшылығы қабыл болмайды. Осы қырық күн iшiнде (тәубесiне келмей) өлiп қалса тозаққа түседi, Алла Тағала оған назар салмайды», деген пайғамбарымыздың хадисін алға тартады.

Дереккөз: egemen.kz/ 

0 пікір