«Жала жабу ауыр күнә!»: жала жабудың күнәсі мен қоғамға тигізер зияны
«Жала жабу ауыр күнә!»: жала жабудың күнәсі мен қоғамға тигізер зияны
1 ай бұрын 1603 islam.kz/ Фото: islam.kz

Қоғам – адамдар арасындағы сенімге негізделген нәзік жүйе. Бұл сенімді ең алдымен әділ сөз, шынайы пікір және тазалық сақтайды. Ал осы сенімнің тамырына балта шабатын ең ауыр дерттердің бірі – жала жабу. Жала – біреудің абыройын төгіп, күнәсіз жанды күнәһар етіп көрсету. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда бұл қасірет әдетке айналып бара жатқандай.

Қасиетті дініміз не дейді?

Ислам діні жала жабуды – үлкен күнәлардың бірі деп санайды. Құран Кәрімде бұл жөнінде:

«Кімде-кім бір мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы — ішінде мүлде қалатын тозақ…»
(Ниса сүресі, 93-аят)

Ал жала жабу да адамның абыройын өлтірумен тең. Әсіресе, намысты әйелдерге жала жауып, оларды арсыз істерге қатысты етіп көрсету – Құранда ашық түрде лағынеттеледі:

«Күмәнсіз, ар-ұятты, еш нәрседен хабары жоқ момын әйелдерге жала жапқандар — дүние мен ақыретте қарғысқа ұшырайды…»
(Нұр сүресі, 23-аят)

Жала – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның иманынан жейтін індет. Бір ауыз жалған сөз – бір отбасының шаңырағын ортасына түсіруі мүмкін. Бір жалған айып – бір азаматтың өмірін астан-кестен етеді.

Жала – зұлымдықтың ауыр түрі

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.):

«Кімде-кім бір мұсылман бауырына әділетсіздік көрсетсе, одан бүгін кешірім сұрасын. Әйтпесе қиямет күні оның жақсы амалдары алынар» – деген (Бұхари).

Жала – көрінбейтін қылыш. Ол денені емес, жанды жаралайды. Жала жабушы адам – тек шындықты бұрмалап қоймай, Алланың алдында үлкен жауапкершілік арқалайды. Өйткені әр сөз – аманат.

Жала жабудың қоғамға зияны 

  • Адамдар арасында сенімсіздік туғызады. Кімге сенеріңді білмейтін қоғамда бейбіт өмір болмайды. 
  • Жақсы адамдар жапа шегеді, ал жалақорлар көбейеді. Шыншыл жан қорланады, өтірікші еркін сөйлейді. 
  • Қоғамда әділдік пен тәртіп жоғалады. Егер жалаға әділ жауап болмаса, ол қайта-қайта қайталана береді. 
  • Бірлік бұзылады, алауыздық туындайды. Ұлттың іргесін сөгу үшін қару емес – жала да жетеді.

Не істеу керек?

  • Сөздің салмағын білу. Бір нәрсе айтпас бұрын ойлану және сөйлегенде әділ болу.
  • Ешкімді дәлелсіз айыптамау. Куәлік – жауапкершілік.
  • Біреу туралы жағымсыз әңгіме естісеңіз – тарату емес, тоқтату керек.
  • Жала жапқан жаннан кешірім сұрап, осы дүниеде-ақ істі түзеуге тырысқан абзал.

Әділеттің алдында – әйел де, ер де тең

Бүгінгі қоғамда жала жабу тек біржақты емес. Өкінішке қарай, кейбір жағдайларда кей нәзік жанды бой жеткендердің ер азаматтарға жалған айып тағып, оны ақша бопсалау, жеке кек алу немесе т.б. мақсат үшін пайдаланып жатқанын да көріп, естіп жүрміз. 

Мұндай әрекеттердің салдарынан:

  • Көптеген жазықсыз ер азаматтар абыройсызданып, жұмыстан айрылып, қоғамнан оқшауланады.

  • Отбасы бұзылып, балалар ата-анасынан ажырап, рухани зардап шегеді.

  • Шын мәнінде зәбір көрген әйелдердің дауысы көлеңкеде қалып, нағыз жәбірленушілерге сенім азаяды.

Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.):

«Кімде-кім өзі көрмеген нәрсеге куәлік берсе, тозақтағы орны дайын» – деген. (Ахмад, Абу Дәуіт)

Яғни, біреуге жала жауып, өтірікпен ақиқаттың орнын басуға тырысу – Алланың алдында ауыр күнә. Бұл әйел болсын, ер болсын – бәріне ортақ ереже.

Қорытынды

Жала – иманға қара дақ, қоғамға жазылмас жара. Қолда қару болмаса да, тілдің ұшындағы у талай жанды күйдіріп жатыр. Олай болса, әр сөзімізге жауапты болайық. Кез келген адам – Алланың құлы, оның абыройы – қасиетті. Біз ол қасиетке қол сұқсақ, Алланың қаһарына ілікпей қалуымыз неғайбыл. Ислам әділеттілікті бәрінен жоғары қояды. Жәбір көрген жан қорғалуы тиіс, бірақ сонымен бірге жалған жала да анықталып, әділет орнауы керек. 

Сөзіміз садақ болмасын, ем болсын. Жүрегіміз кекке емес, хаққа толсын.

0 пікір