Зинаның түрлері (хадистің негізінде)
Зинаның түрлері (хадистің негізінде)
27 күн бұрын 2049
А. Қасым

Ислам дінінде зина – ең үлкен күнәлардың бірі, ол - Алла Тағаланың қатаң тыйым салған арсыздықтар қатарына жатады. Қасиетті Құранда зинаға жақындамауға қатаң тыйым салынған, ал хадистерде оның ауыр зардаптары туралы ескертілген. Дегенмен, зина дегенде көпшілігіміз тек жыныстық қатынасты ғана түсінеміз. Алайда, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) хадистері мен Ислам ғұламаларының түсіндірмелеріне сүйенсек, зинаның тек бір түрі ғана емес, оған жетелейтін бірнеше алғышарттары мен түрлері бар.

"Ламәм"- Зинаның Бастауы

Алла Тағала "Нәжм" сүресінің 32-аятында: "Олар ірі күнәлар мен арсыздықтардан аулақ болғандар, тек «ламәм»-нан (кіші күнәлардан) басқа. Шынында Раббың кешірімі кең болған зат!" деп баяндайды. Бұл жердегі «Ләмәм» және «илмәм» сөздерінің мағынасыбір нәрсеге елігу, оған құштар болу, бірақ ол әрекетті жүйелі немесе тұрақты түрде жасамау дегенге саяды.

Осы "ләмәм" сөзінің мәнін ашу үшін Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) атақты хадисін келтіре отырып: «Мен Әбу Һурайраның Пайғамбардан риуаят еткен хадисінен артық "ламәмге" ұқсас ешнәрсе көрмедім» деп, Әбу Һурайраның Алла елшісінен (с.а.у.) естіген хадисін әрі қарай былай жалғастырады:  .

عن ابن عباس قال: ما رَأَيْتُ شيئًا أشْبَهَ باللَّمَمِ، ممَّا قالَ أبو هُرَيْرَةَ: عَنِ النبيِّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ: إنَّ اللَّهَ كَتَبَ علَى ابْنِ آدَمَ حَظَّهُ مِنَ الزِّنَا، أدْرَكَ ذلكَ لا مَحَالَةَ، فَزِنَا العَيْنِ النَّظَرُ، وزِنَا اللِّسَانِ المَنْطِقُ، والنَّفْسُ تَمَنَّى وتَشْتَهِي، والفَرْجُ يُصَدِّقُ ذلكَ أوْ يُكَذِّبُهُ.

«Алла елшісі былай деген: "Расында, Алла Тағала адам баласына зинадан үлесін жазған. Ол оған міндетті түрде ұшырайды. Көздің зинасы – қарау, тілдің зинасы – сөйлеу. Нәпсі қалап, құмартады, ал әурет оны растайды немесе жоққа шығарады».1

Аталмыш хадистегі "Алла Тағала адам баласына зинадан үлесін жазған" деген тіркес – адамды зина жасауға мәжбүрлеу емес, керісінше, оның өмірінде зинаға алып баратын жағдайлардың кездесетінін, ал оған қалай әрекет ету – адамның өз ерік-жігеріне байланысты екенін білдіруде.

Зинаның түрлері: Шынайы және астарлы (Ақиқи және Мәжәзи)

Жоғарыдағы хадис зинаның тек бір түрімен шектелмейтінін айқын көрсетіп отыр. Ислам ғұламалары бұл хадиске сүйене отырып, зинаны екі үлкен категорияға бөлген:

  • Ақиқи зина (шын зина): Бұл – ер мен әйелдің некесіз жыныстық қатынасқа түсулері. Некесіз қатынасқа түсу – ең ауыр күнәлардың бірі және оның үкімі де қатаң. Хадистегі "әурет оны растайды" деген бөлік осы ақиқи зинаны меңзеп тұр.

  • Мәжәзи (астарлы, метафоралық) зина немесе дене мүшелерінің зинасы: Бұл – шын зинаға жетелейтін, оның алғышарттары болып табылатын әрекеттер. Хадисте әрбір дене мүшесінің өз «зинасы» барын айтып отыр. Имам ән-Нәуәуи (р.а.) «Сахих Муслимге» жазған түсіндірмесінде бұл туралы былай дейді:

قال النووي رحمه الله في شرح مسلم: إن ابن آدم قدر عليه نصيبه من الزنا، فمنهم من يكون زناه حقيقياً بإدخال الفرج في الفرج الحرام، ومنهم من يكون زناه مجازاً بالنظر إلى الحرام أو الاستماع إلى الزنا وما يتعلق بتحصيله، أو بالمس باليد بأن يمس أجنبية بيده أو بتقبيلها، أو بالمشي بالرجل إلى الزنا، أو النظر أو اللمس أو الحديث الحرام مع أجنبية ونحو ذلك أو بالفكر بالقلب، فكل هذه أنواع من الزنا المجازي.

