Жоғары пайда үшін бағаны қымбаттату – мұсылмандыққа жат әрекет
Қоғамдық әділет пен әлеуметтік теңдік туралы айтқанда, ең алдымен қарапайым халықтың күнделікті тұрмысын ұмытпауымыз керек. Соның ішінде тауар мен азық-түлік бағасының тұрақтылығы – ел ішіндегі тыныштық пен берекенің бір тірегі. Өкінішке қарай, бұл мәселеде ар-ұяттан аттап кетіп жатқан кейбір саудагерлер мен кәсіп иелері көбейіп барады.
Шариғатта адам баласының қажеттілігін пайдаланып, тауар құнын негізсіз арттыру – күнә. Егер мемлекет белгілі бір өнімге шекті баға белгілесе, оны бұзып, әлгі тауарды қымбат сату – тек заң бұзушылық қана емес, қоғамға зұлымдық жасау.
Үкімет қымбатшылық пен бағаның өсуіне қарсы тұру мақсатында қызметкерлердің жалақысын белгілі бір пайызға көтерген болады. Алайда, кейбір саудагерлер мұны пайдаланып, жалақының өсуіне сәйкес бағаны ешбір негізсіз көтереді. Бағаны көтерудің бұл жердегі жалғыз себебі – ашкөздік және тез баюға деген құмарлық. Бұндай әдісті Алла елшісі (с.а.у.) өзінің хадисінде қатаң сынға алып, күнә екенін білдірген. Себебі ол адамдардың өмірін қиындатады. Өйткені, көптеген адамдардың табысы аз.
Хадис:
Сахаба Мағқал ибн Ясар өлім халінде жатқанда Пайғамбарымыздың (с.а.у) мынадай хадисін жеткізген. Ол (Мағқал) айналасындағыларға: «Мені отырғызыңдар, мен сендерге Алла Елшісінен естіген хадис айтайын", – дейді. Олар оны отырғызғанда былай деп хадис жеткізеді: «Пайғамбар (с.а.у.) былай деген: «Кім мұсылмандардың бағасына араласып, оны оларға қымбаттатса, Алла оны қиямет күні оттан жасалған сүйекке отырғызуды Өзіне міндет етеді", – дегенін естідім, – дейді. Одан: "Мұны Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естідіңіз бе?" – деп сұрағанда, ол: "Бір рет емес, бірнеше рет", – деп жауап берген (Ахмад, Табарани және Хаким риуаят еткен, барлығы Зайд ибн Муррадан, ол Хасаннан, ол Мағқалдан). Яғни, бұл істің қауіптілігі соншалық, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұны бірнеше рет қайталаған.
Бұл хадис – жай сөз емес, шариғи ескерту. Баға арқылы халыққа ауырлық түсіру – бұл дүние мен ақыретте ауыр жазаға себеп болады.
Айлық өсті – баға да өсуі керек пе?
Қазір жиі кездесетін бір көрініс: мемлекет жалақыны көбейтсе, соған сай базардағы баға да күрт көтеріледі. Саудагерлер мұны заңды құбылыс деп ақтағысы келеді. Алайда шын мәнінде, жалақының көбеюі – халықтың өмірін жеңілдету үшін жасалған қадам. Ал оны желеу етіп, өзіңнің пайдаңды арттыру – бұл қанағатсыздық пен тойымсыздық.
Бір ғана мақсат – тез баю, көбірек табыс табу... Алайда бұл табыстың қайдан, қандай жолмен келгеніне мән бермесе, ол табыс берекесіз, әрі құнсыз болмақ.
Пайданы шектеу керек пе?
Исламда белгілі бір тауар үшін нақты қанша пайыз пайда көру керек деген үкім жоқ. Бірақ әрбір мұсылманның жүрегінде әділдік пен ар-ождан өлшемі болуы қажет. Егер сіз адамдардың қажеттілігін ескермей өнімдерге 100% пайда қоссаңыз – бұл сіздің кәсіпкерлік шеберлігіңіз емес, қоғамды қанап отырғаныңыз. Неліктен жүзге жүз пайда табу керек?! Неліктен 15-20% пайдамен шектелуге болмайды? Бұл кедей тұтынушының есебінен емес пе? Неге аз пайдаға риза болып, адал табысқа қанағат етпейміз? Бұл не деген ашкөздік, не деген құмарлық?!...
Сауда – адалдықпен жасалғанда ғана құлшылыққа айналады
Қорыта айтқанда, сауда – Алла Тағала рұқсат еткен адал кәсіп. Бірақ ол сауданың рухы – әділет, адалдық, мейірімге негізделмегі ләзім. Егер осы үш қасиет болмаса, сауда – пайдаға емес, күнәға апарары даусыз.
Қазіргі нарық заманы – әркімнің ар-ұяты сыналатын кезең. Бағаны қолдан көтеру арқылы қоғамның әлсіз тобына ауыртпалық түсіру – мұсылмандыққа, адамгершілікке, әділетке жат.
Сондықтан да кәсіпкерлер мен саудагерлерге айтарымыз: «Халықтың жағдайын ойлаңыз. Тек байлық емес, береке де маңызды. Адал пайда – сізді күнәдан, ал қоғамды күйзелістен қорғайды.