«Расында, Адам баласына зинадан өз үлесі жазылған. Олардың кейбіреуінің зинасы – шынайы зина, яғни, жыныстық қатынасқа түсу болса, ал кейбіреуінің зинасы – мағнәуи (мәжәзи, астарлы мағынадағы) зина. Бұған – харамға қарау, немесе зинаға қатысты нәрселерді тыңдау, немесе қолмен ұстау (бөтен әйелді қолымен ұстау немесе сүю арқылы), немесе аяқпен зинаға қарай жүру, немесе бөтен әйелмен харам әңгімелесу және т.б. сол сияқты істер, немесе жүрекпен ойлау жатады. Міне, мұның бәрі мағнауи (мәжәзи) зинаның түрлері» дейді Ол (р.а.).

Ғалымның аталмыш түсіндірмесіне қарағанда, мағнауи (немесе мәжәзи) зина бірнеше түрде көрініс табады екен. Олар:

  • Көздің зинасы – қарау: Бұл – Алла Тағаланың харам еткен нәрселеріне, мысалы, бөтен әйелдердің ашық жерлеріне бөтен оймен қарау, арсыз бейнелерге қарау, анайы фильмдер көру. Қазіргі цифрлық дәуірде әлеуметтік желілердегі арсыз контенттерге көз салу да осыған жатады.
  • Тілдің зинасы – сөйлеу: Бұл – өзінің әйелі болып табылмайтын бөтен әйелмен құмарлықпен сөйлесу, онысынан ләззат алу жатады. Телефон, мессенджер, интернет арқылы арсыз әңгімелер жүргізу де тілдің зинасы болып саналады.
  • Құлақтың зинасы – тыңдау: Зинаға қатысты әңгімелерді, арсыз әндерді немесе харамды насихаттайтын дауыстарды әдейі құмарлықпен тыңдау.
  • Қолдың зинасы – ұстау, қол тигізу: Бөтен әйелді құмарлықпен ұстау, сүю, сипау т.б.
  • Аяқтың зинасы – харамға жүру: Зина ісін жасау мақсатында немесе сол іске жақындататын жерлерге (мысалы, арсыз клубтарға) бару.
  • Жүректің зинасы – ойлау, харамды діттеу: Нәпсі қалайды және құмартады, яғни, адамның ішкі дүниесінде харам істі істеуге деген ниет пен оған қатысты ойлар туындайды. Одан соң ол тікелей іс жүзінде әрекетке көшпесе де жүрекпен ниет етіп, ойлағаны үшін күнә болып саналады.

Нәпсінің жетегінде кетпеудің маңызы

Хадистегі "Нәпсі қалайды және құмартады, ал әурет оны растайды немесе жоққа шығарады" деген сөздер бұл процестің кульминациясын (шарықтау шегін) көрсетеді. Мәжәзи зиналар адамның нәпсісін оятып, жүректе харамға деген құмарлықты тудырады. Зинаның бұл түрінен адамның ішкі жан дүниесінде харам істі істеуге деген ниет пен оған қатысты ойлар туындайды. Ақырында, осы ойлар мен қалаулардың іске асу-аспауы – сол адамның өз еркінде. Егер адам нәпсісінің жетегінде кетпей, харам іске бармаса, онда ол өзін үлкен күнәдан сақтап қалғаны.

Қорытынды

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жоғарыдағы хадисі мен Ислам ғұламаларының түсіндірмелері бізге кіші күнәларға жеңіл қарауға болмайтындығын баса көрсетеді. Көздің бір қарауы, тілдің бір ауыз сөзі немесе басқа дене мүшелері арқылы жасалған ұсақ көрінген қателіктер, егер оларға дер кезінде тосқауыл қойылмаса, ақыр соңында үлкен зинаға алып келуі бек мүмкін. Сондықтан, мұсылман адам өзінің әрбір ойын, сөзін және әрекетін мұқият бақылап, нәпсісін тізгіндеуге тырысуы қажет. Бұл – Алла Тағаланың алдындағы жауапкершілігімізді сезінудің және мәңгілік бақытқа жету жолындағы маңызды қадамымыз болмақ.

Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!


1«Сахих Бұхар», «Сахих Мүслім».

islam.kz

 

0 пікір